Әлеумет

Шетелдегі қандасың назардан қағыс қалмасын!



Жақында елордада отандастар форумы өтті. Шетелдегі қандастармен қарым-қатынасты нығайту және олардың ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік беру мақсатында «Отандастар қоры» КЕ АҚ ұйымдастырып өткізген бұл форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалар келді.

«Отандастар форумы – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашан да елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылау­дың маңызы зор» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл басқосудың еліміз үшін де, шетелдегі қандастар үшін де мән-маңызы айрықша.

Қазір әлемнің 40-тан астам елінде бейресми дерек бойынша 7 миллионға (кей деректерде 10 миллион) жуық қазақ тұрады. Бұл аз сан емес, көршіміз – Қырғыз елінің халық санымен қарайлас көрсеткіш. Егер Франция елінің 4 есесіндей кең байтақ Қазақстанға шетелдегі сол ағайын түгел көшіп келсе, онда біздің елдің жан саны қазіргі таңда 30 миллионға жуықтап қалар еді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 1,5 миллионға жуық қандасымыз Отанға оралғанмен, соңғы кездері Қазақ елінен шетелге қоныс аударғандардың саны да жыл сайын көбейіп келеді. Тек АҚШ-та тұрып жатқан қазақтар санының өзі 100 мыңнан асқан. Демек, шетелдегі қазақ диаспораларымен болған қарым-қатынас­ты нығайту және олардың тілінен, дінінен айырылып, тұрған еліндегі ұлттарға сіңіп кетпеуі үшін Қазақстан шетелдегі қандастармен байланысты нығайтып, мықты диаспора саясатын жүргізуі керек еді. Міне, осы мақсатта 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылса, 2017 жылы Дүние­жүзі қазақтарының V құрылтайында «Отандастар қоры» құрылды. Сол кезде әлемдегі қазақтар бір ұйымның екеу болғанына қуанған еді. Алайда соңғы жылдары қауымдастық бар-жоғы белгісіз ұйымға айналды.

Өткен 30 жылда көші-қон саясаты, қандастарға қатыс­ты заң-жарлық қырық құбылды. «Қандастардың көшіп келу мәселесінде жалпыұлттық мүдде­ні басшылыққа алу қажет» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қадап айтқанмен, оның орындалуы созылып тұр. Азаматтық алу ісін жеңілдету мәселесі қайта-­қайта көтерілгенмен, соңғы кездері ол, керісінше, қиындап бара жатқандай. Бұрын 3 күнде шығатын қандас куәлігі бұдан былай 35 күнде шығатын болды. Сондай-ақ Үкімет белгілеген өңірлерге бармасаң, азаматтық алу немесе беру жағу қиындайды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшыларының бұл форумның маңайын баспауы да аталған ұйымның «аты бар, заты жоқ» жұртта қалған ұйым екенін көрсетті. Сосын да шығар шетелден келген ағайындардың арасында «Қауымдастық не істеп жатыр? Олар «Отандастар қоры» құрылғаннан бері жұмысын тоқтатқан ба?» деген күңкіл сөздің көп болатыны. Тіпті Германиядан келген қандасымыз, белгілі қоғам белсендісі Өмірхан Алтын форумда «қауым­дастықтың қызметін қайта жандандыру үшін құрметті төрағалық міндетін Президент ­Тоқаев өз қолына алғаны дұрыс. Шетелдегі қандастардың бір тілегі – осы» деп ашық айтты. «Халық қаласа, хан түйе­сін сояды» дегендей, шетелдегі қандастарымыздың алыстан айтқан бұл сәлемін Мемлекет басшысы ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

Әрине, форумға келген аға­йындар ұлтымызға, шетелдегі қандастарға қатысты біраз мәселені қаузады. Бұл ұлтымыз үшін айтылуға, ескеруге тиісті өзекті мәселе деп санаймыз. Мәселен, Моңғолия Парламентінің бұрынғы депутаты, Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Бәкей Ағыпарұлы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін бұрынғы Өскемен-Өлгей тікелей әуе жолын қайта ашу; Өлгей қаласынан Қазақстан елшілігінің консулдығын ашу; Баян-Өлгей аймағының қазақ тілді мектептері мен кітапханаларын қазақ тіліндегі қажетті кітап, оқулықтармен қамтамасыз ету; Ұланбатыр қаласынан Қазақ мәдениет орталығы мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалын ашу ұсынысын айтып, қазақ елінің ұлттық біртұтастығын сақтауына үлес қосуына мүмкіндік жасау үшін шетелдегі қазақтар да Ұлттық құрылтай мүшелігіне қабылданса деген өтініш білдірді.

Google компаниясында қыз­мет істейтін Арай Сабыржан АҚШ-та қазір 100 мыңнан артық қазақ тұратынын, олардың арасында ғылым, білім, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін білікті мамандар бар екенін айтып, олардың еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуына мүмкіндік жасау қазақ елінің міндеті екенін еске салды әрі сөзінің соңын мынадай ұсынысымен түйіндеді: «Шетелде қазақ жастары кеңесін құру, шетелдегі білікті мамандарды елге тартудың алгоритмін әзірлеу және олардың ақпарат алуына мүмкіндік жасау үшін Қазақстандағы бос жұмыс орындары мен маман тапшылығы туындап отырған салалар жайлы толық ақпарат беретін кемелді сайт жасау, шетелдегі қазақтардың қазақ тілі мен қазақ мәдениетінен көз жазып қалмауы үшін шетелде аталған салалар бойынша білім және ақпарат беретін орталықтар ашып, Қазақстан үшін маңызды кеңестер беретін сараптамалық кеңес орталықтарын құру керек».

– Қазір Өзбекстанда қазақ тілінде сабақ беретін 370-ке жуық мектеп бар. Бірақ олардың көбінде қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Қазақ елі осы жағынан көмек берсе, – деп сөз бастаған Өзбекстан Экология министрінің кеңесшісі, 8 жыл Өзбекстан Парламентінің депутаты болып, «халық сайлаған депутат» атанған Расул Көшер­баев ел билігін шетелдегі қазақ жастарының Қазақстаннан оқу мәселесіне айрықша назар аударуға шақырды.

Әрине, біз жоғарыдағы үш қандасымыздың форумда айт­қан ұсынысын ­жайдан-жай тілге тиек етіп отырған жоқ­пыз. Бұл тек Моңғолия, Өзбекстан, АҚШ еліндегі қазақтардың ғана ұсынысы емес, әлемнің әр елінде тұрып жатқан қандастардың бәрі Қазақстаннан осындай қолдау, демеу күтеді. Сондықтан отандастар форумында айтылған бұл өтініштерді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» назардан қағыс қалдырмайды деп үміттенеміз.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button