Мәселе

«Талдыкөл» тағдыры талқыланды



Талдыкөлдің аумағындағы ескі қорымдар мен зираттар қоршалып, жөнге келтіріледі және зират ретінде танытатын белгілер қойылады. Сонымен қатар Үлкен Талдыкөл жасанды жолмен қайтадан сумен толтырылып, айналасына құрылыс салу тоқтатылады. Кеше елордадағы №5 балалар кітапханасында өткен «Кіші Талдыкөл аумағындағы ескі қорым мен зираттардың бүгіні мен ертеңі» атты ғылыми-практикалық конференцияда қатысушылар осы мәселені кеңінен қозғады.

Жиынға Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов және Талдыкөлдің тарихын білетін осы өңірде туған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар қатысты. Талдыкөлдің киесі мен қасиетін тарихшылар өз зерттеулері арқылы баяндаса, ата-бабалары осы жерде жерленген, өздері көлдің суын ішіп өскен ауыл қариялары көрген-білгендерін ортаға салды.

– Қазіргі таңда біз топографиялық үйлестіру жұмыстарын жасадық. Төрт зират орнын белгіледік. Сол жерлерді қоршаймыз және ресми қорым зират деген атау береміз. Арнайы құран оқытатын алаңқайы, қорым деген жазуы бар тақтайша қойылады. Соған сәйкес ол жерлер заңмен қорғалатын болады. Жылда бұл орындар айналасын аудан бюджеті арқылы абаттандыру да көзделуде, – деді Д.Бабамұратов.

Кезінде осы маңда 1964 жылға дейін Талдыкөл деген ауыл болған. Сол ауылда туған Ғабит Мамыраев, Алтынай Ермекбайқызы және басқа да қариялар сол ауылдың тарихы мен көлдің қасиеті туралы тамаша естеліктер айтты. Тарихи тағылымдық мәні зор кездесуден кейін ендігі жерде Талдыкөлді тек қалпына келтіру жұмыстары ғана жүргізілетініне зор сенім ұялады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button