Басты ақпаратМәдениет

Тәуелсіздік – ел ұраны



Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Тәуелсіздік – ел ұраны» атты мерекелік гала-концерт өтті. Астана қаласы әкімдігіне қарасты мәдени ұжымдар мен шақырылған қонақтар қатарындағы белгілі әншілер өнер көрсеткен кешті ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек тамашалады. 

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этноансамблі концертке жиналғандарды әсем әуендермен қарсы алды. «АЛЖИР» мемо­риалды музей кешені Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Алаш қозғалысының 105 жылдығына арналған «Ұлтын оятқан ұлы тұлғалар» көрмесін ұйымдастырды.

«Наз» мемлекеттік би ­театрының «Ғасырлар үні» қойылымымен басталған концертті «Жастар» театрының «Желтоқсан құрбандарына арнау» поэтикалық композициясы жалғады. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі «Шаттан, елім» шығармасын ұсынды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова халық оркестрінің сүйемелдеуімен «Сәлем саған беремін» әнін әуелетті. Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклінен үзінді көрсетті. Елордалық филармония әншілері Жақсыгелді Маясаров, Нұржан Мейірхан, Әйгерім Нартүйе және Алуа Қалымбекова әннен шашу шашты.

«Есіл толқындары» ан­самблі ата-әжелерімізге жастық шағын сағындыртып, композитор Бақытжан Байқадамовтың «Су тасушы қыз» әнін тамылжытты. «Кешью» тобы «Қазақ арулары» әні және «Сүгірдің термесімен» жиналғандардың көңілін көтерді.

«Қанаттылар» инклюзив­ті театры жақында ғана ­премьерасы өткен жазушы-­драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Роза Мұқанованың Семей полигоны қасіретіне арналған «Қызжылаған» драмасынан үзінді ұсынды. «Bala time» балалар студиясы қойылым қойды. Музыкалық жас көрермен театры қазақ вальсінің королі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың өлмес әндерінен поппури орындады.

Белгілі әнші Қуандық Рахым «Мен қазақпын»  туындысы және «Молдабайдың әнімен» көрермендерді рухтандырды. Айдын Жұмабай мен Зарина Божақова Астана қаласының эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Астана – махаббатым менің» әнін орындады. Ал концертті осы оркестрдің сүйемелдеуімен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншілері Алтынбек Арыстан, Әйгерім Ораз, Мұратбек Хайролда, ­Диана Маева, Парасат Отан және Фируза Рахметова түйіндеді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button