Мәдениет

Сырғанап серттен қайтпаған

Атақ-даңқы, мақсат-абыройы биік милиция генералы Өмірзақ Қоспанұлы – нағыз дегдар азамат. Жұмыс бабында айбынын асқақтатып тұратын қызмет формасында көрсең сұсты, қаһарлы көрінгенмен, тілдесе қалсаңыз мейірбан, кішіпейіл, қарапайым қалпына тәнті боласыз. Сөзі шегемен қаққандай нық. Адамның ішкі ойын, айтар сөзін бірден сезіп, әңгіме желісін өзі бастап, жылы жымиып отырады.

Өмірзақ Қос­панұлы Болсамбеков 1939 жылы 18 мау­сымда бұрынғы Ақмола қаласында дүниеге келген. 1956 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, ішкі істер органдарының жолдамасы бойынша Омбы қаласындағы арнайы милиция орта мектебіне оқуға түсіп, 1958 жылы Ақмола станциясындағы милиция­ның іздестіру қызметіне таға­йындалады. Бұл кезең – Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге бұрынғы Совет Одағының түкпір-түкпірінен адамдар ағыла бастаған кезең. Олардың арасында тың игеретін, тыңайған жерлерді халық шаруа­шылығына пайдаланып, ел экономикасын арттыру үшін келген энтузиастар болды, сол аймақтарға кездейсоқ келгендер де көп еді. Олар жер-жерде тәртіп бұзып, мемлекет қаржысын ысырап ету, ұрлық жасау сияқты келеңсіздіктер жасап, жұмысшылар арасында іріткі туғызып отыр­ды. Бұл орайда көлік полициясының құқықтық тәртіпті қорғаудағы зор еңбегін атап өту – парыз.

Жас офицер Өмірзақ Қоспанұлы жаңа жұмыс учаскесінде білім мен білігін, ұйымдастырушылық және кәсіби қабілетін көрсетіп, нағыз тәртіп сақшысы, қырағы, адал қызметкер екенін дәлелдеді. Жоғарғы орындардың назарына ілініп, 1962 жылы ол Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен РКФСР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Мәскеудегі жоғарғы мектебіне күндізгі бөлімге оқуға жіберілді. 1966 жылы бітіріп, туған қаласына көліктегі ішкі істер органдарына қызметке оралды. Жоғарғы мектепті бітіріп, терең біліммен қаруланып келген мықты кадр ретінде 1967 жылдан бастап Целиноград облыс­тық атқару комитетінің ішкі істер басқармасында түрлі басшылық лауазымда еңбек етеді. Жұмыс жеңіл болмаса да, қылмыстық іздестірудің жедел өкілі, анықтаушы, тергеуші бола білді. Қырағылықтың, тынымсыз із кесудің нәтижесінде қаншама қылмыстың бетін ашты. Кісі өлтіру, барымта, мемлекет мүлкін тәркілеу, қарақшылықпен күресу кәсіби шеберлікті, жедел әрекет жасауды, батылдық пен табандылықты талап етеді. Әріптестермен бірлесе отырып шешім қабылдау, ауызбіршілікпен ортақ мақсатқа жұмыла білу де маңызды тетік. Сергектік, байқағыштық, аналитика қабілетін дамыта түседі. Осылар – Өмірзақ ағаның бойынан табылатын қа­сиеттер. Осындай ерекшеліктерімен алдыңғы саптан көрінгендіктен, Целиноград облыстық атқару комитеті ішкі істер бөлімінің бас­тығы 1979 жылы штаб­тық жұмысқа тағайындалды. 1989 жылдан 1999 жылға дейін Целиноград облыстық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының бастығы, Қазақстан Рес­публикасы астанасының Алматыдан Ақмолаға көшуі кезеңінде ішкі істер органдарының жұмысын қайта ұйым­дастыруға қосқан орасан зор үлесін айтпай кетсек әділетсіздік болар еді. Қажырлы еңбегі бағаланып, Отанға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Рес­публикасының «Құрмет» орденін иеленді. КСРО және «Қазақстан Рес­публикасы ІІМ еңбек сіңірген қайраткері және ардагері», КСРО және Қазақстан Республикасы ІІМ көптеген медалімен марапатталған. Сонымен қатар Өмірзақ Қоспанұлы Ақмола облысының құрметті азаматы атанды. Осының бәрі – Отанға жан­қиярлықпен қызмет етудің жарқын айғағы. Мемлекетіміздің ішкі істер органдарының құрылуына, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың заңды құқығы мен мүддесін қорғауға қосқан зор үлесі үшін 1990 жылы милиция генералы арнайы жоғарғы атағы берілді.

Артынша ұзақ жылғы еңбектің зейнетін көретін уақыт келді. Құрметті демалысқа шыққаннан ке­йін де асыл ағамыз қоғамға қызмет етуден тыс қалмады. 2000-2007 жылдар аралығында Қазақстан Рес­публикасы құқық қорғау органдарының «Динамо» ерікті дене шынықтыру-спорт қоғамы төрағасының орынбасары болды.

2007 жылдың мамыр айынан бастап милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков – «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бұл ұйымның да көтерер жүгі, атқарар міндеті жетерлік. Жастарға патриоттық тәрбие беруде әрбір ардагердің айтары да, көрсетер жолы да бар. Жас офицерлер мен жоғарғы милиция мектебінің курсанттары тығыз байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда.

Өмекең өмір жолында мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да жаңылыспады. Офицер болу жүректің батырлығы, өзіне сенімді адамның батылдығы дегендей, мамандығын жазбай тапқан.

55 жыл отасқан асыл жары Рысбике азаматының қауіп-қатерге толы, шытыр­ман оқиғалардың белортасында жүретін жұмысын жан жүрегімен түсіне біліп, сенімді серігі бола білді. Ағамыз қанша дәрежеге жетсе, оған ерінің қас-қабағын баға білген ақылды әйелдің үлесі зор деп білеміз. Ұл-қыз тәрбие­леп, одан немере-шөбере сүйіп отырған бір бәйтерек, бір шынар Өмірзақ Болсамбековтің әулеті – тамырын тереңге тартып, жапырағы жайқалып отыр­ған үйлі шаңырақ.

Бүгінде 85 жасқа толып отырған, сырғанасы серттен қайтпаған, екі сөзді айтпаған, қандай жағдай туса да, адалдықты сақтаған милиция генерал-майоры Өмірзақ Қоспанұлын мерейлі жасымен құттықтаймыз!

Тау көшіп, таусылмайды дариялар, ел барда ердің ісін тани алар демекші, сапта тұрып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп, сара жол салған генерал ағамыздың жанкешті еңбегі мен өнегесін өмірдерегінен танып, Абай хакім айтқандай, толық адамды көрдік, Президент айтып жүрген адал адам бейнесін таныдық.

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА, Астана қаласы

Ардагерлер кеңесінің журналисі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button