Басты ақпаратЕлорда тынысы

Атқарылар ауқымды жұмыс көп

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асып келеді. Оның дәлелі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездесіп, былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биыл іске асатын жобаларды талқылады. 4 сағаттан аса уақытқа созылған есептік кездесуде 100-ге жуық сұрақ қойылды. Шаһар басшысы тұрғындардың сұрағын тыңдап, жан-жақты жауап беріп, әрбір сауал жан-жақты талданып, оң шешім болатынын айтты.

Астана қаласында ең алғаш құрылған әкімшілік аудан – Сарыарқа ауданы. Онда 355 мыңнан аса халық тұрады. Сапалы өмір салтын талап ететін белсенді тұрғындары басым. Бұған қала әкімі Жеңіс Қасымбектің есептік кездесуінде көзіміз жетті.

Қала кеңістігімен көрікті

Сарыарқа ауданының әкімі Ералы Бауыржанның сөзінше, аудан аумағы «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алабын қамтиды. 2018 жылы 16 наурызға дейін аудан аумағы 196,62 шаршы метрді құраса, одан кейінгі уақытта Байқоңыр ауданы еншісін алып, 67,76 шаршы метрге қысқарды.

Аудан аумағындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 60 пайыз­дан астамы 1933-1999 жылы салынды. Яғни инфрақұрылым мен ескі тұрғын үйлерді жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмысы кезек күттірмейді.

Сарыарқа ауданы аумағында 587 аула бар. Оның 142-сі жөндеуді керек етеді. Соңғы 3 жылда 125 аула 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. 2023 жылы 40 аулада күрделі жөндеу жүргізілді. Оның 24-і халық қатысатын бюджет бойынша жүзеге асырылды. 175 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы атқарылды.

2024 жылы 220-дан астам ауланы абаттандыру жоспарланды. Оның ішінде 30 аула халық қатысатын бюджет бойынша жүзеге асады. 190-нан астам аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.

Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар тұрмысының жайлылығын қамтамасыз етіп, сәулеттік келбеті жақсара түседі.

Былтыр Кіші Бейбітшілік, Желтоқсан, Бұхарбай батыр және Ағыбай батыр көшесінде абаттандыру жұмысы жүргізілді. Жаяу жүргінші жолы кеңейтіліп, брусчатка төселді. Автокөлік қоятын орындар салынды. 100 жасыл желек және жаңа көгал отырғызылды. Көшелерді жарықтандыру бағаналары мен шағын архитектуралық пішіндер – орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды. Дәл осындай жұмыстар Бөгенбай батыр даңғылының бойында Республика даңғылынан ­Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықта да жүргізілді. «Шапағат» базарының маңында заңсыз көше саудасы ретке келтіріліп, саудагерлер заңды орындармен қамтамасыз етілді.

Абаттандыру – маңызды жұмыс

Биыл вокзал аумағында ауқымды жұмыс атқарылады. Мәселен, Мәскеу көшесінен Гете көшесіне дейінгі Республика даңғылы, Біржан сал және Гете көшелерінің жаяу жүргіншілер жолы қайта төселеді. Нәтижесінде 4 қоғамдық кеңістік қайта жаңғыртылады. Атап айтқанда, «Жастар» театры, «Ақ Жайық» қонақүйінің маңындағы сквер, «Чемодандар» сквері және вокзал маңындағы «Паравоз» сквері жаңара түседі.

Өткен жылы 4 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, оның 2-і «Көктал-1» және «Агрогородок» тұрғын алаптарында орналасты. Былтыр Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайы бойынша 20 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылып, орнына аудан тұрғындары үшін қоғамдық кеңістік ашылды. Мұнда 800-ге жуық ағаш отырғызылып, жергілікті суару жүйесі орнатылып, 700 шаршы алаңға брусчатка төселіп, жарықтандыру бағаналары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

Бөгенбай батыр даңғылы, 43/1 мекенжайында орналасқан төтенше жағдайдағы жатақхана бұзылып, орнына жергілікті тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

Ал инвесторлар есебінен «Шарын» тұрғын үй кешені ауданындағы Есіл өзенінің жағалауында аллеясы, спорт және ойын алаңдары бар қоғамдық кеңістік жайлы демалыс орнына айналды.

Сарыарқа ауданы – жасыл желекке оранған аумақтың бірі. Дегенмен атқарылған жұмысты жалғастырып, көгалдандыруға көңіл бөлінеді. Аудан аумағында 81 алаң, қоғамдық орын және Көктал саябағы бар. Онда 60 мыңнан астам ағаш (ағаш – 55187, бұта – 11995, көгал – 707 506 шаршы метр) көктеп тұр. 2023 жылы абаттандыру бағытында 16 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды (ағаш – 2900, бұта – 2133, көгалдар – 14 199 м2, көпжылдық өсімдіктер – 9 616 дана).

Биыл 3 мыңнан астам ағаш, 1 мың шаршы метр көпжылдық өсімдік отырғызылады. Қолданыстағы 5 саябақ – Жастар-2, Илюзий, Чемоданов, Пушкин, Үлімжіұлы алаңында суару жүйесін жетілдіру жоспарланды.

Жарық қала – қауіпсіз

Сарыарқа ауданында атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар – көшені және декоративті жарықтандырумен қамтамасыз ету. Ауданда барлығы 330 көше мен аллея болса, оның ішінде 300 көше жарықтандырылды. 297 көшеге жарықдиодты жарықтандыру орнатылды. Былтыр жарықтандыруы болмаған 17 көшеде жұмыс жүргізілсе, биыл көшелердің 13 учаскесін жарықтандырып, аспалы кабель желісін бұзып, ескі тозығы жеткен көше жарықтандыру бағандары ауыстырылады. Өткен жылы 191 нысанда сәндік жарықтандыру орнатылды.

Қаладағы өзекті мәселенің бірі – санитарлық тазалау. Бұл жұмысқа 22 мердігер компания жұмылдырылды. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруда 580 бірлік технология мен 660 адам тартылды.

Қыс басталғалы 1,1 миллион текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылмен салыстыр­ғанда 80 мың текше метрге артық. Ауқымды жұмыстарды сапалы атқаруда техника саны арттырылып, 13 пайызға жетті.

Өткен жылы рұқсат етілмеген 27 полигон жойылып, 20 мың тонна құрылыс қалдығы шығарылды. 605 хаттама толтырылып, 5,5 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл ретте 204 жаңа контейнер алаңы орнатылып, 93 мекенжайда жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл 30 жаңадан орнату және 80 контейнер алаңын жөндеу жоспарланды.

Ақпан айының басынан қарғын судың алдын алу бойынша іс-шара басталып, 10 бригада мен 70 бірлік техника жұмылдырылды. 70-ке жуық айнымалы ток машинасы, 4 МТЗ сорғысы, 10 су соратын техника, 3000 шаршы метр инертті материал (ағаш) дайындалды.

Жолдардың жайы қалай?

Расында, елдің саяси орталығындағы көшелер сымдай түп-түзу, теп-тегіс болуы керек. Қала қонақтары елордаға қарап, тұтас елге бағасын береді. Өйткені өркениетті елдің бір өлшемі – сапалы жолдан көрінеді.

Жол инфрақұрылымы туралы айтқанда, асфальттанған жол ғана емес, көпфункционалды бағдаршамдар, жол бойындағы жылы да жайлы аялдама кіретіні анық. Сарыарқа ауданында ұзындығы 314 шақырымды құрайтын 315 көше бар. Оның 268 көшесіне асфальт төселінсе, 47-сі – қара жол.

Былтыр Сарыарқа ауданының 12 орталық көшесіне, Агрогородокта – 4 көше, Көктал-1 – 5 көшеге асфальт төселді. Биыл орталықтағы 6 көшеге және Агрогородокта – 9, Көктал-1 – 5 көше орташа жөндеуден өтеді.

Ауданда 371 аялдама кешені бар. Оның 64-і – жабық типті. 2023 жылы қосымша 6 жылы аялдама орнатылса, биыл 15 жылы аялдама орнатылады.

Бүгінде Сарыарқа ауданында 53 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. 2023 жылы елді мекенде 3 бағыт іске қосылды (№49, №42, №328). Автобустарды көбейту мәселесі қаралуда (№54, №32, №7, №120, №50).

Инфрақұрылым одан әрі жетілдіріледі

Елорда бойынша бірінші газдандырудың игілігін Сарыарқа ауданының тұрғындары көрді. Бүгінде 4970 абонентке көгілдір отын қосылды. Тұрғын алаптарда орналасқан барлық 17 әлеуметтік нысанды газдандыру жұмыстары аяқталды.

204 үй орналасқан 1000-нан астам адам тұратын «Нұр-бесік» шағын ауданын дамыту – маңызды мәселе. 2007 жылы тұрғындар қоныстана бастаған аумақты абаттандыру және жер учаскелерін заңдастыру мәселесі 15 жылдан бері күн тәртібінен түспей келген-ді. Былтыр оң шешімін тауып, тұрғындар жер учаскесін жеке меншігіне рәсімдеуде. Ең қуантатыны, бұл аумақта инженерлік желі – жол құрылысы, сыртқы жарықтандыру, жылы аялдамалар, бейнебақылау камералары және интернет желісі орнатылды.

Дәл осындай өзекті мәселе 200-ге жуық тұрғын үйі бар «Жасыл ел» тұрғындарына да қатысты болған-ды. Бүгінде мұнда су және кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып, үйлерді су коммуникациясына қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Көктал-2» тұрғын алабында өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталып, жақын арада қолданысқа берілді. Қарасай батыр – Бұланты көшелерінің қиылысында 1200 орындық мектеп құрылысы аяқталып, есігін ашты. Аудан аумағында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Көктал-1, 2 тұрғын алаптарында 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.

P.S: Есептік кездесудің екінші бөлігі сұрақ жауап­қа ұласып, тұрғындар толғандырып жүрген ойларын ортаға салды. Әсіресе, заңсыз тұрғын үй құрылысына шектеу қоюға екпін бере сөйлегендер көп болды. Сондай-ақ қаңғыбас иттерді құрықтап, кәріз жүйесі мен суағарды жүйелеп, саябақ пен скверлерді құрып, спорт кешендері мен медициналық нысандарды көбейтуді ұсынды. Жиынды қорытындылаған қала басшысы Жеңіс Қасымбек істеліп жатқан жұмыс көп, алайда істейтін жұмыс одан да ауқымды екенін айтып, әріптестерін іске сергек қарауға шақырды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button