Басты ақпаратҚала мен Сала

Таза әрі жасыл шаһар



Бас шаһардың озық қаланың біріне айналуында «жасыл» экономика маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда елордада «Таза Қазақстан» көктемгі тазалық акциясы екі ай бойы жалғасып, шаһарды абаттандыру және тазалау жұмысы қарқын алды. Қаланы көз тартарлықтай көгалдандыру үшін биыл 900 мыңнан аса жасыл желек отырғызылмақ. Бұдан басқа, Астана экологиясын жақсартуға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Сауалға Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жауап берді.

Ауаны тазартудың жолы қандай?

– Елордадағы түтінмен күрес және ауаның ластануы мәселесінің басты шешімі – көгілдір отын. Бүгінгі таңда 24,4 мың жеке үйдің 200 мыңға жуық тұрғыны бар 12,2 мыңы (49%), оның ішінде 10,2 мыңы (40,9%) газға қосылған. Қазіргі кезде «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Теміржолшылар», «Пригородный», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» тұрғын алаптарының, сондай-ақ Потанин-Мәскеу, Нұрбесік, Ақбидай, Қазақ ауылы көшелері тұрғындарын газ құбырына қосу қамтамасыз етілді. 2023 жылы аудандық «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-Шығыс» қазандықтарына және «Үркер», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс» тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды.

Осылайша 2026 жылы елордада 300 мыңға жуық халық (газбен қамтуға жататын халықтың жалпы саны) газға қолжетімділікпен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы, газдандырудың әсері, яғни атмосфералық ауаның сапасын жақсарту кезең-кезеңімен болады, бұл шығарындылардың жылына 40 мың тоннаға төмендеуін қамтамасыз етеді, – деді өз сөзінде қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Спикердің айтуынша, соңғы 5 жылда қалада автокөлік саны 20,2%-ға өскен (349 мың 468 бірліктен 420 мың 120 бірлікке). Автокөлік санының артуы және қала қиылыстарында жиі кептелістердің болуы ауа лас­тануына әкеп соғады. Осыған байланысты елорда экологиялық таза көлік түрлеріне көшуді жолға қоймақ. Оның ішінде веложолдарды көбейту негізге алынған. Бүгінде оның жалпы ұзындығы – 64,5 км. Сонымен қатар қалада 1 000 мың бірлік электр көлігі және 51 қуаттау стансасы бар.

Астана қаласында экология­лық жағдайды жақсарту мақсатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен бекітілген «Астана және Алматы қалаларының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» іске асырылуда, онда Астана қаласының әкімдігіне 14 іс-шара жүктелген.

Жасыл желек жамылады

«Қаламызды көгалдандыру – жайлы өмір сүрудің бір бөлігі. Қала ауқымды көгалдандыру жұмысының алдында тұр. Былтыр бір миллионға жуық жасыл желек (984 591) отырғызылса, биыл да 900 мыңнан аса жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Еуропадан ірі ағаштар мен көпжылдық гүлдер бар. Биыл Астана аумағында 3 миллионнан астам біржылдық және 500 мың шамасында кілем тәрізді гүл көшеттерін отырғызу жоспарланған.

Елордада 5 жыл ішінде саябақ аумақтарын ұлғайту міндеті тұр. Оларды жол кеңістігі бойын­дағы жасыл желектермен байланыстыра отырып, «жасыл желекке жамылатын қала» сипатын беру – негізгі мақсат. Сондай-ақ көгалдандыру алаңы бір тұрғынға 14 шаршы метрден 19 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Осылайша қала тұрғындары үшін жасыл кеңістіктер қолжетімділікті қамтамасыз ететін 2 стратегиялық құжаттан («Қоғамдық кеңістіктер мен көгалдандыруды дамыту схемасы», «Көгалдандыру жарғысы») тұратын «Елорда аумағын көгалдандыру жөніндегі тұжырымдама» іске асырылуда» деді спикер.

Астананың жасыл белдеуі – қаланың негізгі тынысы, өкпесі. Жасыл белдеуде шамамен 1,9 млн ағаш және 14,4 млн көшет отырғызылады. Елорда төңірегіне 100 мың гектарға жуық аумаққа орман отырғызылғаны қуантады. Жасанды орман флорасын құру фаунаның дамуымен қатар жүруі керек. Сондықтан жасыл белдеудің аумағында қояндар, түлкілер, қасқырлар тұқымдасы, ал құстардан – кекіліктер, сепкілгүл, қырғауылдар бар. 2024 жылы қырғауылдың 1800-ін ұшыру жоспарлануда, оның 700 басы ұшырылды, 150-і маусым айында, тағы 950-і қыркүйекте ұшырылады. Қырғауылдарды өсірудің басты мақсаты – оларды елорданың жасанды түрде құрылған жасыл белдеуінің аумағын қанықтыру.

Қоқыс төксе – айыппұл

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қарасты келесі бір мәселе – рұқсатсыз күл-қоқыс төгілетін орындардың санын азайту. 2023 жылы елордада Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында рұқсат етілмеген қоқыс орындары 2 есеге қысқарды. «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы ғарыш мониторингінің мәліметі бойынша, Астана аумағында 338 бейберекет қоқыс шашылған  учаскенің 224-і (67%) жойы­лып, оларда жинақталған 100 мың тонна тұрмыс қалдықтары тиісті қоқыс төгетін орындарға тасымалдаған.

Қалада рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыс­тары басталды. Соның бірі «Таза Қа­зақстан» экоакциясы аясында жүргізіліп, 1500-ден астам студент пен елордалық мәслихат депутаттары «Нұра-Есіл» арнасынан 200 тоннадан астам қоқыс жинады. Қоқыстың кесірінен су ластануын болдырмау мақсатында жыл сайын сәуірден желтоқсанға дейін Есіл өзенінде, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінде, «Нұра-Есіл» арнасында бірқатар табиғатты қорғау мақсатындағы іс-шаралар өткізіледі. Олар: су бетін санитарлық тазарту, акватория мен жағалау аумағын өсімдіктерден тазарту, түбін тазалау және жағалауды нығайту жұмыстары және мелиорациялық іс-шаралар (аэрация, балықтандыру, ремедиация).

Айта кететіні, құрылыс қал­дықтары Солтүстік жота учаскесінде қабылданады. Учаскеде құрылыс қалдықтарын (асфальт, кірпіш, бетон және т. б.) өңдеуге арналған қуаттылығы жылына 196 000 куб метр ұнтақтау кешені орнатылған.

– Қалдықтарды басқару саласы бәсекелестік ортада екенін назарға ала отырып, құрылыс қалдықтарын қабылдауға арналған тарифті заңды тұлғалар үшін тоннасына 1 300 теңгеге дейін (бұрын тоннасына 3 800 теңге), сондай-ақ жеке тұлғаларға өтеусіз негізде төмендету жөнінде шаралар қабылданды. 2023 жылы алаңға 155,5 мың тонна қалдық қабылданды. Қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін жазаны қатаңдату мақсатында Экология министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтады, онда белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін әкімшілік
жауапкершілікті 50 АЕК-тен (172,5 мың теңге) 200 АЕК-ке (690 мың теңге) дейін, қайта бұзғаны үшін 2 еселенген мөлшерде ұлғайту ұсынылады. «Астана мәртебесі туралы» ҚР Заңына мүлкі тәркіленіп, бұзушыларды жазалауды қатаңдату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қала әкімдігі пысықтады. Заң жобасы Ұлттық экономика министрлігінің келісімінен өткен жоқ, – деді Ж.Бескемпірова.

Тазалық таза санадан басталады

Елордада жыл сайын жалпықалалық сенбіліктер өткізіліп, игілікті іс-шара кезінде қаланы санитарлық тазалау, нөсерлік аулалар мен арық жүйелерін тазарту, көше бойын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, саябақтар мен жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстарды жүргізу, заңсыз жерлерде орналасқан қоқыс үйінділерін және ластанған аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қаланың тамаша дәстүріне айналған бұл іс-шара биыл«Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үйлесім тауып, еңбек ұжымдарының, қала тұрғындарының күшімен полигонға мыңдаған тоннадан астам қалдық шығарылды, саябақтар мен скверлер аумағы жиналды. Оған зейнеткерлерден бастап, кәсіпорындар мен ұйымдар, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, студенттер мен оқушыларға дейін қатысты. Сәуірде басталған экоакцияға елордалықтар жаппай атсалысып, бүгінде де белсенділік танытып келеді. Аталмыш акцияның басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, айналаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу, сонымен қоса жас ұрпақ арасында экологиялық сананы, экология­лық мәдениетті қалыптастыру болып отыр.

­Спикер Жанар Бескемпірованың сөзінше, қатты тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек жинау бойын­ша экологиялық ­мәдениетті қалыптастыру мақсатында қала тұрғындары арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Әлеу­меттік бейне-аудио роликтер мен жадынамалар, қалдықтарды дұрыс сұрыптау бойынша нұсқаулықтар, инфографика секілді тәсілдер тиімді қолданылады. Қала мекемелерінде экологиялық іс-шаралардың барлық түрі жүргізіледі. Соның ішінде «Астана қаласының үздік эко-отбасы», «Үздік тұрғын үй ауданы» байқаулары, сенбіліктер, қалалық білім беру ұйымдарында шеберлік сабақтары үнемі өткізіледі.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button