Басты ақпаратМәселе

Суицидтің салқыны



Жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам ­өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Жаһандық дертке айналған суицид жасөспірімдердің де, оң-солын таныған азаматтардың да өмірін жалмауда. Тіпті кемеліне келген қарт адамдар да өз өмірін жиі қияды.

Бір ай бұрын Павлодар облысының Успен ауданында бір азамат бақилық болды. Жақын тұтып, араласатындықтан қаралы жиынға арнайы бардық. Сол жерде білдік, аудан орталығына келетін жол бойындағы бір шоқ ағаштың арасында өзіне-өзі қол жұмсайды. Асылып қалған ағашты көрсетті. Әлгі биік ағаштың еңсесі түскендей ме, бізге солай көрінді! Әрине, қимастық сезім бар. Туралап келген өлім деп тағы айта алмаймыз. Бұл тақырыпты «отбасындағы жағдай» деп жылы жаптық.

Екі жыл бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде туысымыздың 9 жастағы баласы есік алдындағы сарайда асылып қалды. Ағайынның қайғысына ортақтасып, көңіл айтып бардық. Сөйтсек, Астана қаласында тұратын ата-анасы жазғы демалыс кезінде ауылға жібермей ме. Бала болса күндіз-түні смартфоннан бас алмай ойын ойнайды. Аяғы жіпке асылып, өзіне қол жұмсаумен аяқталды. Бұл жағдайды «телефон дерті» деп пәтуаладық.

Үш жыл бұрын Астана қаласында мектепті «Үздік аттестатқа» бітірген талапкер оқуға түсе алмай қалады. Ата-анасы «Ұят болды, елге не бетімізбен қараймыз?!» деп айқайға басады. Дарынды жас осындай ауыр сөзді арқалап жүргенше, өлгенім артық деген шешім қабылдайды. Бұған «ұят синдромы» деген айдар тақтық.

Осылай суицидтің түрлі жағдайын келтіре беруге болады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, психология ғылымының кандидаты Алмат Нұрадинов суицидке себеп болатын жағдай көп екенін атап:

– Адамдар түрлі эмоцияға беріліп, әлеуметтік, қаржылық қиындықтан шығатын жол таба алмай, өзін жиі құрбан етеді. Екіншісі – ішімдік пен есірткіге тәуелді болудың арты келеңсіз жағдайға душар етеді. Үшіншісі – махаббатта жолы болмау, адамдардан зорлық-зомбылық көрудің арты қайғылы жағдайға ұласады. Төртіншісі – әлеуметтік аутсайдерлер, яғни отбасы мен ұжымда, достарының арасында жылы қарым-қатынас орната алмағандар. Бесіншісі – өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, әлеуметтен оқшаулану жағдайынан орын алады. Бұған түрлі табиғи құбылыс та әсер етуі мүмкін. Мәселен, солтүстік полюске жақын орналасқан Ресей, Беларусь, Канада және тағы басқа елдерде суицид жиі орын алуда қолайсыз табиғи құбылыс­тар да әсер етеді. Статистикаға кірмейтін аутоагрессияға бейім адамдарды да суицидке жатқызуға әбден болады. Мәселен, Сауд Арабия­сында өте жоғары жылдамдықпен көлікті басқарғандарды өзіне-өзі қол жұмсағандармен теңестіріп жатады, – деді.

2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 100 мың адамға шаққанда орын алатын суицид жағдайын есептеп, әлем елдерінің рейтингін түзді. Алғашқы ондыққа енген елдерде 20-дан аса адам өзінің өміріне немқұрайды қарайды. Мәселен, Гренландияда 100 мың тұрғынның әрбір 82-сі өзіне-өзі қол салса, Гайанада – 30, Лесотода – 28, Ресейде – 26, Литвада – 25, Суринамда – 23, Қазақстанда – 22, Беларусьте – 21, Оңтүстік Кореяда 20 адам өзіне өлім өкімін шығарады. Бұл тізімде Қырғызстанды 93-орыннан таптық. Айыр қалпақты ағайындар арасында 100 мың адамға шаққанда 9 адамнан келеді. Ал Өзбекстан 7 адаммен 114-інші, Түрікменстан 6 адаммен 119-ыншы, Тәжікстан 3 адаммен 167-нші, Әзербайжан 2 адаммен 176-орында тұр.

Суицид жағдайы жиі орын алатын елдерді саралайтын болсақ, Гайана – Оңтүстік Американың солтүстік-шығысында орналасқан кедей ел. Онда психикалық денсаулыққа байланысты стигма мен кемсітушілік көп жағдайда өлімге душар етеді. Оңтүстік Африкадағы патшалық ел – Лесотода кедейлік адамдарды өзіне қол жұмсауға итермелейді. Ресейдің ахуалы да белгілі. Мәскеу, Санкт‑Петербург қаласынан өзге аймақтарда халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, ішімдікке салынған адамы басым.

Адамдар қоғамға өзін керексіз санап, депрессияға түскенде өкінішті қадамға жиі барады. Ал депрессияға физикалық, психикалық, әлеуметтік, қаржылық қиындыққа түсуі әсер етеді. Ең қарапайымы, қолға тікен кірсе де жанға батады. Ал жан тапсыру оңай ма?! Жоқ, оңай емес! Өз өміріне қол жұмсаған адам көп жағдайда қорыққанынан аяқ-қолы қарысып қалады екен.

Соңғы алты жылда қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға саны артпаса, кеміген жоқ. Себеп-салдарын талдайтын болсақ, 2022 жылы қаржылық қиындыққа байланыс­ты 164 адам өмірмен қоштасты. 2021 жылы бұл көрсеткіш 127-ні құраған-ды. Өткен жылы әйелімен ажырасу салдарынан 67 адам, ауыр дертке шалдыққан 63 адам жарық дүниемен қош айтысты.

Ғалым Алмат Нұрадиновтің сөзінше, суицидке қатысты ресми статистика бір бөлек, өзіне-өзі қол жұмсағандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі суицидтің кейбір түрлері ресми статистиканың критерийіне сәйкес келмей, дерек ретінде тіркелмейді. Мысалы, адамдардың кенеттен жоғалып кетуі, артынан жарақатсыз мүрдесінің табылуы немесе жоғары жылдамдықпен көлікті басқару кезінде жол апатынан қаза табуы және басқа жағдайларды атау керек-ақ.

Отандық ақпарат құралдары жасөспірімдер арасындағы суицидті жиі көтереді. Бас прокуратураның дерегінше, 30-54 жастағы адамдар мұндай жағдайға баратынның 54,9 пайызын құраса, әрбір төртінші суицидті 55 жастан асқан адамдар (23,5 пайыз) жасайды. Өзіне-өзі қол жұмсауда 18-29 жастағылардың үлесі 17,3 пайызды құрайды. Егер жынысқа бөліп қарайтын болсақ, ерлер көп жағдайда өз өмірін құрбан етуге дайын тұрады екен.

Қазақстандағы суицид жағ­дайын Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Бахрейн, Италия, Испания, Грекия және Норвегиямен салыстырып саралау маңызды. Өйткені бұл елдерде өз-өзіне қол салу фактісі төмен. Оған елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалар халықтың тұрмыс жағдайын оңалтуға бағыттап, оң нәтижеге жетуі себеп болды. Ал біздің елдегі тұрғындар кредиттен кредитке дейін өмір сүреді. 2023 жылдың сәуір айында елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызы қарызын уақытылы өтей алмай тығырыққа тірелді. Бұл – ойлантатын күрделі мәселе.

ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында Қазақстан әлемде бірінші, ұлдар арасында Ресейден кейінгі екінші орында. Деректерді сөйлетсек, кәмелетке толмағандар арасында 2020 жылы – 144, 2021 жылы – 175, 2022 жылы 155 қайғылы жағдай тіркелді. Әр жылы өңірлерде жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайы әркелкі. Түркістан, Қос­танай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облысында суицид жиі тіркеледі.

Астана қаласы әкімдігінің Әдіс­темелік орталығына хабарласып, балалар арасындағы суицидтің алдын алу жолын сұрадық. Орталықтың психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлмира Қапанова:

– Зерттеулерге қарағанда, отбасындағы жанжал, ата-ананың ажырасуы, балаға қойылатын шектен тыс талап, физикалық зорлық-зомбылық және психологиялық қысым, отбасының материалдық қиындығы балалардың өзіне деген сенімін төмендетеді. Психологтар мен ұстаздар, әсіресе, ата-аналар баламен жиі тілдесіп, арман-мұратын біліп, рухани дүниесі мен дүниетанымына назар аударып, психоэмоционалды жағдайы мен суицидтік көңіл күйінің алдын алуы керек.

Скандинавия елдерінің кейбір өңірлерінде тәулігіне 20 сағатқа дейін түн болады. Табиғи құбылыс маусымдық аффективті бұзылуды тудырып, адамдардың денсаулығына кері әсер етті. Соның салдарынан ХІХ ғасырдың 60-80-жылдары Норвегия, Швеция, Дания және Финляндияда суицид фактісі жиі орын алатын. Бұл елдер әлеуметтік қамсыздандыру және психикалық денсаулық қызметін дамыту арқылы суицидке баратындардың санын төмендетті, – деді.

P.S: Бізде науқаншылдық басым. Көп жағдайда салдарымен емес, себебімен күресіп жатамыз. Мәселен, суицид жағдайын алатын болсақ, оның түпкі мәні – халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, адамдар арасында жылы қарым-қатынас әлсіреп кетуінен. Бұл ретте Скандинавия елдері секілді әлеуметтік қамсыздандыру және психикалық денсаулыққа көңіл бөлу маңызды. Бізге осы тәжірибе үлгі болатыны анық.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button