Басты ақпаратМәдениет

Театрлар тартуы



Құрылғанына үш жылдай болып қалған Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының алғашқы гастрольдік сапары кеше еліміздің батыс өңірінен басталды. Осы сәуір айы бойы астаналық өнер ошағы Атырау, Құлсары, Орал, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында қойылымдарын көрсетеді. Елордалық театрдың спектакльдерін алдымен атыраулық және құлсарылық көрермендер тамашалайды.

Атырау қаласында гас­трольдер 7-12 сәуір күндері өтеді. М.Өтемісұлы атындағы облыс­тық академиялық драма театры сахнасында бір апта бойы театр репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдар «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, «Ғашық жүрек» поэтикалық қойылымы, «Махаббат бар ма?» лирикалық комедиясы, «Шәмші» мюзиклі, «Шанель №5» деректі драмасы және талай көрерменнің қызығушылығын тудырып, әр көрсетілімі аншлагпен өтіп жатқан «Гау­һартас» музыкалық драмасы ұсынылады.

8 сәуір күні Құлсарыда «Шәмші» мен «Гауһартас» көрсетіледі.

13-18 сәуір күндері гастроль Орал қаласында, 20-26 сәуірде Ақтауда жалғасады. 25 сәуір күні Жаңаөзенде «Шәмші» қойылады.

Ал алдағы мамыр айында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры гастрольмен Алматыға барады. Он қойылым апара жатқан қаллекиліктер оларды 2-8 мамырда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасы арқылы ұсынады. Сол күндері, керісінше «әкемтеатр» Астанаға гастрольмен келіп, Қаллеки театрында үздік қойылымдарын қояды.

15-18 мамыр күндері Астанада Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының гастрольдері өтеді. Астаналықтар «Жастар» театры сахнасынан «Бейбарыс» әфсанасын, «Алладин» ертегісін және «Қорғансыздың күні» трагедиясын тамашалай алады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button