Қоғам

ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТІРЕГІ



«Тағамның асылы – қара нан, адамның асылы – кәрі анаң». Қияметтің ең құнды ғажайыбын ең құрығанда басына емес, табанына жасырған ана атаулының қадірі мен қасиеті жайында қанша толғап, жырласақ та артықтық етпейді. Астаналық батыр ана Қаден Сәдуақасованың да тоқсан жылдық ғұмыр жолы ғана емес, қанындағы тектілік, сөзіндегі өнеге көкірегі ояу, түйсігі терең жанды көп-көрім ойға жетелейді. Ғасырға жуық жасаса да, Қаден апа айтар ойы­нан жаңылмаған. Ол аз десеңіз, он бес құрсақ көтеріп, қазіргі уақытта он баласынан өрбіген немере-шөберелерін бағып отыр. Әрқайсысына батасын жаудырып, масайрап отырған әжені көргенде, өмірін бос өткізбеген, армансыз, бақытты жан осындай болатынын тағы түсіндік.

343

Базары кем балалық шақ
Сөз басында Қаден апа туралы түйінді тіркестерді бекер айтпаған едік. Нақты дәйектер мен деректерді тізбелесек, иманы берік, ибасы бекем әжей соңғы отыз жылдан бері бес уақыт намазын үзген емес. Таспиыхын тартып, Тәңіріне жалбарынып, әулетінің ғана емес, мұқым әлемнің амандығын тілеп жүргені. Әжім торлаған жүзінен, қайта-қайта жасау­райтын жанарынан талай тауқыметті шегіп, машақатты басынан өткергенін аңғару әсте қиын емес. Әңгімелерін тыңдап отырып, әлдебір ойларға шома бересіз. Содан кейін ішіңізден «Ол кісілерде балалық шақ болмаған ғой» дейсіз де, терең күрсінесіз.

Қаден әже 1927 жылы Сарыарқаның төсіндегі Ерейментау топырағында дүниеге келген екен. Базары шалқыған барды да көрді. Күрмеуі кем жоқтың да дәмін татты. Есін енді ғана таныған бала кезінде-ақ 1933-тегі ашаршылық пен Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бір кісідей сезінді. «Өңірдегі Елтай деген ауылда тудым. Әкем саудагер болған кісі. Аштық енді басталған 1930 жылы «балаларымды қайтсем аман алып қаламын» деп бауырлары Әбіл, Қасейін үшеуі ақылдасып, Омбыға қоныс аударған екен. Ол кезде мен небәрі үш жастамын. Қазақ «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген ғой, елге қайтайық» деп Омбыдан 1937 жылы туған жерге келгенбіз. Бірақ мұндағы халықтың ахуалы әлі түзеле қоймаған екен. Сол көппен бірге тірлік кешіп, тіршілік еттік. Шешем бертінге – 1964 жылға дейін колхозда сауыншы болып істеген. 25-30 сиырды қолымен өзі сауатын еді, жарықтық. Өзі туыстарымнан екі інім бар еді. Бірі ауырып, бірі ауырмай бақиға аттанды» дейді балалық шағын есіне алған ана.

Бүлдіршін шағындағы зо­балаң ғой, аштық жыл­дарының зардабын онша сезіне қоймағанын айтады. Әлде, есінде ештеңе қалмаған. Бірақ қанқұйлы соғыстың кесапатын ұмытпаған. Он төрт жасқа аяқ басқан бойжеткен емес пе. «Ауылдың еркек кіндіктілерін жас демей, кәрі демей әскерге әкетті. Біз жұмысқа жегіл­дік. Соқалы өгізбен жер жырттық, шалғымен шөп ордық. Қырманның қым-қуыт тіршілігі тым мазасыз еді. Соғыстың орта кезінде 15-16 жасымда кіре тартуға шықтық. Бидайды элеваторға атпен немесе өгізбен тасимыз. Әкем майдан даласына аттанып, ауырып қайта оралды» дейді тоқсандағы қария.

«Балалардың көп болғаны жақсы…»
Етегінен ұстап, арқа сүйе­ген жары бір шаңырақтың жалғызы екен. Қанжығалы руынан тараған әулет. Әжей­дің өз түбі әйгілі Бө­генбай батырдан тамыр тарқатса, өз атасы Атан да тарихтағы белгілі батырлардың бірі еді. Ерейментау ауданында ескерткіші орнатылған. Он сегізінші ғасырда өмір сүрген Атан Мәмбетұлы Бөгенбайдың кеңесшісі болған деген деректер де кездеседі. Жоңғарлармен болған шайқас кезінде көзге түсіп, батыр атаныпты. Ерейментау тауындағы бір шыңға есімі бекер берілмегені анық.

«Балаларымның әкесімен кіре тартып жүргенде та­ныстық. Бір ауданнан екенбіз. Жаңатұрмыс колхозында 1945 жылы шаңырақ көтердік. Балалы-шағалы болдық. Туған қызым бүгінде жетпіс жасқа толып отыр» дейді Қаден әже. Әйел бақыты ана атану десек, кейіпкеріміз он бес құрсақ көтерген екен. Оның бесеуін берген Алла қайтып алып үлгеріпті. Алты қыз, төрт ұлы – қазіргі қызықтары. Олардан тараған 17 немере, 23 шөбересінің жер басып, көз қуанышы болып жүргеніне тәуба дейді. Қандай қиындықтарды бас­тарынан кешіріп, соқтықпалы соқпақтардан өткен отбасы сонша бала-шағасын өздері бағып-қағып, оқытқан екен.

Шүкір, бүгінде балаларының бәрі еліміздің әр саласында еңбек етуде. Шөберелерінің алды шетелде оқып, ең кіш­кентайы тәй-тәй басып келеді.«Шалым жиырма бес жыл мектеп директоры болып жұмыс істеді. Содан кейін парторг, ауылдық кеңестің басшысы қызметтерін атқарды. 2005 жылы қайтты ғой, жарықтық. Әуелі Алла, екінші балалардың арқасында мен аман-есен келе жатырмын» деген әже бабалар ерлігіне бас иетінін айтты. «Олар бізге қасықтай жанын пида қылып байтақ даланы, ұланғайыр жерді аманаттады. Ал біз мынадай әсем қала салдық. Осындай жақсылыққа бөлеген Жаратқанға шүкір­шіліктен басқа айтарым жоқ». Қарт ананың сөзінен көңіл тоқтығын, ұрпағына ырзашылығын сезіндік. «Балалардың көп болға­ны жақсы. Бір-біріне көмек­тесіп тұрады» дейді әже. Мұны қарияның өсиеті деп ұққанымыз рас. Көбей­ге­ні­міз­­дің пайдасы көп қой…

Ескірмейтін естеліктер
Өткен ғасырдың өн бойын көрген жанның әңгімелері тартымды-ақ. «Ең алғаш дүкенге радио түскенде, біз сатып алдық, – дейді сонау жылдарды есіне алып. – Сол аспапты сөйлетіп қойғанда ауылдағылардың бәрі «сөйлеп тұратын сандық алыпты» деп көруге келді үйге. Қазанға ет салып, қонақ қылғаным есімде. Радиодан Роза Бағланова, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебековтер ән шырқап жатыр. Көрші-қолаңдар «Кісісі қайда мынаның?» деп самбырлап тұрған құрылғының алдынан, артынан ұстап қарайды. Балалардың әкесі отыр: «Тауып алыңыздар» деп күліп. Үйдің ішін ақтарып-төңкеріп шыққан ауылдықтар бір кезде сыртты іздеп кетсе бола ма? «Сендер әншілерді әкеп, бізге көрсетпей отырсыңдар» дейді өкпелеп».

Қаден әже Қараөткел жәр­мең­кесін де сөз етті: «Әкем жылқы фермасында да жұ­мыс істеген еді. 1974 жылы қайтыс болды ғой. Сол жылы 300 бие әкеп сатқаны бар. Үш ай базарда қымыз сатты. Сол жылғы жәрмеңкеден ауы­рып келді. «Осы аурудан қалмаймын-ау, түсімде әкем келіп басымнан шабақтап қан алып жатыр екен» деп айтқан екен айналасына. Сезген ғой. Айтқанындай, жылқы­ларының бәрін аман-есен апарып, ақшасын колхозға тапсырып, жатып қалыпты. Екі жарым айдан кейін соңғы демі үзілді».
***
Ғасырға жуық жылдарға куә болған ананың әңгімесі мұ­нымен бітпек емес. Өне­­гесі ғанибет, өсиеті бой­тұмар боларлық көптеген уақи­ғаларды баяндайды. Тоқсанға келсе де, сөзі түзу. Көп жайды ұмытпаған. Көзі тірі шежіре дерсіз. Шежіреміз таусылмасыншы…

Гүлмира  АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button