Мәдениет

ТАСҚА ТҮСКЕН ТАРИХ



Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Тәуелсіздік сарайында еліміздегі үш жетекші музей – қорықтарының көрмесі өтті

Бізді алдымен «Есік» қорық-мұражайының жәдігерлері қызықтырды. Оған «Сақ мәдениеті» деген атау берілген. Бұл мекеме Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, ертедегі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Бүгінде аталған музейге «Есік І» қорымдарына жататын 80-нен астам қорғандар мен «Рахат» және «Өрікті» сынды ежелгі сақ қалалары кіреді. Осы қорғандар тобынан 4 мыңнан астам сақ дәуіріне жататын алтын бұйымдар табылған. Қысқасы, тарихы бай қорық. Айтулы шараға жиналғандар өткен ғасырда әлемдік сенсация болған «Алтын адамның» құпиясымен, Жетісу сақтарының жаңа табылған археологиялық олжаларымен, дүниедегі ең көне кілем саналатын «Пазырық кілемімен» танысты.

Бұл құнды мұралар туралы сұрағанымызда «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Әсел Әмірбекова: «Мұндағы жәдігерлер алдыңғы таңбалы тас мәдениетін көне сақ мәдениетімен жалғастырушы экспозиция ретінде бірін-бірі толықтырады» деп жауап берді. Сондай-ақ, «Алтын адамды» алғаш ашқандардың бірі, әйгілі археолог Бекен Нұрмұханбетовке арналған фотокөрменің өзі көркемдігімен көз тартады.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еңген «Таңбалы» қорық-мұражайының «Таңбалы петроглифтері» атты көрмесінде аталған кешеннен табылған қыш ыдыстарының түпнұсқасы мен жүзге тарта әртүрлі дәуірге жататын жартас суреттері мен көшірмелері көрсетілді. Оның бәрінен қырық қатпарлы тарихтың тұңғиығынан ой сүзесіз.

Үшіншісі «Ұлытау әлемі» деп аталды. Бүған «Ұлытау» қорық-мұражайының экспозициясындағы жәдігерлері ұсынылды. Келушілер Ұлытау табиғи-мәдени ландшафтының ерекшелігімен танысты. Онда қасиетті өңірдің тыныс-тіршілігін баяндайтын фотоколлаждар, Талдысай қонысының фотопрезентациясы, «Әлемдік тау» архетипі іспеттес сақ обалары мен тас мүсіндердің суреттері қойылған.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button