Руханият

Театр мен тұлға туралы туынды



Астанада белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Атабаев туралы түсірілген «Мың жылдық ойын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Туындының қоюшы режиссері – Қанат Тілеухан.

Автордың айтуынша, фильмді түсіру 2021 жылы, режиссердің 70 жылдығына орай жоспарланған еді. Алайда реті өткен жылы ғана келді. Оған тележурналист, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың дәнекер болуымен кәсіпкер Махат Төреәлі демеушілік көрсетті.

«Театрдың мың жылдық ойыны әлі жалғасып жатыр. Авторитарлық жүйенің, диктаторлық биліктің сонау Рим империясынан бергі императорлардың халықпен ойнауына да мың жыл. Осы мың жылдық ойындардың арасында басын тасқа да, тауға да соққан режиссердің бейнесін жасауға мүмкіндігімізше тырыстық. Әрине, Ермек Тұрсынов айт­қандай, Болат аға – ең бірінші кезекте суреткер. Бұл – театрдың қарсылығы, театрдың күресі. Өнер арқылы ол кісі өзінің сөзін айтқысы келді. Еркіндік, демократиялық құндылықтарды дәріптегісі келді» дейді фильм авторы Қанат Тілеухан.

Фильмді тамашалаған белгілі жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова туынды және оның кейіпкері туралы тебірене келе, «Болат Атабаев шын мәнінде театрдың реформаторы болды» деді.

Фильм саяси ұстанымы үшін елден жырақ кеткен режиссерді көрерменге жақыннан танытты. Көп жерде жарияланбаған Болат Атабаевтың бейнежазбалары, Қанат Тілеуханның одан алған сұхбаттары мен «Король Лир» қойылымы астасып түсірілген. Фильмнің бастапқы атауы «Абайдың досы» болған. Алайда театр режиссерінің шәкірті ­Азамат Шарғынның ұсынысымен «Мың жылдық ойын» болып өзгертілді.

Тұсаукесерде «Болат Атабаев­тың мықты режиссерлігі өз алдына, ол осы күнделікті өмірде де әділдік үшін күресіп өткен қайраткер және сол шынайы­лықты сахнадан да талап ететін» деді Мақсат Толықбай.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button