Қоғам

ШЕТКІ АЙМАҚ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАСЫН



Ұлттық академиялық кітапханада «Астана қаласы шет аймағы тұрғындарының бос уақыттарын тиімді ұйым­дастыру» тақырыбында
«дөңгелек үстел» мәжілісі өткізіліп, оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов, қаланың Мәдениет, Спорт, Білім басқармаларының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, тағы да басқа адамдар қатысты.

Кейінгі кезде қоғамда жастар мәселесіне дендеп көңіл бөліне бастады. Өйткені елдің ертеңгі болашағы саналатын он сегіз пен отыздың арасындағы жігіттер мен қыздардың өмірге деген көзқарастары, бүгінгі тыныс-тіршіліктері ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды.
Осыған орай, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы қалалық мәслихатпен және «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әлеу­меттік проблемалар картасы» жобасын әзірлеген еді. Мұндағы негізгі мақсат – қаланың шеткері аймағы мен тұрғын алаптары тұрғындарының тұрмыс-
тіршілігін, түйткілді мәселелерін жан-жақты зерттеп, зерделеп, оларға барынша көмек қолдарын созу.
Осы бағытта «Үркер», «Көктал-1», «Көктал-2», «Өндіріс», «Қырқыншы», «Қоянды», тағы басқа да тоғыз шет аймақ тұр­ғындарына сауалнама жүргізіліп, кездесулер өткізілді.
«Шет аймақ» бағдарламасы аясында аталған тұрғын алаптарға жол салу, сумен жабдықтау, басқа да мәдени-тұрмыстық мәселелерді шешуде қыруар жұмыстар атқарылды. Дегенмен кейбір шешілмеген қиындықтар әлі де бар. Міне, осы жайларды назарға алып, жастардың бос уақыттарының тиімді мүмкіндіктерін іздестіріп отырған қаланың қоғамдық
ұйымдары мен белсенді аза­маттарының бастамалары қолдау­ға тұрарылық» деді өз сөзінде Мәжіліс депутаты
Сапар Қайратұлы.
Сондай-ақ, ол жастардың бос уақыттарын тиімді ұйым­дастыру мәселесінің үлкен тәрбиелік те, өнегелік те мәні зор екенін айта келіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғының тұжырымдамасын әзірлеуге атсалысқанын, онда үйді пайдалануға берген кезде кондоминиум тіркеуі керектігі, осыған байланысты пәтерді сатып алған иесі бірден кондоминиум мүшесі болуы тиістігі жөнінде ұсыныс айтты.
Бүгінгі таңда қалада шамамен 250-300 мыңға тарта жас бар. Олар­дың басым бөлігі – студенттер. 14 жоғары оқу орны мен 35 колледжде білім алып жатқан осы жігіттер мен қыздардың
13 мыңына жатақхана жетіс­пейді. Нақты бір бас қосып, бос уақытты тиімді өткізетін жастар орталығы жоқ. Кейінгі кезде аула клубтары жұмыс істей бастады, алайда олардың
саны мардымсыз. Бүкіл қалада тек 12 аула клубы ғана бар. Алдағы жылы оның санын екі есе көбейтіп, 25-ке жеткізу көзделіп отыр. Міне, осындай түйткілдерді тілге тиек еткен Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов шет аймақта жастардың бос уақытын ұйымдастыруға көп болып күш салу керек екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, талқыланып отыр­ған мәселеге орай Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдуллин, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшы­сының орынбасары Нарима Мұхамбеталина, Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, «Астана қаласы әйелдері лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Клара Ержанова, тағы басқа да қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныс­тарын ортаға салды.
Жаңа заман жастарының жаңа талаптарын елемеу – уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Бұдан шығар қорытынды – жастар арасындағы мәселелерді жіті зерттеп, олардың мұң-мұқтажына дер кезінде назар аударып отырған жөн. «Дөңгелек үстел» мәжілісінде осы бағытта айтылған пікір-
ұсыныстар негізінде қарар жобасы қабылданды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button