Басты ақпаратЕл тынысы

Тәуелсіздіктің қайнар бастауы



ХХ ғасырдың 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында қоғамда екі ірі оқиға орын алып, қазақ халқы ұлт ретінде оянып, рухани серпілді. Бірінші оқиға 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» заң қабылданып, онда қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай көрсетілді. Екінші оқиға 1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларациясы қабылданып, тәуелсіз мемлекет қалыптасуының алғашқы қадамы, бастау жолы қаланды. Біз екіншісінің маңызына кеңірек тоқталып, сол кездегі ахуалды сөз етеміз.

Сұлтан Сартаевтың жетекшілігімен білікті заңгерлер Зинаида Федотова, Николай Акуев, Тілеухан Қабдрахманов Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация­сын дайындауға атсалысты. «Республика – егеменді мемлекет. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» деп басталатын құжат 17 баптан тұрады. Декларация егемендік мәртебесін жариялап, елдің территориялық аумағы бөлінбейтіні, қол сұғылмайтыны көрсетілді. Ал мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінді. Сондай-ақ құжатта адам құқықтары мен бостандығы толық қамтылып, еркін тұлға қалыптастыру идеясы көрініс тапты. Бастысы, ұлт ретінде даму жолын таңдап, мәдени, діни ерекшелікті сақтап, өз тағдырын өзі шешу құқығы бекітілді».

Бұл құжаттың маңызды сипаты Қазақстан халқының биліктілік ой-мақсатының енгізілуі болып табылады. Қазақ КСР Конституциясы өкілді органдар арқылы және Қазақ ССР өздігінен жүзеге асыратын, дәл Қазақстан халқы, оның азаматтары (олардың ұлттық ерекшелігіне тәуелсіз) – Қазақ КСР мемлекеттік билігінің егемендігінің қайнар көзі болып табылады. Декларация ерекшелігі – мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауда таптық тіл табысудан бас тартуында болды. Республика территориясында тұратын азаматтарға, олардың ұлттық және партиялық айыр­машылықтарына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, діні мен жынысына, мекенжайына, кәсіп түріне қарамастан, КСРО Конституциясы мен Қазақ КСР Конституциясында қарастырылған барлық құқықтар мен еркіндіктер кепілдендірілді. Осы ретте азаматтық және ұлттық теңдікке қол сұғушылық заң бұзушылық болып жарияланды. Құжатта Қазақстанның халықаралық құқық субъектілігін жүзеге асыру қажеттілігін бекітетін жағдайлар мазмұндалды. Сол арқылы Қазақстан, «Қазақ КСР-дың мемлекеттік егемендігі жайлы декларацияға» сәйкес, халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде әрекет ету, сыртқы саясатты анықтау және сыртқы экономикалық іскерлік сұрақтарын өзі шешу құқығына ие болды.

«Отандық тарихымызда алғаш рет елді дамыту мақсатында демократиялық құқықтық мемлекет құру жайы айтылды, сол арқылы азаматтық қоғам құруға негіз қаланды. Социалистік республиканың нормативтік заң актісінде алғаш рет мемлекет негіздерін анықтауда таптық тәсіл болмады және «жұмысшылар», «шаруалар», «интеллигенция» ұғымдары да кездеспеді.

Декларацияда Қазақ КСР мемлекеттік билігінің бастауы және егемендіктің жалғыз иесі Қазақстан халқы деп мәлімделді. Ал Қазақстан халқын республикадағы барлық ұлт азаматтары құрады.

Тарихи құжатта республиканың барлық азаматтарының лайықты және тең дәрежеде өмір сүруге талпынысы көрініс тапқан, экологиялық қауіп көздері болатын нысандар қызметі мен жұмысына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттары да енгізілген.

Декларацияда Қазақ КСР-нің ең маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті нығайту және қорғау, сақтау, қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын өзге де ұлттардың ұлттық құндылықтарын нығайту және өзіндік мәдениеті мен дәстүрін, тілін жаңғырту және дамыту деп бекітілді.

Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. «Егемендік Декларациясын» халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады

Қазақ КСР аумағы бөлінбейді, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім де пайдалана алмайды деп көрсетілді». Аталмыш декларацияда алғаш рет мемлекеттік биліктің ұлықтылығы, оның дербестігі мен республика ішінде толықтығы, сонымен қатар сыртқы қатынастарда республиканың егемендік құқығын бұзатын КСР Одағы жоғары органдары акті қимылдарын өз аумағында тоқтатуға құқылы екендігі бекітілді. Мемлекеттік билікті заң, орындаушы және сот деп бөлу қағидаттары жария­ланды. Қазақ КСР Президенті Республика басшысы болады және жоғары өкілетті атқарушы билікке ие болды. Заң билігін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы сотына тиесілі болды. «Бұл құжат бойынша Қазақстан елі халықаралық қатынастарда дербес толыққанды объект ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға мүмкіндік алды. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.

Президент – Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурс­тар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Декларацияда: «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмаз, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. Декларация бойынша Қазақ КСР-іне өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға құқық берілді. Мемлекеттік егемендік туралы құжат республиканың егемендігін баянды еткен тұңғыш заңнамалық акт болды. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 ж. 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

Сонымен, Мемлекеттік Егемендік декларациясы – егемендікті білдіретін құр мәлімдеме ғана емес, шын мәнінде, заңдық күшке ие маңызды құжат болып табылады. 1991 ж. 10 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» «Қазақстан Республикасы» деп өзгертілді. Ал 16 желтоқсанда 7-сессияда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы айтулы мерекемен халыққа жолдаған құттықтау сөзін келесі сөздермен жалғады: «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.

«Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйыр­ды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі.

Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зия­лылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. «Егемендік декларациясын» халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. «Егемендік декларациясы» – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады» деді Мемлекет басшысы.

«Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Былтырдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ.

«Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды» деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1991 жылдың 16 желтоқсанында – «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осы сәттен бастап, республика өз аумағында барлық билікті жүргізетін, ішкі және сыртқы саясатын өзі анықтап, өзі жүргізетін тәуелсіз, демократия­лық және құқықтық мемлекет құзіретін заңды тұрғыда рәсімдеді. Бұл заңды көпұлтты бүкіл Қазақстан халқы күткен еді. Бұл сан жылдар бойы тәуелсіздік үшін күресіп келген жүздеген ұрпақтың арман-мүддесінің орындалуы еді. Осы тәуелсіздіктің нәтижесінде біздің республика БҰҰ-ға мүшелікке өтуге, өз еркімен халықаралық аренаға шығуға, басқаның нұсқауы бойынша емес, өз еркімен өркениетті түрде болашаққа қадам жасауға құқылы болды. Әрбір қазақстандық өз өнері мен қабілетін туған республикасына беруі керек, халықтың өмір сүру деңгейі көтеретін нарықтық экономикаға тезірек өтуге ықпалын тигізуі керек. Тәуелсіздік, егемендік статусты республика халықтарына жаңа Конституцияны жасаумен байланысты сұрақтарға, азаматтық және миграциялық процестердің мәселелеріне жаңаша көзқарастың орнығуына мүмкіндік берді. Қазақ халқы тәуелсіздікке дейін ұзақ та қиын жолдан өтті. 1986 жылы желтоқсан айында тоталитарлық жүйенің орталығына қарсы наразылық білдіруге шыққан жастардың арманы да осы болатын. Осылай республиканың тәуелсіз ел болуына елдегі демократиялық бағыт себеп болды. Ал декларативті интернационализммен емес, ақиқаттығымен ерешеленетін мұндай мемлекетте қазақ халқы өзінің ұлттық тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қала алады».

1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларация 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен теңдей жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституциялық-құқықтық іргетасын қалады және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін рәсімдеу жолындағы негіз болатын заң актісі болды».

Сонымен, егемендік туралы декларациясын ұлттық құндылықтарды айқындауда, қажетті заңдар жиынтығын анықтап алуда маңызды рөл атқарып, тәуелсіздік жолындағы тарихи қадам болды деп қорытындылауға болады.

Тілеген САДЫҚОВ,

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button