Басты ақпаратҚұқық

Сот жүйесіндегі жаңа технология



Бүгінде Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты заман талабына сәйкес жұмысын жандандырып, өмірге жаңа технологияларды біртіндеп енгізіп отыр. Бұл күнделікті іс барысында уақыт үнемдеуге айтарлықтай өзгеріс әкелгенін байқадық.

Бұған негізгі себеп –  өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың соттардың ашықтығы мен шынайылығын айқындайтын электронды инновация­лық жүйені енгізуді және сот жүйесінің халыққа барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсыруы болатын. Қазір біздің жұмысымыз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүргізіліп, соның аясында халық көңілінен шығатын, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыратын жүйе қалыптасып отыр. Кейінгі кезде экономикалық сот судьялары сандық технологияның игілігін анық сезіне бастады. Әсіресе, кешегі қиын-қыстау елді жаппай індет жайлаған кезде көптеген мекеме онлайн жұмысты ұйымдастыра алмай жабылып жатқанда, сот жүйесі жаңа технологияның арқасында онлайн қызметін жандандырып, бұқараның көңілінен шыға білді. Бұл жүктеменің шамадан тыс көбеймеуіне, халықтың құқығының дер кезінде қорғалуына оң ықпал етті. Шынын айтқанда, осы сандық технологиямен дендеп айналысып, оны басшылыққа алғалы  халықтың да уақыты үнемделіп, соттардың да жүктемесі бұрынғыдан азайды. Біздің бүгінгі таңдағы басты мақсатымыз – ашықтық пен жариялылық, халықтың сотқа деген сенімін нығайту. Біз оған қол жеткізіп те келеміз. Бүгінде сот жүйесі осы аталған ақпараттық технологияны белсенді қолдану арқылы қағазбастылық пен халықты сағаттап кезекке қаңтарып қоюдан арыла бастады. Дәлірек айтсақ, кейінгі кезде  азаматтар үйде отырып-ақ қалаған қызметіне қол жеткізуде. Елімізде алғашқылардың бірі болып сандық технологияға өткен сот жүйесі бүгінгі күні ыңғайлылығымен, тиімділігімен, халықтың уақытын үнемдеуімен көпшілікке ұнап отыр. Осы бағытта қызмет етіп келе жатқан негізгі жобаның бірі – «Smart сот». Ол әркімге түсінікті әрі қолайлы, қарапайым, қауіпсіз электрондық қызмет жасауды көздейді. Қазір сот істері судьяларға автоматты жүйе арқылы бөлінеді. Сот қызметінде адам факторының азаюы сыбайластықтың жолын кесті. Мұндай жүргізіліп жатқан тың реформалар мен жаңашылдықтар құқықтық саясаттың басты қағидаттарын басшылыққа алып, мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Бұл сот беделін нығайтып, сенімді арттырары сөзсіз.

Сандық технологияның арқасында қол жеткізген тағы бір жетістік бүгінгі күнгі сот залдарында орнатылған бейнебайланыс жүйесі арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүргізу болып отыр. Қазіргі таңда көптеген сот отырыстарында тараптарды алыстан тыңдау, куәгерлерден жауап алу мүмкін болып отыр. Бұрын мұндай жағдайда куәгердің немесе тараптардың бірінің сотқа келуі, алыс аймақта болса уақытында келе алмай сот үдерісінің өткізілуіне көп қиындықтар тудыратын. Қазір сотқа шақыртуды СМС арқылы жіберіп, сот  кезінде алыстан онлайн қатыса алуы сандық технологияның тағы бір артықшылығы деп айтуға болады. Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисін ерекше атап кеткен жөн. Қазір халық электрондық цифрлық қолтаңбасымен сотқа талап арыздар мен өтініштерін, шағымдарын электронды түрде жолдап, өз ісінің статусын онлайн арқылы бақылап отыруға мүмкіндігі бар. Жыл өткен сайын онлайн қызметке жүгінетіндер санының артып отырғанын байқауға болады.

Қайрат СӘРСЕКЕЕВ,

Астана қаласы мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button