Ел тынысы

Таланттар ұстаханасы



– Астанада ең алғаш ашылған білім ордаларының бірі – Қазақ ұлттық музыка академиясы. Елордамен бірге өсіп, қанаттанған  оқу ордасы 25 жылдан бері өнер саласындағы ұлттық мәртебеге ие төрт жоғары оқу орнының бірегейі саналады. Еліміздегі өнер саласын дамытып, жоғары кәсіби деңгейдегі музыканттар даярлау мақсатында 1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қау­лысымен Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы құрылған болатын. 1998 жылдың маусымында Астананың ресми тұсаукесері өтсе, сол жылы Қазақ ұлттық музыка академиясы да салтанатпен ресми ашылды. 2009 жылы жаңа мәртебеге ие болып, Қазақ ұлттық өнер университеті атанды.

Қазақ ұлттық өнер университеті Астана қаласы елордамыздың мәдени орталығы ретінде мәртебесінің қалыптасуына үлкен үлес қосуда. Университеттің шәкірттері әлемге танымал музыканттар – Димаш Құдайберген, Рухия Байдукенова, Ержан Максим, Рахат Би Әбдісағи, Арман Жайым, Азамат Жылтыргөзов, Евгений Чайников, Азат Мәлік, Айзада Капонова, Сүндет Байғожин, Олжас Құрманбек, Эльдар Сапараев, Владимир Дё, Салтанат Ахметова және басқалар. Түлектеріміз барлық елордалық театрлар мен қаланың мәдениет мекемелерінде жұмыс атқарады. Жыл сайын университет концерттер, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізеді.

Астананың тұрғыны ретінде бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, өйткені біздің бүкіл арманымыз елорданың болашағымен байланысты. Астанам – ару қалам, асқақ ордам! Мәдениеті, өнері өркендеген Астанада бәрі бар: оқу ғимараттары, концерт, көрме залдары, театр сахналары, кинотүсірілім павильондары, спорт алаңдары және тағысын тағылар. Арайлы Астанамыздың  одан әрі дамып, өркендеуін тілей отырып, Қазақ ұлттық өнер университетінің жаңа кампусы салынса деп армандаймын.

Айман МҰСАҚОЖАЕВА,

Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button