ЖаңалықтарМәдениет

ТАЛАНТТАРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН «ЖІБЕК ЖОЛЫ»



_DSC4944

«Астана Опера» театрының Үлкен залында ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатына арналған Гала-концерт болды.

Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған керемет кеште антикалық дәуірлерден-ақ өрелі өнерімен аты шыққан Италиядан арнайы шақырылған атақты сырнайшы Нелло Сальца мен дәулескер дирижер Массимо Скапин бастаған сахна саңлақтары барын салып бақты. «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі ойнауға өте күрделі пьеса саналатын Ж.Б.Арбанның «Венеция карнавалы» тақырыбындағы вармациясын орындады. Бүгінде елордамыздағы ең іргелі мәдениет ордасында еңбек етіп жүрген Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі балет труппасының жаңа хореографиялық нөмірлері де көпшілік көзайымына айналды. Концерттік бағдарламада сондай-ақ, классикалық музыка жауһарлары да кеңінен қамтылды.
Осы орайда айрықша айта кетерлік бір жайт, 25 қыркүйекте шымылдығы түрілген бұл фестиваль еліміздің мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиға ретінде есте қалды. Бір жарым ай бойы алтын сарайдай «Астана Опера» театрының самаладай сахнасында жаһандық операның жарық жұлдыздары италиялық Джулио Боскетти, жапониялық Акико Хоякава, алманиялық Михаил Агафонов, ресейлік Михаил Веку, өзбекстандық Нәжмиддин Мавлянов және басқалар әуелетіп ән шырқады. Астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұзын-саны 14 қойылым, 9 концерт ұсынылды.
Қазақстандық өнерпаздар өздерінің шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, орындаушылық ерекшеліктің қыр-сырын меңгерді. Мұндай кәсіби шыңдалу мектебінің шеберлік дәрістері кім-кімге де пайдалы болса керек.
Астанаға ат басын бұрған мәртебелі меймандарымыз да ағынан жарылып, жылы пікірлерін білдіріп жатты. Көптеген музыканттар «Жібек жолы» фестивалінің арқасында қазақ өнерінің асыл қазыналарымен танысуға мүмкіндік туғанын аса ризашылықпен атап өтті. «Фестивальға шақырылғанымда, жергілікті халықтың төл туындыларын орындағым келді. Алдын ала ақылдасу арқасында қазақстандық әріптестерім көрнекті композиторларыңыз Мұқан Төлебаевтың «Поэма» атты шығармасын берді. Онымен танысқан бойда көкейіме қона кетті» дейді әйгілі жапониялық скрипкашы Кен Айсо.
Ал, польшалық опера әншісі Катажина Мацкевич Қазақстанда опера мен балетке үлкен қызығушылықтың барлығына қуанатынын жасырмады. Оның дәлелі ретінде әрбір көрсетілімі толық аншлагпен өтетін ғажайып театр ғимаратын алға тарта сөйледі.
«Астана Опера» театрының мұрындық болуымен ұйымдастырылған мұндай ірі іс-шаралар тәуелсіз мемлекетімізді дүние жүзіне кеңірек танытуға игі әсерін тигізері анық.

Талғат БАТЫРХАН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button