Мәдениет

ТӘТТІМБЕТ ТАҒЫЛЫМЫ



IMG_0021

Қазақ ұлттық өнер университетінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Арқадағы шертпе күй мектебінің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығына арналған концерт өтті. Тойға тарту ретінде Тәттімбеттің музыкалық мұрасы топтастырылған күйтабақ пен күйші туралы құнды деректер жинақталған фотоальбом таныстырылды.

Тәттімбет Қазанғапұлы елу жасқа жетпес ғұмырында әртүрлі тақырыпты қамтып, 40-тан астам күйдің авторы атанды. Бір «Қосбасар» атты күйінің өзі бірнеше тарауға жіктеледі. Қазақ руханиятының білгірі Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде Тәттімбеттің күйлеріне терең талдау жүргізіп, әр күйдің шығу тарихына кеңінен тоқталған. Музыка зерттеушісі, академик, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» кітабында Тәттімбет шығармашылығының өзге өңір күйшілеріне әсері жөнінде баяндайды. Соның ішінде Жетісу күйшілік мектебінің өкілдері үлгі еткенін айтады.
Қазақ тарихында тұңғыш ұйымдастырылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің репертуарына Тәттімбеттің «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері енгізілгенін де айта кеткен жөн. Түпнұсқадан бұл күйлерді жеткізген шертпе күйдің шебері Әбікен Хасенов болды. Көрнекті композитор Латиф Хамиди оның орындауындағы бұл күйлерді алғаш рет нотаға түсіріп, Ахмет Жұбанов екеуі жазған «Абай» операсында қолданды. «Қосбасар» мен «Былқылдақ» күйлері Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында орындалады.
Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов пен сан өнерді бо­йына тоғыстырған Таласбек Әсемқұловтың көркем туындыларында Тәттімбеттің тұлғасы мен өшпес өнері айшықталады.
Тәттімбет күйлерінің осы заманға жетуіне Әбікен Хасеновтен кейін Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов сынды дәулескер күйшілер еңбек сіңірді.
Тәттімбет күйлерінің жинағы тұңғыш рет 1988 жылы Ермұрат Үсеновтің құрастыруымен жарық көрді. Осыдан тура он жыл бұрын Айтжан Тоқтаған мен Мұрат Әбуғазиннің редакциясымен бұл жинақ толықтырылып, қайта басылды. Тәттімбет күйлерінің толық топтамасын белгілі домбырашы, ұстаз Біләл Ысқақов «Сарыарқа саздары» деген атпен шығарды. Бұл еңбекте Тәттімбет күйлерімен қатар оның мектебін құрайтын Арқа күйшілерінің бәрі қамтылған.
Тәттімбет тек күйші ғана емес, қайраткер тұлға еді. Қарқаралы дуанындағы Нұрбике-Шаншар елінде 12 жыл бойы болыс болған. Атақты Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың қатарында да оның есімі аталады. Тәттімбет Арқа жерінде алтын кенін ашты деген деректер де кездеседі. 1855 жылғы 24 нау­рызда Санкт-Петербургте Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыруына байланысты той өтті. Арқа жұртшылығына ардақты бірнеше азаматпен бірге бұл тойға Тәттімбет те қатысып, өзінің тамылжыта тартқан күйлерімен өнерсүйер қауымның назарын аударып, күміс медальға ие болды. Бұл белгілі деректерді концертке қатысқан Біләл Ысқақов жаңғыртып, Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен жиналғандарды тамсандырды.
Бұл кеште Тәттімбет күйлерінің ғана емес, жалпы алғанда шертпе күй салтанат құрды деп айтсақ, артық болмас. Арқада Тәттімбеттің әсерінен ішінара бөлінетін бірқатар орындаушылық мектептер қалыптысты. Соның ішінде Тәттімбеттің туған жері – Қарағанды өңірін алайық. Белгілі күйші, ұстаз Жанғали Жүзбаев оны былай жіктейді: Тоқырауын орындаушылық мектебінің өкілдері – Әшімтай Қарымсақұлы, Манарбек Ержанов, Аққыз Ахметова, Сатан, Мұхсин, Мағауия Хамзин, Жақсылық Омашев, Қайрат Айтбаев; Ақсу-Аюлы орындаушылық мектебі – Итаяқ, Қыздарбек, Мақаш, Сембек, Әбди, Әбікен, Бегімсал Орымбеков, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев, Арман Қадірбек, Нұрғаным Жексенбаева; Жаңаарқа орындаушылық мектебі – Сайдалы сары Тоқа, Дайрабай, Сейфолла Оспанов (Сәкен Сейфуллиннің әкесі), Амантай Бозмағамбетұлы, Мұхит Битенов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Мұхаметжан Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Алпысбай Тұрсынбеков, Жанболат Әбілдинов.
«Бұл аталған орындаушылық мектептердің күй шерту үлгісінде анау айтқандай айырмашылық болмағанмен, күйдің ішкі интонациялық табиғаты әртүрлі қалыпта дамиды» дейді ол.
Концертте осы айтылған барлық мектептер қамтылды. Әсіресе, Арқа күйлерін шебер орындаушы, бірнеше күйдің авторы Мұхаметжан Тілеуханов сахнаға көтерілгенде халықтың оған деген ықыласы ерекше болды. Дүркірете қол соққан жұрттың шапалағынан шабыт алған күйші де домбыраны арқалана тартты. Одан кейін Секен Тұрысбек, Рымхан Әбілханов, Сәрсенғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Ардаби Мәулет, Ақжусан Имамғазы, т.б. орындаушылар концертті жалғады. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрдің орындауындағы күйлер де концерттің әрін аша түсті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент басшысының орынбасары Нұрболат Ахметжанов екі жылдан кейін елордада өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне орай мәдени бағдарлама даярланып жатқанын, оған Тәттімбеттің күйлері де кіретінін айтып, күйшінің мұрасына бейжай қарамайтын жандарды қуантты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button