Басты ақпаратЕлорда тынысы

Сұхбатта қамтылған мәселелер талқыланды



Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «ХХІ ғасырдағы Әділетті Қазақстан: жаңа жетістіктер мен даму перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент депутаттары, зерттеу институттарының ғалымдары және қоғам белсенділері қатысты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сұхбатында елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінің негізгі аспектісіне баға беріп, алдағы мақсат-мұратты айқындап берді. Бір күндік немесе бір айлық емес, жетістікке жетудің жоспарлы, жүйелі бағдарын көрсетіп, алға ілгерілеп, дамуда белсенді, сергек ойлы болудың маңызын түсіндірді. Ішкі және сыртқы саясат ұлттық бірегейлікке қызмет етуі керегін түсіндірді, – деді алғы сөзді алған Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.

Ал кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева сұхбатта көтерілген идеологиялық басымдықтарды іске асыруда қоғамдық және ғылыми зерттеу институттармен бірлесе жұмыс істеп, ағартушылық, ғылыми, рухани-мәдени міндетін атқара беретінін сөз етті.

2012-2022 жылдары халықты біріктіретін 10-нан аса идея ұсынылып, қоғамдық сананы жаңғыртуға мән берілді, алайда тұжырымдар қарапайым тұрғындарға сіңісті болып, мәселелерді өз деңгейінде шешпеді. Қасым-Жомарт Тоқаев басқаруындағы айрықшалық – «ескі жүйедегідей» жоғарыдан емес, төменнен жоғарыға қарай деген саясат қалыптастыруға ұмтылысы. Бұл өз кезегінде әрбір мәселенің өз деңгейінде шешілуіне алып келуі керек. Ой-талқы алаңының модераторы, Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсыр­мановтың ойы осыған саяды.

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты директорының міндетін атқарушы Жақсылық Сәбитов екі Президент тұсында тарихи тұлғалардың насихатталу деңгейіне тоқталды.

– Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде әл-Фараби, Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлихановтың тарихи тұлғасына құрмет білдіріліп, насихатталса, одан кейінгі жылдары Нұрсұлтан Назарбаевты тұлға ретінде дәріптеу жаппай жүргізілді. Тіпті Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы елеусіз қалды. Дінмұхамед Қонаевтың аты аталмады. Қасым-Жомарт Тоқаев тұлғалардың тарихтағы орнын бағалап, идеологияның құрамдас бір бөлшегі етуге мән беруде. Сөйтіп, Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығы атап өтілді, Д.Қонаевтың есімімен Қапшағай қаласын атауды ұсынды. Биыл ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы кең көлемде аталып, Жошы ұлысының 800 жылдығына мән береміз, – деді тарихшы.

Дөңгелек үстелде сөз алған спикерлер Президенттің сұхбаты қоғамды елдік істерге ұйыстыратынын сөз етті. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институты стратегиялық талдау бөлімінің басшысы, PhD Ермек Тоқтаров биыл еліміз 6 халықаралық ұйымға төрағалық ететінін, яғни елдің ішкі жағдайына ғана емес, әлем елдерінің қауіпсіздігіне үн қосатынын, бұл өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі беделін, Қазақстанның ынтымақ пен бірліктің ұясы екенін айғақтайды.

Қазір елде қазақ ұлтының үлесі 70 пайыздан асты. Бұл ұлттық идеяға басымдық берудің маңызын көрсетеді. Сұхбаттың мазмұнынан осыны да аңғаруға болады.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы сұхбатында балалардың қауіпсіздігіне және әйелдердің зорлық-зомбылығына қарсы екенін білдіріп, демографиялық үдерісті қолдайтынын білдірді.

Басқосу барысында тарихшы ғалым Бүркіт Аяғанның «Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар әулеті (Ібір-сібір – Дешті-қыпшақ – Мәуереннахр аймағында)» атты кітаптың тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button