Руханият

Шылбыр қайда?



Жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ ықылым заманнан бері, тіпті үзеңгіден бұрын тізгін, шылбырды ойлап тапқаны анық. Өйткені әуелі атты байлап, одан соң жетелеп, үйретіп, бас білдіретіні қисынға келеді. Сол үшін ноқтаға шылбыр, жүгенге тізгін таққан болуға тиіс. Біз білетін бергі дәуірде де тізгін, шылбырсыз ат мінген қазақ баласын көрмей өстік.

«Екі тізгін, бір шылбырды бекем ұста» дейтін бабаларымыз. Тізгін атты тежеу, қалаған бағытыңа бұру үшін керек болса, шылбыр аттан түскен кезіңде жетектеу, алыс жолда кетіп бара жатсаң, атыңды аз уақыт болса да шалдыру үшін немесе белдеуге, кермеге байлау үшін керек. Өйткені қазақтың салт атқа тағатын тізгіні арбалы аттың делбесі (божысы) сияқты ұзын болмайды. Атты жетектеуге, атағашқа байлауға келмейді (әрі қысқа, әрі тұйық).

Бала күнімізде әжелеріміз, аналарымыз жүннен, қылдан екі-үш құлаш шылбыр есіп бергенде, қуанышымыз қойнымызға сыймай, меншігімізге тиген тай-құнандарымыздың жүген сулығына таққанша асығатынбыз. Ал шылбырдың келістісі – қайыс шылбыр, сән-салтанаттысы – өрмелі қайыс шылбыр. Жоқшылық заманда балаларға тиетіні қыл аралас жүннен есілген жүн шылбыр болды. Жіптіктей әрі берік қыл шылбырдың өзі біздің қолымызға түспейтін.

Заман, дәстүр, салт өзгерген бе, бұл күндері шылбыр көзден бұл-бұл ұшқан. Тарихи, тіпті деректі фильмдерден, телеарналар съемкілерінен көрмейсіз. Атты сүйрегендей болып тізгінінен жетектеген, кермеге байлай алмай, бірақ тырмысып жатқан суреттерді көргенде күлкің келеді. Қайран салтымыз қайда кеткен деп қор боласың. Ақыры осы шылбыр деген әбзел күллі қазақ тұрмысында болған ба өзі деп күдіктеніп, қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілдім. Әрине, бар. Ұлы Абайдан бастап мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыз Ғ.Мүсірепов, М.Мағауин, І.Есенберлин, С.Бегалин, Д.Досжанов, М.Сүндетов, тіпті Ш.Құмарова апамыздың шығармаларынан дәйек сөйлемдер келтірген. Бірақ «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін» (15 том) құрастырған тіл ғылымының докторлары мен академиктерінің қазақы салт-санаға келгенде «дүмбілездеу» екеніне көз жеткізіп, шылбырды солар білмегенде қарапайым қала қазағы қайдан білсін деген ойға қалдық. Өйткені сөздікте «шылбыр қашаған» деген тұрақты сөз тіркесін «пысық» деп түсіндірген. Әрине, бұл – ауыспалы мағынасы. Соның өзінде дүмбілез. Пысықтың бәрі қу емес қой. Шылбыр қашағандар – жай пысық емес, сөзінен ұстатпайтын қу, жалтарғыштар ғой. Ал шылбыр қашағанның тура мағынасы – шылбыры сүйретулі бос тұрғанда иесіне ұстатпай қаша беретін әккі ат (иесі шылбырға таяй бергенде қаша жөнеліп, сәл алыстап барып тұра қалады. Қайта таяғанда қайта солай істейді). Жазушы Н.Қазыбеков «Мұндай жылқының тексіздігі тағы бар. Анадай жерге барып жайылып тұрады. Жете берсең, әрі қашады. Ал текті жылқыда мұндай шылбыр қашаған болмайды» дейді.

Шылбыр жайлы қателік тек бұл тіркес қана емес. «Шылбыр ұстату» деген тұрақты тіркесті «ат жарысында таңдаулылар алдында келу» деп түсіндірген. Түсініксіз. Өйткені шылбыр ұстату – алдында келу емес, бәйге берілетін жүйріктердің қатарында келу. «Әйтеуір ағарып алдына шықпаса да шылбыр ұстатты» дейді қазақ. Сол сияқты «шылбырына оралу» тіркесіне «күтті, қыз­мет көрсетті» деген түсінік берген. Нақты мағынасы: бір жаққа баруына қарсы болу, бөгет болу үшін жалынып-жалпаю. «Қаншайым өзге әйелдердей күйеуінің шылбырына оралып, «мені кімге тастап бара жатырсың» деп дауыс сап боздаған жоқ» (Ш.Құмарова, «Қос шынар»). Ол ол ма, «мына сөздікке ­кірмеген бірде-бір сөз қалмаған шығар» дейтіндей шамамен 101 мың сөз қамтылған «Қазақ сөздігі» (Алматы, 2013 ж.) мен жоғарыдағы 15 томдықта шылбыр­лау (1. шылбыр тағу; 2. етті жіңішкелеп тіліп кептіру) деген сөздер жоқ. Біздің ұлттық салт-сананы, «мемлекеттік тіл» деген мәртебесі бар ана тілімізді дәріптеудің «екі тізгін, бір шылбырынан» айырылып қалғанымыздың бір белгісі осы шығар…

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

журналист




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button