Құқық

Суицидке себеп не?



Жасөспірімдер арасындағы суицид – қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Олардың бұл әрекетке баруына не себеп, мұндай қайғылы жағдайға жол бермеу үшін қандай жұмыстар жүргізу керек? Астана қаласындағы №2 көпбейінді балалар ауруханасының директоры, дәрігер, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Гүлнар Құлышевадан осы мәселе туралы сұрап білдік.

– Жастар арасындағы суицид мәселесімен күн сайын бетпе-бет ұшырасып отырсыз. Ауруханаға ауыр жағдайда түсетін балалардың суицид жасауына көбіне не себеп болады?

– Аурухана көпбейінді болғандықтан хирургиялық көмек көрсету, ота жасау, жарақат алу және басқа да бағыттар бойынша 12 бөлім жұмыс істейді. Сол бөлімдерге түрлі жарақат алып келетін жасөспірімдердің арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар кездеседі. Олардың бұл әрекетке баруына бірнеше себеп бар. Суицид жасап, бізге жағдайы ауыр немесе орташа халде келетін балалардың ішінде дәрі ішіп, өз-өзін улау, терезеден секіру, қан тамырын кесу және өз-өзін жарақаттау оқиғалары болады. Басты себептердің біріне ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс еместігі жатса, екінші себеп – мектептегі жақсы көрген қызы немесе жігітімен ренжісіп, сөзге келуі болып отыр. Олар бір сәттік ашумен дәрі ішіп немесе білегіндегі қан тамырын кесіп өмірмен қоштаспақ болса, ата-анасымен келіспей қалған балалар көбіне терезеден секіреді. 14-17 жастағы сондай жасөспірімдер ауыр халде келеді, жан сақтау бөлімінде апталап жатады. Олардың бауыры мен бүйрегі қатты зақымданады, бұл ағзалардың қызметін қайта қалпына келтіру оңай емес. Былтыр біздің ауруханаға 26 бала суицид жасап түссе, соның ішінде көбі денесін жарақаттау, кесу әрекетіне барды, одан кейін дәрімен улану көп болды.  Биыл қазан айына дейін 15 бала суицидпен түсіп, емделді.

– Өзіңіз куә болған сондай нақты оқиғалардың бір-екеуін айтып бере аласыз ба?

– Бір оқиға болды, өте жақсы отбасынан шыққан 17 жасар бала түсті. Ата-анасымен арасы жақсы. Қызы қарамай қойды деп дәрі ішкен. Қанша ем жасасақ та жағдайы түзелмеді. Есін жиған кезде кімді көргің келеді десек, анасын шақыртты. Анасы күні бойы қасында отырды, сол кезде баланың да жағдайы жақсара бастады. Анасымен осындай жылы қарым-қатынасы болса да суицидке барып отыр. Одан басқа балконнан секірген 12 жасар бала түсті, оны анасы барам деген жеріне жібермей қойған. Сол сәтте баласы балконның жанында тұрған екен, «Жібермесеңіз, секіріп кетем қазір» деген, анасы ойында ештеңе жоқ, «секірсең, секір» депті, содан бала секіріп ақыры ауыр жағдайда көз жұмды. Бізден емделіп шыққан балалардың ішінде екінші қайтара суицид жасайтындары да бар. Олармен кетерінде аурухана психологтары жұмыс жүргізеді. Дегенмен бұл балалар көбіне әлеуметтік жағдайы төмен және орташа деңгейдегі отбасылардан шыққандықтан, тағы сәл қиындыққа тап келсе, соған шыдамай, алдыңғы әрекетін қайталайды. Алайда мұндай оқиғаларды, әсіресе, телеарналарда, әлеуметтік желілерде көп көрсетпеу керек деп санаймын, егжей-тегжей қалай болғанын көрсетудің профилактикалық тиімділігі шамалы. Оның жаман екенін көрсінші деуі мүмкін. Бірақ бұл кей балаларға керісінше осылай жасауға болады екен деген ой салуы мүмкін.

– Мұның алдын алу үшін қандай ұсыныстар айтасыз?

– Мектептерде ата- анамен жұмысты күшейту керек. Түрлі іс-шаралар мен байқаулар өткізу қажет. Қазір ата-­аналар отбасын асыраймын деп таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Кешке келгенде бір ауыз сөзбен халін сұрайды, бала «бәрі жақсы» дейді, сонымен болды. Негізі бәрі отбасынан басталады. Қазіргі балалардың бәрінің бірдей психикалық жағдайы дұрыс деп айта алмаймын. Әрине, оған қазіргі әлеуметтік желілер мен толассыз ақпараттық ағын себеп деп айтамыз. Дегенмен баламен жұмыс үйде басталуы керек. Ата- ана ұл-қызына өз ісімен өнеге болмаса, оларға ақыл айта бергеннен көп ештеңе өзгермейді. Үйде әке-шешесі бір-бірін сыйлап ақылмен сөйлесіп отырса балаға соның өзі – тәрбие. Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесімін, сонда отбасылық құндылықтар тобын басқарамын. Сонда көтерілетін мәселелерді зерделей келе байқағаным – үйде балалардың көңіл күйіне ерекше назар аудара қарау керек. Неге екенін білмеймін, біздің жастар қазір нәзік, балалар травмасы деген жақсы болды, бірдеңе болса бәріне әке-шешесін кінәлап шығады. Осы ретте балалармен мектепте және ауруханаға түскенде психологтар жұмыс істесе, мектепте де ата-анамен байланыс нығайтылса, жөн болар еді.  Өзім де үш баланың анасы, әрі немере сүйіп отырған әже ретінде бұл мәселеге бейжай қарай алмаймын, комиссия аясында да осы мәселенің алдын алуға және мектептермен де бірлесе жұмыс істеуге қашан да әзірмін.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button