Басты ақпаратМәселе

Сиқырлы сусын шырмауы



Жерар Депардье басты рөлді сомдайтын «Астерикс және Обеликс Цезарьге қарсы» атты фильмді көрген боларсыздар. Клод Зидидің режиссерлігімен түсірілген кинода галл халқы ерекше сусын дайындайды. Соны ішкен Астерикс ерекше күш-қуатқа ие болып, жан-жағын жайпамай ма?! Сол «сиқырлы сусын» біздің заманға да жетті. Иә, қате естіген жоқсыздар, адамның энергиясын тасытып, өз-өзін сергек сезіндіретін сусындар қаптап кетті. Атауы керек пе, Flash, NOS, Monster, Adrenaline Rush, Burn, Red Bull, Gorilla, Diesel деп тізіп кете беруге болады.

БАЙҚАМАСАҢ, ҚАЛЫҢ ҰЙҚЫҒА КЕТЕСІҢ!

Сөз басында өз басымнан өткен оқиғаны баяндап берейін. 2020 жылы сәуір айында іссапармен жолға шықтым. Ұзақ жол адамды шаршатып, ұйқыға ұйытады екен. Жолсерігім «сергіп алыңыз!» деп қолыма сусын ұстатты.

– Бұл не?

– Сиқырлы сусын. Сергітіп, көңіл-күйіңізді көтеріп, жолыңызды қысқартады.

– Жарнамасы жақсы болғандықтан қолға алып, дәмін таттық. Арты бір құтысын қылтитып тастадық.

Шынында, ұйқының қайда кеткенін таппай қалдық.

Қайтар жолда бірнешеуін алып, келгенше шөл бастық. Не керек, ақыры «сиқырлы сусынмен» дос болып кеттік.

2020 жылы қыркүйек айының аяғы. Газет өндірісі жайбасарлыққа көнбейді. Жоспарға сай нөмірге мақала дайындау, оны өңдеу, бетке салу, толып жатқан жұмыстар. Бір уақытта ішім сыздап, қатты ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Медицина мамандары тексеріп, ауруханаға әкетті. Ауруханының қабылдау бөлімінде дәрігер тексеріп «ұйқы безіңіз ісіп кетіпті, шұғыл емделуіңіз керек» деді.

Жан керек. Жаттық. Ем алдық.

Дәрігер: «Энергетикалық сусынды ішпеу керек. Ішкі ағзаларға: бауыр, бүйрек, ұйқы безге кері әсері өте жаман. Байқамасаң, энергетикалық сусынның әсерінен қалың ұйқыға кетесің. Себебі ұйқы безімен ойнауға болмайды, тіпті комаға түсетін жағдайлар жиі кездесіп жатады» деп ескертті.

Бес-алты айдан бері «дос» болып қалған сусынмен қош­тасу қандай қиын десеңші?! Бірақ саулық өзіме ғана керек. Дәрігердің талабына көніп, дүкеннен «сиқырлы сусынды» көргенде кері айналып, үзілді-кесілді бас тартатын болдық.

Шүкір! Содан бері аурухана есігін ашқан емеспін.

Сөйтсек, «сиқырлы сусында» өзіне тәуелді ететін кофеиннің мөлшері тым көп болады екен. Әлгі кинодағы Астерикс тым мықты екен. Қазанымен төңкеріп, үсті-үстіне қанша ішсе де денсаулығы сыр бермейді, қайта күш-қуаты тасып, римнің сарбаздарын іздеп жүріп ұрып-соқпай ма?!

Осындайда адамның энергиялық қуатын зерттеген профессор Виктор Бородихиннің айтқаны ойға оралады. Спортшының организмі қайта қалпына келуін ғылыми тұрғыда зерттеген ғалым: «Энергияны физикалық, эмоционалды, ақыл-ой, рухани деп бөліп, қарастырып, зерттейді. Алайда адам энергиялық қуатын қайдан алады деген сұраққа толық жауап таппай келеміз. Меніңше, кез келген адам өз энергиясын тиімді жұмсауды үйренуі тиіс. Теледидарды шамадан тыс көп көру және т.б. толып жатқан жат құбылыстар арқылы адамдар энергиясын пайдасыз жаратуда» дегені әлі есімде.

Жарықтық бүгінгі энергетикалық сусынның қалыпты өмір жағдайына айналғанын көрсе қалай болар екен, ә?!

ЗИЯНЫ КӨП, ЗАРДАБЫ АУЫР

Әрине, дерек көздерінде энергетикалық сусындар туралы ақпарат көп. Біз медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, дәрігер-гематолог Аягүл Айнабайдан энергетикалық сусынның сиқыры туралы білдік.

– Адам ағзасын лезде үйіріп әкететін бұл сусын түрінің не құдіреті бар деуіңіз мүмкін. Оның сыры – энергетикалық сусындардың құрамында таурин мен глюкозадан бөлек, кофеинге негізделетіндігінде. Бұл қоспалар адамның қан қысымын жоғарылатып, мидың белсенділігін арттырады. Адамға өзін сергек сезінуі қатты ұнайды. Энергетикалық сусынның әсері біткеннен кейін, адамда шаршау-шалдығу байқалады, ұйқышылдық пайда болады, мидың жұмыс белсенділігі төмендейді. Осыдан шығу үшін екінші құтыны, одан кейін үшінші, төртінші құтыны ішіп, аяғы тәуелділік пайда болады, – дейді ғалым.

Тіпті энергетикалық сусындардың сыртына «Аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды» деп те жазылған. Бірақ барлық жерде емін-еркін сатылуда. Бала да, қарт та емін-еркін сиқырлы сусындарды ішіп, тұтынып жүр

Кофеин психикаға қатты әсер етіп, тәуелділікті туындырады. Сол себепті бір ішкен соң қайта-қайта өзіне баурап тұрады. Кофеиннің мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істеп, қан айналымы жылдамдап, күш-қуаты тасығандай күй кешеді.

Тәулігіне ересек адам кофеинді 400 миллиграмм ғана қолдануы керек. Бірақ, бір нәрсені ескеруі тиіс, кофеин қуат қоспайды. Ол сіздің өз энергияңызды өндіреді.

– Адам күнделікті тұтынатын тағамынан энергия қалыптасады. Яғни ағза көмірсу, ақуыз арқылы қуаттанып, энергиясы түзіледі. Энергетикалық сусындарды ішкен жағдайда бір тәулікке жететін энергиясын шығындауы мүмкін. Тағы ішсе, онда келесі тәуліктің энергиялық қуаты шығындалады. Сөйтіп, адамның денсаулығына, психикасына кері әсер етеді. Себебі кофеин тек сіздің ағзаңызда бар құрамның әсерін күшейтіп, оның әсері 3-4 сағатқа дейін ғана сақталады, – дейді дәрігер.

Энергетикалық сусын газдалған болып келеді, оның үстіне құрамында қант, түрлі бояғыш заттардың адам денсаулығына зияны аз емес. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, орталық жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр ауруы, гармондардың бұзылуына және күйзеліс сияқты дерттерге душар етеді.

Ең қауіптісі сол – қатерлі ісік пен еркектің белсіздікке ұшырауына әсер етеді. Энергетикалық сусынды алкогольмен бірге ішетін азаматтар да баршылық, ол кезде бауыр мен ұйқы безі зақымданады. Айналып келгенде, панкреатит ауруына шалдығу қаупі артады.

Дерек көздерінде, елдегі 15 жастан асқан жасөспірімдердің 45 пайызы газдалған сусын ішетіні туралы ақпарат бар. Оның ішінде глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуарана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит, көмірқышқыл газынан тұратын энергетикалық сусындарды тұтынатыны басым.

Синтетикалық жолмен алынған кофеиннің адамға зияны көп десек, энергетикалық сусынның бір құтысында синтетикалық жолмен алынған кофеин мөлшерінен 3-4 есеге жоғары болады. Зат алмасуды бұзып, жүрекке кері ықпалы тиеді.

ШЕКТЕУ БАР МА?

2013 жылдың 19 тамызында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысы шығады.

Онда:

– Орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында;

– Денсаулық сақтау мекемелерінде;

– Жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде;

– Мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылды.

Мұның бәрі әзірге қағаз жүзінде ғана.

Парламент Мәжілісінің депутаттары елге энергетикалық сусындардың  әкелінуін  шектеуді ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал жолдағанымен, қолдау таппай, әзірге сөз жүзінде ғана тұр.

Басты себеп – сиқырлы сусынның артында алпауыт компаниялардың миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржылық мүддесі тұр.

Әзірге әлем бойынша энергетикалық сусындарды еркін сатуға бірнеше мемлекет ғана шектеу қоя алды. Олар: Дания, Норвегия, Франция нарықтан ысырып, тек, кейбір түрін дәріханада емдік үшін арнайы нұсқау­лықпен сатады.

 

 

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button