Мәселе

Суицид белгісіне бейжай қарама!



ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің осы жылдың 9 айындағы дерегі бойынша суицид жасаушылар саны былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда ­көбейген. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда аз. Қоғам қаупіне айналған мәселенің алдын алуда елімізде қандай жұмыстар жүргізіледі? Бұл туралы Республикалық психикалық ­денсаулық ­ғылыми-практикалық орталығы бас директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар ­жөніндегі орынбасары Нәби Есімов айтып берді.

Спикердің ай­туын­ша, елімізде ­суицидтік мінез-­құлық бойынша медициналық-психологиялық көмек көрсетуді регламенттейтін бірқатар нормативтік құжат бар. Біріншіден, «ҚР халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты туралы» бұйрығымен медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мамандарының, психиатр дәрігердің, психологтың суицидтік мінез-құлық тәуекелі бар адамға көмек көрсету кезіндегі іс-әрекеті регламенттелген. Екіншіден, «10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың және жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау жөніндегі медициналық көмекті ұйымдастыру қағидалары туралы» ҚР ДСМ бұйрығы жастар денсаулық орталықтарында өзіне-өзі зиян келтіруді және суицидтік әрекеттерді қоса алғанда, репродуктивті және психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

– Бізде өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі әдісі – асылу. Алайда ДДҰ ұсынымына сәйкес бұл ақпаратты жарияламаған жөн. Психикалық денсаулық саласындағы көмек психикалық денсаулық орталықтарында, қалалық емханалар деңге­йіндегі бастапқы психикалық денсаулық орталықтарында, ауылдық деңгейдегі психикалық денсаулық кабинеттерінде көрсетіледі. Суицидтің алдын алу шаралары бірқатар бағдарламалық құжатқа енгізілген. Атап айтқанда, «Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау және олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бойынша ҚР Үкіметінің қаулысы бар. Денсаулық сақтау министрлігі кешенді жоспарды орындау шеңберінде суицидтік мінез-құлық белгілері бар кәмелетке толмағандарды анықтаудың және олармен одан әрі жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмінің және суицидке әрекет жасаған балаға көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмінің жобаларын әзірледі. Денсаулық сақтау және білім беру мамандары осы бағытта үнемі оқытылады, – дейді Н.Есімов.

Суицидтік мінез-құлыққа ­себепші болатын негізгі факторлар – жалғыздық, шеттетілу сезімі, ауыр материалдық жағдай, ауыр соматикалық аурулар, жанжалды қатынас. Алайда ДДҰ бұл ақпаратты да жарияламаған ­абзал екенін ескертеді

Қазіргі уақытта интернеттің бұл жағдайға әсерін асыра бағалау қиын, бірақ сала маманы суицидке әсер етеді деп бір ғана себепті бөліп қарауға болмайтынын айтады. Суицид туралы ойлар қорғаныс факторлары тәуекел факторларының теріс әсерін жеңе алмаған кезде пайда болады. Дереккөздерге сәйкес, балаға негізгі әсер ететін орта – отбасы, егер отбасында үйлесімді қарым-қатынас, яғни қорғаныс факторы болса, онда бала теріс факторлардың әсерін жеңе алады.

– Өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – суицид тәуекелі бар балаларды ерте анықтау. Бұл жерде психологтардың рөлі өте маңызды. Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бойынша жоғарыда аталған алгоритмдерде денсаулық сақтау және білім беру психологтарын суицидтің алдын алу мәселелері бойынша тұрақты оқыту көзделген. Алайда суицид проблемасын барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді ведомствоаралық өзара іс-қимылы арқылы ғана шешуге болады, – дейді спикер.

Суицидтік мінез-құлыққа себепші болатын негізгі факторлар – жалғыздық, шеттетілу сезімі, ауыр материалдық жағдай, ауыр соматикалық аурулар, жанжалды қатынас. Алайда ДДҰ бұл ақпаратты да жарияламаған абзал екенін ескертеді. Өз-өзіне қол жұмсаудың өлім туралы спецификалық емес ойлардан бастап, өз өмірінің құндылығын төмендету мен өзін-өзі өмірден айыруға бағытталған әрекеттерді жасауға дейінгі кезеңдері бар. Бұл процестің ұзақтығы тәуекел факторларының болуы мен оның ауырлығына, сондай-ақ қорғаныс факторларының болуы мен қалыптасуына байланысты.

– Суицидтік ойлары бар адамдардың мінез-құлқы өзгермеуі мүмкін. Егер сіз оның мінез-құлқындағы «күрт» өзгерістерді байқасаңыз, яғни сырт келбетіне қарауды қойғанын, агрессивті, тұйық бола бастағанын, өзіне немесе айналасындағыларға немқұрайды қарай бастағанын, өзінің өткенін, бүгінін және болашағын пессимистік бағалайтынын аңғарсаңыз, онда оны дереу кәсіби маман көмегіне жүгінуге көндірген дұрыс, – дейді Нәби Болатұлы.

Көмекті психикалық денсаулық қызметінің мамандарынан, яғни психолог, психотерапевт, психиатрдан алуға болады. Көмекке жүгіну «есепке» қоюға немесе дәрілік препараттарды тағайындауға әкеп соқтырмайды. Дер кезінде көрсетілген көмек өмірді сақтап қалуы мүмкін.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button