Басты ақпаратҚұқық

Тараптар татуласуы шектелді



Тұрмыстағы зорлық-зомбылық – өзекті әлеуметтік мәселе. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Жеке бас­тың құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық» бабы бойынша жаза қарастырылған.

Бүгінгі таңда отбасы-тұрмыс қатынасындағы заң­сыз әрекеттер­ ­ел­ор­дада тыйылмай келеді. Статистика мәліметіне сенсек, бас қалада Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты былтыр тұрмыстағы зорлыққа қатыс­ты 482 іс қарап, 37 әкімшілік іс тараптардың өзара бітімгершілікке келуіне байланысты медиация тәртібімен қысқарған. 254 адамға ескерту берілсе, 217 азамат қамауға алынып, 4-еуі айыппұл арқалады. 2024 жылдың 4 айында ғана осы бағытта 103 іс қаралып, 43 әкімшілік іс тараптардың өзара бітімгершілікке келуіне байланысты қысқарды. 65 адамға ескерту берілсе, 32-сі қамауға алынып, 15-іне айыппұл салынды.

2023 жылдан бастап ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша құқық бұзушыға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Сондай-ақ 73-баптың 2-тармағы ұрып-соғу 1-1-бөлігімен, яғни құқық бұзушымен отбасы-тұрмыс қатынасындағы орын алған жағдайға ескерту жасау немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу бөлігімен толықты. Бұл жерде ерлі-зайыпты арасында жанжал туындап, бір-біріне қол көтерсе, ол әкімшілік теріс қылық ретінде бағаланып, сот кінәлі тарапқа жаза тағайындаған кезде, шаңырақты шайқалтпай, отбасын сақтап қалу және татуластыру мақсатын көздейді. Өйткені шешім шығару алдында сот жәбірленушінің жазаға қатысты өтінішін де ескереді. Сот тәжірибесі көрсеткендей, кодекстің бұл бабы бойынша қаралған істерде жәбірленуші тек әйелдер бола бермейді, ер-азаматтар да дене жарақатын алып, әйелінің немесе басқа да жанұя мүшелерінің үстінен арызданатын кез аз емес.

Қазір Мемлекет басшысы отбасы-тұрмыс қатынасы аясындағы құқық бұзушылықтан туындап отырған мәселелерге баса назар аударып отыр. Сондықтан жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Енді тұрмыстағы құқық бұзушылықты тіркеу арыздану сипатынан құқық бұзушылықты анықтап ашу сипатына өтті. ӘҚБтК-нің 64-бабына енгізілген өзгерістер жәбірленушілердің шағымынсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Егер бұрын жәбірленушіден арыз талап етілсе, енді тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша уәкілетті орган істі тікелей қозғай алады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Сонымен қатар тараптардың татуласу мүмкіндігі шектелді. Енді тек бір-ақ рет татуласу мүмкін болады. Осы кодекстiң бұрынғы талабына сай отбасы-тұрмыс қатынасында орын алған құқық бұзушылық жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалып, тіпті бірнеше қайтара теріс қылық танытып, құқық бұзушылық жасаған тұста да отбасы мүшелері татуласқаннан кейiн іс тоқтайтын. Ал жаңа 64-бапта бұл талаптар өзгеріп, 1-1-бөлікпен, яғни осы кодекстің 73, 73-1 немесе 73-2-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасаған адамдар, егер олар жәбірленушілермен, өтініш берушілермен татуласса, соның ішінде медиация жолымен татуласып, келген залалды өтесе, сот оларды әкімшілік жауапкершіліктен босата алады. Бұл – құқық бұзған адам тек бір мәрте ғана татуласу мүмкіндігіне ие деген сөз. Егер әрекетті қайталап жасаса, жәбірленушімен татуласса да, жауап­кершіліктен босатылмайды. Отбасы-тұрмыс қатынасында құқық бұзушылық жасағандардың жазалау шарасы қатаңдап, әкiмшiлiк қамаққа алудың нақты мерзiмi белгiлендi. Сондай-ақ қайталап жасалған құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк қамаққа алудың мерзiмi 25 тәулікке дейін ұзарды.

Ләйла МҰЗДЫБАЕВА, Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button