Ел тынысы

Тақия киіп аттанды



Оңтүстік Кореяда қысқы спорт түрлерінен жасөспірімдер Олим­пиадасының байрағы көтерілді. Оған қазақстандық спортшылар да аттанды. Көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған жастар ел намысын лайықты қорғайтынына сенеміз. Бізді ұлттық құрама мүшелері киген форма қызықтырды.

Ақ пен көк түс үндестік тапқан формада ұлттық орнамент үйлесіпті. Бәрінен бұрын құрамаға енген ұлдар да, қыздар да тақия киіп, ұлттық киімді дәріптеуді мұрат етіпті.

Қысқы спорт түрлері бо­йынша олимпиадалық даярлау орталығының директоры Ардақ Түлендинге хабарласып, жарысқа сәттілік тілеп, форманың дизайн-идеясын қайдан алғанын білдік.

– Кореяның Канвондо провинциясындағы Олимпиадалық қалашыққа орналастық. Спортшыларымыз алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді. Команда мүшелерінің ауызбіршілігі жақсы. Олимпиада­шыларымыз жаттығу кезінде, асханаға барғанда формасын мақтанышпен киіп жүр. Оған өзге елдің спортшылары қызыға қарап, бірге суретке түсуде.

Форманың идеясына келетін болсақ, олимпиадалық даярлау орталығының мамандарымен ақылдаса келіп, жастар тақиямен жүргенін дұрыс деп шештік. Бұл идеяны министріміз де қолдап, бекітті. Біз өзгелерді өзіміздің ұлттық ерекшелігімізбен, құндылығымызбен таңғалдыра аламыз.

Далада өтетін спорт түрлерінде спортшылар жылы киінеді, ал ғимарат ішінде өтетін жарыста және марапаттау салтанатында тақия киіп жүреді. Бұл жастарды рухтандырады, – деді Ардақ Түлендин.

Дұрыс көзқарас, ұтымды шешім. Ұлттық нақыштағы форма – елдіктің бір нышаны. Токио Олимпиадасында Қырғызстан құрамасы айыр қалпағын киіп шыққанда сүйсінген едік. Париж Олимпиадасына біздің ұлттық құрама да тақияны киіп шықса қандай жарасымды болар еді!

– Қыздардың тақиясы ұлттық нақыштағы оюмен өрнек­телген ақ түсті, ұлдардыкі қара түсті. Формадағы көк байрақ көзге бірден түседі. Қалашықта жүрген командалар арасында эстетикалық тұрғыда тартымдысы біздікі деуге болады. Әуежайға қонған кезде кореялықтардың назары біздің тақияға түсті. Олим­пиада қалашығына бізбен бірге келгенде Австрия мен Венгрия спортшылары таңданып, бірге суретке түсуді ұсынып жатты. Бастысы, жастар жеңісті жолды жаңылмай тауып, әнұранымызды көптеп шырқатса, – деді Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

Біздің олимпиадашылар спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығына таласады.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button