Денсаулық

Скринингтен уақытылы өтіңіз!



Скринингтік зерттеулер арқылы адам ағзасында пайда болған аурудың асқынуын дер кезінде анықтап, оның алдын алуға болады. Дәрігерлер сол мүмкіндікті өткізіп алмай, емхана мамандарының айтуы бойынша скринингтен өтуге шақырады.

ТМККК, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы сақтандырылмаған азаматтар үшін қандай скринингтік тексерулер қолжетімді? 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене қимылының жоқтығы немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туралы ұсынымдар беріледі.

40 жастан 70 жасқа дейін­гі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холес­териннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады. Бұл ретте кардиолог, эндокринолог және офтальмологтың консультация­лары МӘМС пакетінде ғана, яғни тек сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді.

Ал МӘМС пакетінде сақтандырылған азаматтарға қандай скринингтік зерттеулер қолжетімді? 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтау­ға тексеруден өтеді. Оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика-бейне кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу жүргізіліп, бейінді мамандардың консультациясы беріледі. Сонымен қатар 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтауға, екі проекцияда маммография­ға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистологиялық зерттеулер жүргізіліп, бейінді мамандардың консультациясын алады. Ал 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер емокульт-тесттің көмегімен колоректалдық обырды ерте анықтауға тексеруден өткізіледі.

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button