Қала мен Сала

Су тасқынынан сақтанайық!



Су тасқыны мен мұздың жүруі кезінде жартасты жағалауда болу қауіпті, өйткені судың тез ағуы оны шайып, бұзады. Сондықтан көктемде, әсіресе қар еріп, мұз түскен кезде балаларды бақылауды барынша күшейтіп, олардың арасында түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

Осы кезеңде көктемгі мұз өте қауіпті екенін есте ұстаған жөн. Ауа райы жылынған кезде абай болған абзал. Мұндайда мұз, көлік құралдары былай тұрсын, адамның да салмағын көтере алмайды. Сондықтан барынша сақ болуға тырысайық. Осы кезеңде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн.

Көктемде су қоймаларынан өтуге қатаң тыйым салынады. Әсіресе мұз ойындарына жол берілмейді. Мұздан-мұзға секіруге және жағадан алыс­тауға болмайды. Мұндай әрекеттер, әдетте, қайғылы оқиғамен аяқталады.

Су тасқыны кезінде, әсіресе су тасқыны мүмкін елді мекендерде радионы үнемі қосып қою керек, өйткені апат күтпеген жерден келуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік шаралары бо­йынша іс-шараларды алдын ала өткізіп, қажетті азық-түлік, киім-кешек, ауыз су және т. б. жинау; қажетті құжаттарды (төлқұжат, туу туралы куәлік) бір жерге жинап, оларды целлофанға орап қойған дұрыс.

Әдетте, су деңгейі болжанады және халыққа су тасқыны туралы алдын ала хабарланады. Су тасқыны аймағында болғаннан кейін әр тұрғын толық байсалдылық танытып, көмек көрсетілетініне сенімді болуы керек. Дүрбелеңді болдырмау мақсатында айналасындағыларға жеке мысалмен және сөзбен әсер ету, балалар мен қарттарға, ең алдымен, науқастарға көмек көрсету қажет.

Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері қабылдаған барлық шараға қарамастан, әр адам өз өмірі мен су нысандарындағы қауіпсіздікке өзі жауап береді.

Көктемгі су тасқыны балаларға үлкен қауіп төндіреді. Қауіпсіздік шараларын білмейтін, ата-анасы мен үлкендердің қарауынсыз қалған кішкентай тұрғындардың тік жағалауда ойнамауын, мұз үстіне шықпауын қадағалау керек. Көктемде олардың ойын орындарын бақылауды күшейту қажет.

Осы мезгілде тұрғындардың не істеуіне тыйым салынады? Алдымен олардың көктем кезеңінде су айдындарына шықпауын, мұздан өту кезеңінде өзеннен өтпеуін, мұз кептелген жерлерде өзенге жақындамауын, төгілуге және құлауға ұшыраған тік жағалауда тұрмауын, көпірлерде, бөгеттерде және тоғандарда жиналмауын қатаң бақылау керек. Бұл кезде мұз кептелісіне жақындауға болмайды. Алдымен мұзды жағадан итеріп, одан соң өзеннің немесе кез келген су қоймасының тереңдігін өлшеген жөн. Көктем кезінде мұз үстінде жүруге және оған мінуге тыйым салынады.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды қалай өткізуге болады? Бұл үшін алдымен тұрғын үйдің аумағын қардан тазарту қажет. Аумақтағы қар жиналатын орындарға қарды шығарып, жақын маңдағы ағындарды, арықтарды, қоқыс пен мұзды тазалау керек. Тұрғын үй аумағынан өтетін немесе учаске аумағына іргелес жатқан көпірлерді тазалаған дұрыс. Бағалы заттарды, азық-түлік қорын жертөлелерден шатырға немесе су баспайтын жерге ауыстырған абзал. Көктемгі су тас­қынынан, айтып келмейтін табиғи апаттан сақ болыңыздар!

Дария БАЙЗУЛОВА, Астана қаласы ТЖД Алматы ­ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, ­азаматтық қорғау лейтенанты




Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button