Әлеумет

Табиғаттың тілін тапқан



Биылғы қыс асау мінез таныта қойған жоқ. Әншейінде көктемнің ортасына дейін ерімей жататын қардың көбесі бұл жылы тым ерте сөгілді. Сәуір тумастан жердің тоңы жібіп, қаладағы тіршілік түрленуде. Табиғаттың осынау тосын құбылысын синоптиктерден сұрап-білмек болып «Қазгидромет» орталығына бас сұққанбыз. Әрі-беріден соң, 23 наурыз – метеорологтардың кәсіби мейрамы емес пе?! Мекемеге барғанымызда ондағы мамандардың тыныс-тіршілігін де бақылап қайттық.

ERM_2835

Синоптиктерге салмақтылық тән

Бізді «Қазгидрометтің» жетекші инженер-синоптигі Ләззат Керімова қарсы алды. «Кездесуді әдейі кешкі уақытқа ұйымдастырдық. Күндіз мұнда қызу қарбалас» деп жымиды ол дереу. Сөзінің жаны бар. Өйткені, ғимарат тәулік бойы жұмыс істейді. Болжамдардың дәлдігі түске дейінгі жиналыста талқыланып, сол бойынша әр маман есеп береді. Одан соң өңірлердегі метеобекеттерден келіп түскен мәліметтер өңделіп, алдағы күннің ауа райы құрастырылады.

– Астананың ауа райын білу үшін біз Жердің солтүстік жарты шарындағы жағдайды зерттейміз. Яғни, планетадағы жалпылама ахуал кез келген мекеннің климатына әсер етеді. Сондықтан осыдан 66 жыл бұрын дүние жүзінің барлық синоптиктері бірігіп Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым құрды. Біріккен ұлттар ұйымының мұрындық болуымен ашылған бұл қауымдастық бүгінде мемлекеттер арасын­дағы метеорологиялық ақпарат алмасу процесін әлдеқайда жақсартты, – дейді Ләззат Керімова.

Республикамыздың түкпір-түкпірінде 327 «Қазгидромет» метеобекеті орналасқан. Оның 69-ы автоматтандырылған ре­жимге қосылған. Метеобекет қызметкерлері 3 сағат сайын ауа температурасын, желдің жылдамдығын, жауын-шашынның мөлшерін өлшеп, карта дайындайды. Ол карталар синоптиктер тілінде барика деп аталады екен. Қазақстанмен қатар, өзге де мемлекеттердің барикалары Бүкіләлемдік ме­теорологиялық ұйымға жолданады. Жұмыстары халықаралық деңгейдегі тапсырмалармен байланысты болғандықтан, мұндағы мамандар ағылшын тіліне де жетік.

Метеорология саласы сал­қындылықты талап етеді. Шелектеп жауатын нөсер, бет қаратпайтын бұрқасын, ми қайнатар ыстықты алдын ала сезіп, айналасын құлақ­тандыратын мамандардың сабырлы болмағы заңды да шығар. Әйтеуір, олар ештеңеге таң­ғалмайды, қоршаған ортаның ерке қылықтарына барынша байсалдылық танытады.

Жұмсақ қысқа жаһандық жылыну кінәлі

Шыны керек, орталыққа кі­рер кезде таудай темір-тер­сектің ортасына тап болармыз деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ондай дәуір келмеске кетіпті. Синоптиктердің бәрі заманауи техниканың көмегіне жүгінеді. «Ауа райын спутниктен түсірілген суреттер, шетелдік сайттар, рейтингтік диаграммалар мен сандық модель арқылы анықтаймыз. Одан бөлек, «Gismeteo» атты кәсіби бағдарламаны қолданамыз. Болжам жасалғаннан кейін оны бюллетень түрінде мемлекеттік ұйымдарға, Төтенше жағдайлар департаментіне, Ішкі істер органдарына, теміржолшыларға жібереміз» дейді жоғарыдағы кейіпкеріміз. Егер қолайсыз ауа райы туралы болжам жасалса, байланыс орталығына лезде хабарланады. Ол жұртшылыққа 112 нөмірінен СМС ретінде таратылады.

«Қазгидрометке» келіп түс­кен қоңырауларды орталық­тың диспетчері Гүлайым Манап қабылдайды. Оның айтуынша, қысқы мезгілде мектептердегі сабақтың болу-болмауын нақ­тылау мақсатында телефон шалатын ата-аналар көп. Биыл тек екі рет қана сабақ толықтай тоқтатылды. Былтыр мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған.

Мешін жылындағы қыстан қысылмай шыққанымыз рас. Ақ түтек боранға бойлары үйренген арқалықтар ауа тем­пературасының күрт артып кетуін түсінбей әлектенді. Жаһандық жылынудың ықпалы болар деп те топшыладық. Маманның алдына келіп тұ­рып, осы күмәнімізді бүгіп қалғанымыз жөнсіз болар еді. Біздің сауалымызға «Қаз­гид­рометтің» Ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасы басшысы Ардақ Кәлменова жауап қатты. «Уақыт өткен сайын жаһандық жылыну климатты кәдімгідей өзгеріске ұшыратуда. Мәселен, былтыр елордадағы ең төменгі температура – 30 градусқа жетсе, биылғы көрсеткіш бұдан 3-4 шкала жоғары. Жалпы, соңғы жылдары айлық нормадан 1-2 градус артығырақ тенденция байқалады. Мұнымен қатар, осы жылы циклон мен антициклон бірін-бірі алмастырып, соның кесірінен ауа райы құбылды» дейді білікті маман.

Халықтық болжамдар алдамайды

Синоптиктердің жұмысын психологиялық тұрғыдан ауыр мамандықтардың тізі­міне жатқызуға болады. Се­бебі, болжамыңның қан­ша­­лықты дәл шығатынына әр кез алаңдаулысың. «Үйге қайт­­қаннан кейін де терезеге қа­рағыштап, аспанның қабағын бағып отырамыз» деп ағынан ақтарылды орталықтағылар. Бір күнге немесе бір аптаға жасалатын болжамдар 99 пайызға орындалады. Ал айлық немесе маусымдық болжамдардың дөп келу ықтималдығы – 96 пайыз.

Әдетте журналистердің аузынан естіген ауа райы болжамына бұқараның көңілі толмай, синоптиктерге қатысты реніштерін білдіріп жатады ғой. Осы орайда «Қазгидромет» мамандары кейбір БАҚ өкілдеріне базынасын жеткізді. «Тек санаулы телеарналар ғана біздің болжамымызды пайдаланады. Бірақ халық барша тілшілерді бізден мағлұмат алады деп ойлайды. Диспетчерлік орталыққа телефон соғып, назын айтатындар баршылық. Адамдардың осындай сыңаржақ түсініктен ада болғанын қалаймыз» дейді олар мұңын шағып.

Бір қызығы, синоптиктер ауа райы жайлы ежелгі ырым­дарға құлақ асады екен. Күннің суытып, жердің қарайып, аяздың сынатын кезеңіне ата-баба­ла­рымыздың әртүрлі ұғым таңып кеткені белгілі. Мысалы, қазір дамылсыз соғып тұрған тентек жел бесқонақ деп аталады. Солтүстікте наурыздың аяғынан, оңтүстікте сәуірдің ортасынан бастап ұйытқитын дауыл бес күнге созылады.

Сонымен, синоптиктердің көкек айына берген болжамы мынадай: бұл мезгілде Астанада жауын-шашын қалыпты мөлшерден азырақ жауады. Алғашқы аптадағы ауа райы қыстағыға ұқсас. Көктайғақ болып, аяз күшейеді. Ауа температурасы – 20 градусқа дейін төмендейді. Ал айдың орта тұсы нөсерлі. Үшінші декадаға қарай күн жылынып, ығыр қылған суық басылады. Қысқасы, «сә­уір болмай, тәуір болмас».

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button