Басты ақпарат

СОБЯНИН АСТАНА АЖАРЫНА СҮЙСІНДІ



KBB_9655-копия

Өткен сенбіде Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Собянин Астана әкімдігі мен Мәскеу үкіметі арасындағы 2016-2018 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Қазақстан мен Ресей астаналары басшыларының достық рәуіштегі кездесуінде екі жақты тиімді байланыстарды одан әрі тереңдету төңірегінде өзекті әңгіме өрбіді. Астанаға ресми сапармен келген делегация құрамында болған Мәскеу мэрінің құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары Марат Хуснуллин, қала басшысының тағы бір орынбасары, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту департаментінің басшысы Максим Ликсутов және Мәскеу үкіметінің министрі, Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Сергей Черемин іскерлік жағдайында сенімді әріптестік көкжиегін кеңейтудің мәйекті мәселелері талқыланған осы жиынға қатысып отырды. Тарихи тату көршілестік пен салиқалы саяси қарым-қатынасқа негізделген Қазақстан -Ресей ықпалдастығы қызу қарқынмен даму үстінде екендігі әмбеге аян. Осы орайда, Астана әкімдігі мен Мәскеу үкіметі 2000 жылы екі қала арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған келісімге қол қойған болатын. Соның аясында қос астананы жан-жақты жақындастыра түсетін бірқатар игі шаралар жүзеге асырылды.
«Халықтарымыздың ғасырлар бойғы тарихи тамырластығы, сондай-ақ, екі елдің қашаннан қалыптасқан сенімді серіктестігі Астана мен Мәскеуді ортақ мақсат орайында тоғыстырары сөзсіз. Біз бауырлас қала Мәскеумен андаластықты әрі қарай нығайта беруге айрықша назар аударамыз» деді құрметті қонақтарды қуана қарсы алған Әділбек Жақсыбеков.

Салмақты сөзін сабақтаған елорда басшысы бұған дейінгі сапарлар нәтижесінде алдағы уақыттағы іскерлік және гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа берік негіз қалағанын атап өтті.

Өз кезегінде Мәскеу мэрі Астанадағы өркенді өзгерістерге таңданысын жасырмады. «Мен мұнда біраздан бері келмеген едім. Аз уақыттың ішінде Астана көрген көзді сүйсіндірер әсем шаһарға ғана емес, ірі мегаполиске айналыпты. Бұл арадан қала құрылысы мен сәулеттік сән-салтанаттың небір үздік үлгілерін тамашалай аласыз. Шынымды айтсам, сіздерден үйренетін үрдістер жетерлік екен» деп сүйсінісін білдірді Сергей Собянин.
Қала шаруашылығын қайта жаңғырту жөніндегі Мәскеуде С.Собяниннің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарламалар Қазақстанның жас елордасы үшін де қызығушылық тудыратын іс-тәжірибе екендігі анық. Бұлардың қатарына «Менің көшем» кешенді бағдарламасын да, көлік жүйесін жетілдіру ісін де, жағалауларды реконструкциялау жобаларын да, бұрынғы өндіріс ай­мақтарына абаттандыру тәсілдерін де жатқызуға болады. Осыған байланысты жұмыс барысында екі астананың жергілікті атқарушы органдары бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, ақпарат алмасуда. Мәселен, жуырда ғана саябақтар аумағын абаттандыру тәжірибесін зерттеу мақсатында астаналық мамандар Мәскеуге барып қайтты.
Мәскеу мэрінің пікірінше, ынтымақтастықтың 2016-2018 жылдарға арналған мына жаңа бағдарламасы әртүрлі салалардағы, атап айтқанда, қаланы басқару, денсаулық сақтау, жаңа ақпараттық технологияларды жетілдіру мәселелері бойынша елордалар арасындағы еншілестікті жоғары деңгейге көтеруге оң әсерін тигізбек. Ендеше, барыс-келіс және алыс-беріс талаптары қағаз жүзінде қалмақ емес. Қазіргі уақытша экономикалық қиындықтар бұрыннан берік аралас-құраластық арқауын бір сәтке де босатпайтындығына сеніміміз мол.
Ә.Жақсыбеков мәртебелі меймандарға Мәскеумен бірлесе жұмыс істеудің жаңа кезеңіне Астананың толықтай әзірлігін жеткізді. Ол «EXPO-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде Мәскеудің Астанадағы күндерін өткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты қолдаған С.Собянин өздерінің Тур­изм департаментіне қос қаланың туристік фирмаларымен бірлесе отырып, «EXPO» кезінде Астанаға саяхаттап келудің бағдарламасын жасау жөнінде тапсырма беретіндігін ескертті.
Мәскеу мэрі сонымен қатар, таяу уақыттарда Ресей орталығындағы атақты Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде Қазақстанның өз алаңы пайда болатынын хабарлады. Сөзінің соңында бүгінде жасақталып біткен осынау павильонда Астананың тұрақты экспозициясын ашу туралы өз ұсынысын айтты.
Келелі кездесуден кейін қадірлі қонақтар Астананың айшықты нысандарын аралап, елордамыздың ең көрікті мәдени-көпшілік орындарымен танысты.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button