Басты ақпарат

Шыршатой шаттыққа бөледі



Қазақ батырлары, Гарри Поттер, Эльф пен Аққала, Ниндзя тасбақа, Өрмекші адам мен Супермэн… Тізімі осылай жалғаса беретін ертегі мен кино кейіпкерлері Оқушылар сарайында өткен жаңажылдық мерекеде бас қосты.Екі күнге созылған шыршатойға жалпы саны 500-ден аса елордалық оқушы қатыс­ты. Олардың біразы – көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ оқу үздіктері.
Ертеңгілік барысында сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов шәкірттерді және олардың ата-аналары мен ұстаздарын Жаңа жыл мейрамымен құттықтай келе:
– Биыл елордалық оқушылар тамаша табыстарға жетті. Атап айтсақ, балаларымыз республикалық олимпиадада 103 медальға ие болды. Оның 21-і – алтын, қалғаны – күміс пен қола. Ал халықаралық олимпиадада 53 медальді қоржынға тоғытты. Оның 9-ы – алтын. Келесі жылы бұдан да үлкен жетістіктерді бағындыра беріңдер. Бұл үшін біздер, үлкендер, сендерге барлық қолайлы жағдайды жасаймыз, – деді.Жалпы қала бойынша қараша айының соңынан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 15 мыңнан аса астаналық бала үшін әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылған.
Оның ішінде жеткіншектерді театр мен кинотеатрға, дельфиндер шоуына, сырғанаққа апару секілді бірқатар ойын-сауық түрі қарастырылған. Сондай-ақ ерекше қажеттілікті талап ететін балалар мен жасөспірімдер үшін арбалар мен 10 инватакси сыйға тартылған.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button