Басты ақпаратЕл тынысы

Тәуелсіздіктен қастерлі ештеңе жоқ



«Ей, Алла, шашу етіп шаттығымды, Бұйырттың пешенеме сәтті күнді. Өзіңнің есіміңмен қатар қоям, Тәуелсіздік деген бұл тәтті ұғымды!» деп ақын Жүрсін Ерман айтқандай, біз үшін тәуелсіздіктен қымбат, тәуелсіздіктен тәтті ештеңе жоқ. Биылғы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сенатор Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫМЕН сұхбат құрып, елдік пен ертеңіміз туралы сөз қозғап едік.

30 жыл – бәріміздің тарихымыз

– Құрметті Мұрат Бақтияр­ұлы, ең әуелі өзіңізді еліміздің осы бір қастерлі мерекесімен құттықтаймын. Биыл 25 қазанда Республика күнін атап өтсек, енді, міне, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлағалы отырмыз. Сөзді осы екі мерекенің мән-маңызынан бастасақ.

– Егемендік, тәуелсіздік деген сөздер мәндес. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осыдан бастап біздің Отанымыз – Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең дербес мемлекет ретінде әлем картасынан ойып орын алды. Бір жылдан кейін еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады. Іле-шала Түркия бастаған мемлекеттер елімізді тәуелсіз ел ретінде таныды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл екі мерекенің де біздің ел үшін орны бөлек. Дегенмен 25 қазан бір мезгіл ұлттық мереке ретінде тойланып келді де, кейін мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Шын мәнінде, біздің елдің бас мейрамы өз егемендігін жариялаған күн болу керек еді. Ал оны 16 желтоқсанмен қабаттастыру тым ыңғайсыз. Әрине, 16 желтоқсанды біз тарихи күн деп білеміз. Дейтұрғанмен желтоқсанның да қабырғамызды қайыстыратын қасіреті қалың болды. 1986 жылы 17, 18 желтоқсан күндері Алматы қаласында қазақ ұлтының қаны төгілді. 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында тағы қан ақты. Ендеше мемлекет құрылған күнді осындай трагедиясы бар күнде тойлау моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынуы өте орынды шешім болды. Яғни биылдан бастап осы бір ұлық күн өз мәртебесін алды.

– Тәу етер тәуелсіздігімізді баянды ету үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

– Тәуелсіз ел болғанымыз­ға 30 жылдан асты. Осы 30 жылда бір ұрпақ өсіп жетілді, жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа Қазақстан, ескі Қазақстан деп бөліп, өткен 30 жылда түк істемедік, ештеңе көрмедік деп қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Өткен 30 жылдағы қазақ ұлтының қол жеткізген табысын ешкім сызып тастай алмайды. Ол отыз жыл – тек Елбасының ғана тарихы емес, бәріміздің тарихымыз. Басқасын айтпағанда, осы 30 жылда елімізді күллі әлем мемлекет ретінде танып, білді, шекарамыз шегенделді, еліміз нарық жүйесіне түсті. Ұлттық буржуазия қалыптасты.

Әрине, әттеген-айлар да аз емес. Соның бірі біздің көптеген азаматымыз Кеңес Одағы кезінде бөлінген мүліктен тыс қалып қойды. Олардың саны да аз емес, осыдан барып біздің елде кедейлік көрсеткіші артты. Кедей барлық елде бар. Бірақ осындай бай елде кедей-кепшіктің көп болуы ақылға сыймайды. Небәрі 19,5 миллион халықпыз, бірақ кедейіміз көп. Банкке қарыз қазақтың саны да аз емес. Оның үстіне халықтың тұрмысы күннен-күнге қиындап барады. «Жер байлығы халыққа ортақ» дейміз, сол байлық қайда кетіп жатыр?! Көпбалалы аналардың мәселесін шешуге, мүгедек азаматтарға қамқорлық жасауға, жұмыссыздықты азайтуға, баспана мәселесін шешуге біздің елдің экономикалық қуаты жетеді. Мұның бәрі – Үкіметтің жұмысы. «Жұмыс тауып бердік» деп азаматтарды 60-70 мың теңге жалақы беретін жерге жіпсіз байлап қою – бұл әділетсіздік. Шын мәнінде, Қазақстанда ең төменгі жалақы 150 мың теңгеден төмен болмауы керек еді, өкінерлігі, бұл қазір біздің елдегі орташа айлық деуге болады. Үйсіз, күйсіз, пәтер жалдап тұратын азаматтар 150 мың теңгемен қалай күн көреді?! Өткен 30 жылда біз осындай қайшылыққа толы қоғам қалыптастырдық.

Қазір халықтың әл-ауқаты күннен-күнге төмендеп, күн көрісі қиындап бара жатқаны рас. Азық-түліктің бағасы да күн сайын шарықтауда. Енді алдағы уақытта тарифтер жоғарылайды. Оны Үкімет қаласа да, қаламаса да өседі. Үкімет жалақыны көтергенмен, зат бағасы да өссе, айлықты өсіргенімізден не пайда? Біз кеше алдағы 3 жылдық бюджетті қабылдадық, бірақ мұның ішінде жаңа жоба өте көп, қазіргі кезде жаңа жобаны іске қосудың қажеті жоқ еді, меніңше, Үкімет сол жобаларды қысқартып, ең алдымен халықтың тұрмысына қатысты мәселелерді шешуге күш салғаны абзал еді. Әсіресе азық-түлік бағасын қымбаттатпау мәселесі өте өзекті болып тұр.

Кеше Президент ауыл халқына 2,5 пайызбен несие беруді тапсырды. Бірақ оған бөлінген сома өте аз. Бұл қаржы көбейсе, азық-түлік бағасын арзандатуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік туар еді. Ауылға мән беру керек, бізді асырап отырған – ауыл. Ауыл халқы болмаса, көкөніс, ет, бидай, күріш сияқты азық-түлік қайдан келеді?! Демек, ауыл тұрғындарына төмен өсімді несие беріп, оларды қолдау – өте дұрыс шешім. Бірақ сол несиені алғанша ауыл халқы табанынан тозып, титықтап кетпеуі керек. Ауылға бөлген ақшаны тағы да қалталылар мен шен-шекпенділер жырымдап кететін жағдайға қатаң тосқауыл қою керек алдымен.

Біздің елде көп айтылатын мәселенің бірі – баспана. Бұл мәселені де Үкімет мойнына алу керек. Кезінде бізде «Несиелі баспана» деген жақсы бағдарлама болған. Ол қазір жоқ, неше жүз мың немесе одан да көп адам баспана ала алмай жүр. Сондықтан Үкімет баспана мәселесін шешуді қолға алып, несиелі 1, 2, 3 бөлмелі үй салуды қайта қолға алу керек. Бір ауыз сөзбен айтқанда, біздің Үкімет көтере алмайтын шоқпарды белге байламай, баспана, жұмыссыздық мәселесін шешіп, қымбатшылықтың алдын ала білсе, осының өзі – үлкен жетістік.

Бізде мінез жетіспейді

– Үкімет қымбатшылықты еңсере алмады, отставкаға кетуі керек деп жатқандар да бар.

– Иә, Парламенттегі, Мәжіліс­тегі кейбір азаматтар Үкіметті ауыстыру деген мәселені көтере бастады. Бірақ сол Үкіметті жасақтауға қолдап дауыс берген сол азаматтар емес пе еді. Бұл өздерінің пікіріне өздері қайшы келу емес пе! Маған осы түсініксіз. Сын айту оңай, бірақ шын сын айтып, оның шешу жолдарын көрсетудің жөні бір басқа. Үкіметті ауыстырғаннан бірдеңе өзгереді деп мен айта алмаймын. Сондықтан да Үкіметке кім келсе де, мінезді, қатаң, көп нәрсеге жалтақтай бермейтін, десі басым, қателік жіберсе, мойнымен көтеретін турашыл тұлға келуі керек. Аяғын аттап басса, Ақордаға қарайтын, Әкімшіліктен аса алмайтын министр, басшылардан біздің қоғам шаршады. Мұны мойындағанымыз жөн.

Қазір мағынасыз жиналыс көбейді, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» дегендей, түкке пайдасы жоқ жиналыс өте көп. Шешіп жатқан мәселелері шамалы. Қазір жиналыстың кезі емес, жұмыс істейтін кез. Интернет жалпыласқан заманда жолға қаржыны, уақытты шығын қылудың қажеті қанша? «Жиналысты азайтыңдар» деп Президент те аз айтқан жоқ, бірақ жағдай әлі өзгермей келеді.

– Бізде «Президент пәрмен бермесе, әкім, министрлер өзі біліп жұмыс істемейді» деген де пікір бар ел ішінде.

– Дұрыс айтасыз. Кейде маған «Осы бізге Үкіметтің керегі не? Бәрібір олар Президентке жалтақтап, Президент Әкімшілігінің айтқанынан шықпайды, одан да Үкіметті таратып, барлығын Президент өз бақылауына алып, Президент аппараты жұмыс жүргізсе болды емес пе» деген ой да келеді. Мәселен, АҚШ-та Үкімет жоқ, Президент өзі жауапты. Шынын айтайық, қазір біздің елде Үкімет бір шешім жасау үшін жалтақтап отырады. Егер Үкімет басшысы мінезді адам болса, жалтақтамай апырып-жапырып жұмыс істер еді. Өкінерлігі, бізде әкімнің баласы әкім болады, таныстықпен мансап алады. Оларда қайдағы мінез?!

Алаш идеясы – қазақ идеясы

– Бізде ұлттық идеология бар ма?

– Біздің тәуелсіздік Алаш арыстарының тәуелсіздікке деген құлшынысынан басталады. Сондықтан Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеологиясы. Себебі Алаш арыстары шетінен ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға болды. Бүгінгі күнкөрісін емес, ертеңгі ұрпақ қамын ойлаған осы азаматтардың ұлттық идеологиясы арада қаншама жылдар өтсе де өз құнын жоймайды, себебі ол біздің ұлттың тағдырымен, тарихымен, болашағымен ұштасып жатыр. Әлиханның «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген атақты сөзі бар. Шынын айтайық, қазір бізде мінез жетіспей жатады, он ұлттың тілін біліп, қанша мамандығың болса да, ұлттық мінез болмағаннан кейін ұлтқа жаны ашымайды, қолынан да іс келмейді. Бізге жаңа идеология іздеудің қажеті жоқ, Алаш идеясын ардақтап, Абайдың ойын ұлықтасақ та ешкімнен кем-қор болмаймыз. Себебі ол – біздің ұлттық рухымыз. Ұлттық рух – ол ішкі энергия. Ұлттық рухын жоғалтқан ұлт көп ұзамай тарих бетінен де өшеді.

Алаш арыстары сол кезде Жапониядан үлгі алуды қуат­тады. Ал біз қазір әлі күнге дейін көршілерге жалтақтаумен келеміз. Шын мәнінде, біз АҚШ, Жапония сияқты дамыған, демократиялы елдерді үлгі тұтуымыз керек еді.

– Алайда біз сол Алаш ардақтыларын дұрыс ұлықтай алдық па?

– Алаш арыстарына ештеңе жасамадық деп аузымызды қу шөппен сүртпей-ақ қояйық. Біраз жұмыс істелді, аттарына көшелер беріліп, кейбірінің мүсіні тұрғызылды, кітаптары шығарылып, кинолар түсірілді. Мектептерге аттарын да бердік. Бірақ олардың идеяларын әлі толық насихаттай алмай отыр­мыз. Оқулықтарға олардың идеологиялары толық енгізілген жоқ. Былайша айтқанда, Алаш арыстарының еңбегі де, мұралары да әлі шашыраңқы. Меніңше, осыларды бір араға топтап, «Алаш аллеясы» дейміз бе, жоқ әлде басқа атау қолданамыз ба, әйтеуір бір тақырыппен Алаш қайраткерлерін бір араға топтап, бір орынға орналастыру керек сияқты. Астанадан бір жаяу жүретін көше жасап, сол көшенің бойына Алаш арыс­тарының мұражайын салып, оларға қатысты деректер мен ұлттық тарихымызды ұштастырып көрсетсек, ұлттық болмысымыздың иісі аңқып тұрар еді. Ол көшеде ашаршылық жылдарында қырылғандар мен соғыстың тақсіретін тартқандардың тағдыры, желтоқсан ызғары бейнеленсе, Алаш қайраткерлерінен тартып, кешегі Тәшенев, Қонаевқа дейін сол көшенің бойынан көрініс тапса, өте керемет болар еді. Әрине, оған бүгін көп қаржы жұмсалғанмен, оның игілігін ертеңгі ұрпақ көреді. Екінші жағынан, ұрпақтардың қолмен ұстап, көзбен көруіне мүмкіндік жасау. Әзербайжанда «Шейіттер аллеясы» бар, барлық шара сол жерде өтеді, бізге де осындай орта керек. Егер олай жасай алсақ, ол шетелдік қонақтардың да ат басын бұрмай кетпейтін маңызды орнына айналар еді.

Ақылымыз жеткенмен, амалымыз жетпеді

– Парламент Сенатының депутаты болдыңыз, он жыл ғұмырыңыз осында өтті. Осы он жылда қазақша жазылған заң қабылдап көрдіңіздер ме? Орындалмай кеткен өкініштер бар ма?

– Мен 12 жыл жоғары палатада сенатор боп қызмет істедім. Алдағы қаңтар айында мерзімім бітеді. Осы орайда сайлаушыларыма үлкен рақмет айтамын. Қызылорда облысынан сайландым, осы 12 жылда сол елдің аманатын ғана емес, бүкіл елдің міндет-тапсыр­масын орындауға тырыстым. Арал, Байқоңыр мәселесін, тіл, жер, ұлт мәселесін көтердік, кейбір мәселелер шешілді, кейбірі жауапсыз қалды. Демек, Парламент мінберін пайдаланып, халықтың үнін билікке жеткізуге тырыстым деп айта аламын.

Сіз де біздің Парламенттің жанды жерінен ұстап отырсыз. Ол – біздің заңдарымыздың өзге тілде жазылуы. 30 жылда мемлекеттік тілде екі-үш-ақ заң жазылды деген сөз масқара ғой! Бұл мәселені бірнеше рет көтердік, депутат сауалын да жолдадық, «дұрыс, өзгертейік» дейді де, аяқсыз қалдырады. Осы кезге дейін бұл мәселені шеше алмадық. Тіпті өзіміз де атсалысайық деп айттық. Бәрібір аяқсыз қалады. Депутат болып жүріп, орындай алмай кеткен бір маңызды ісіміз – осы. Қолымыздан келмеді, ақылымыз жеткенмен, амалымыз жетпеді.

Ендігі бір мәселе, біздің қабылдаған кей заңдарымыз жергілікті жағдайға сәйкес келмей, ол заң атқарылмай жатады. Оны біз қайта өзгерткен кезіміз де болды. Сондықтан Парламентте мемлекетшіл, білікті азаматтардың көбірек болғаны дұрыс. Қазір Парламентте ақын-жазушы, өнер адамдары көбейді, ол да дұрыс шығар, бірақ негізгі басымдық заңгер, қаржы саласының мамандарына берілуі керек деп санаймын. Парламент жастарды әкеліп, ұрандататын жер емес.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button