Басты ақпаратЕл тынысы

Шетелге демалысқа шықсаңыз…



Жаз жайнатып, күн күлдіріп балалармен бірге алыс сапарға шығу аса қиын шаруа емес. Еліміздегі туристік компаниялар нарықтың бұл сегментін әбден зерттеп, талғамыңыз бен қалтаңызға қарай түрлі маршрут ұсына алады. Қаласаңыз, әлемнің барлық елінде балаңызды демалдыруға болады. Алайда Батыс Еуропада балалар мүддесі мемлекет саясатына айналып, бар жағдайды жасаған екен.

Испания әсем табиғатымен және Еуропадағы ең жақсы жағажайлардың көптігімен ерекшеленеді. Бұл елдегі балалардың демалысы бірнеше бағытта белсенді дамып келеді. Әрбір испандық балалар спорт лагері жалпы дене дамуын және белгілі бір спорт түрін: теннис, ат спорты, гольф, футбол, желкенді спорт, жүзу және т. б. оқуды қамтитын жеке жаттығу бағдарламасын ұсынады. Оны елдің тарихи-мәдени орындарында танымдық саяхатпен ұш­тастырады. Мұндай экскурсияларға бару арқылы бала Испанияның өткені мен бүгіні туралы көптеген қызықты мәлімет алады. Мұнда демалушыларға түрлі шығармашылық шеберхана, әдеби-театр­ландырылған үйірме ұсынылады. Испанияның көптеген еуропалық елдерден айырмашылығы, мұнда көптеген отбасы балаларын жазғы лагерлерге жіберу дәстүрлі болғандықтан, аталмыш инфрақұрылым жақсы дамыған. Балалар лагерлері тек курорттық аймақта ғана емес, тауда да орналасқан. Бұл – балалардың жайлы тұруы мен демалуы үшін арнайы салынған кешендер. Балалар лагерінде біліктілігі жоғары мұғалімдер мен арнайы дайындалған кадрлар жұмыс істейді. Лагерлердің көпшілігі қорғалатын, қоршалған аумақта орналасқан. Негізгі бағытқа қарамастан, әр лагерде баланы жан-жақты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламалар жүргізіледі. Көптеген испан лагерлерінде балабақша үлгісіндегі күндізгі лагерлер де бар. Онда күні бойы орталықта демалып, кешкісін үйіне қайтады.

Болгария – бұрыннан демалысқа қолайлы, табиғаты көркем, инфра­құрылымы дамыған ел. Мұнда балаларға арналған кешенді жұмыстардың басында балалар лагерінің жұмысы тұр. Олардың бағдарламасына аквапаркке, дельфинарийге бару, музыка фестивалін тамашалау және басқа да ойын-сауық іс-шаралары қамтылған. Сонымен қатар, лагерлердің көпшілігі білім беру бағдарламасын ұсынады. Айта кету керек, Болгариядағы балалар демалысы бекітілген стандарт бойынша ең қауіпсіз саналады.

Туризмі дамыған елдердің бірі Грекияда балалардың ата-анасымен бірге демалуына жағдай жасалған. Мұндағы қонақ үйлерде баланың қай жасына болмасын арнайы ойын-сауық бағдарламасы өте тартымды. Бала қараусыз қалмайды. Қонақ үйлердің барлығында дерлік балалар бассейні, ойын алаңдары, клубтар бар.

Түркиядағы балалардың демалысы көбіне білім алумен біріктірілген. Қазіргі балалар демалыс лагерлерінің дені спорт немесе шет тілін үйрену сияқты белгілі бір бағытқа мамандандырылған. Мысалы, Түркиядағы ең қарапайым балалар лагерінде де ағылшын тілі оқытылады.

Финляндиядағы балалар туризмі де алуан түрлі. Ол балалардың жақсы демалуына, денсаулығын жақсартуға, жаңа білім мен көптеген жағымды эмоция алуға мүмкіндік береді. Осылайша, баланың жан-жақты дамуына ықпал ете отырып, ­ата-ана нәрестенің бойында жасырын жатқан қасиет пен қабілетті көре алады. Саяхат кезіндегі баланың танымдық әрекеті шығармашыл тұлғаны дамытуда ынталандыру қызметін атқарады. Бұл да біздің ескере жүретін тақырыптық бағыт.

Норвегияда жеке-дара балалар туризмі жоқ, ол отбасы демалысы аясында қарастырылған. Бұл елде бүкіл отбасымен саяхаттау кезінде кез келген ата-ана­ның да, балалардың да мүддесін қамтиды. Егер анасы баласымен бірге саяхаттаса, билетті балалар вагонына алады, онда тынымсыз сәбилер үшін ойын бөлмесі жабдықталған. Демалыс осылайша сапардың басынан басталады.

Балалар туризмі Италия­дағы мемлекет саясатына айналған. Шын мәнінде, Италия – отбасы және балалар демалысын ұйымдастыруда көшбасшы ел. Балалар демалысын ұйым­дастыруда «ересектерге арналған бағдарлама» ұсынылады.

Сонымен, балалар туризмі нарығының тартымды болуы балалардың денсаулығын жақсартуды, олардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және қоғаммен байланысты нығайтуға көмектеседі деп қорытынды жасауға болады. Балалар лагері жасөспірімнің өз бетінше шешім қабылдауға, табиғатты сүюге және қорғауға, басқалармен оңай тіл табысып, бірлікте тәрбиелеудің негізін қалайды.

Балалар туризмі бо­йынша отандық және шетелдік бағдарламаларды салыстырмалы талдау негізінде шетелдік балалар демалысының негізгі артықшылығына мыналарды жатқызуға болады.

Біріншіден, «жеті тілді білдің бе, жеті белден астың ба?!» деген ұстаным бойынша баланың өресі артады. Өйткені шет тілін үйрену өз болашағы үшін маңызды.

Екіншіден, басқа мәдениетпен танысудан және әртүрлі елдің балаларымен қарым-қатынас жасаудан алған жаңа әсері бір бөлек.

Әрине, шетелдегі демалыс – жоғары табыс­ты отбасылардың ғана балаларына бұйыратын нәрсе. Алайда өз еліміздегі туризм инфрақұрылымын дамыту алдында тұрған ел үшін шетелдік тәжірибенің озығын қолданып, оқушы демалысын барынша жақсартудың жолына ертерек түссек, ұтылмасымыз анық


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button