Әлеумет

Темір тұлпар тізгіндеген



Астанада қоғамдық көлік тізгіндеген арулар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі – тағдырдың қатал сынағына мойымай, өмірдің қиындықтарына қайсарлықпен төтеп беріп, 25 жылдан бері жолаушылар тасымалы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан елордалық Сәкен Пішенбайқызы.

Оның балалық бал күндері Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Аманкелді кеңшары мен Жұмай бөлімшесінде өтеді. Бас­тауышты бітіргеннен кейін аудан орталығында оқып, 7-сыныпты бітірген жылы отбасы жағдайымен қалаға көшеді. Мұнда келген соң №4 жалғыз қазақ мектебінде білімін жалғастырады. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдағанмен, қаршадай қыз-құрбыларына ұқсап жоғары оқу орнына түсуге асықпады. Бірге туған бауырлары болмағандықтан, егде тартқан анасының денсаулығына алаңдап, сол кездегі тоқыма-жіп иіру ­фабрикасына жұмысқа орналасады.

Жалғыз перзентін бетінен қақпай өсіргенмен, анасы оны еңбекке ерте жасынан баулып, ұқыптылық пен адалдыққа үйретті. Содан болар, Сәкен Пішенбайқызы тым пысық болып бой жетті. Еш жұмысты қиынсынбады. Мылтық ату, теннис ойнау секілді ер балаларға тән ойындарға құмартып, туысқан ағаларымен бірге шөп шауып, К-700, ЗИЛ айдауды үйренеді. Фабрикада да алғырлығымен айрықшаланып, жұмысқа енді үйренісіп келе жатқанда қиын-қыстау заман туып, кәсіпорын жабылып қалады. Бұл ел ішінде ауыртпалық тудырған 90-жылдар болатын.

Сол тұста қалада жұмыс істеп тұрған бірден-бір мекеме троллейбус паркі еді. Қаршадай қыз құжатын алып сонда келеді. Мұнда алдымен кондуктор болып жұмысқа орналасқан ол көп ұзамай троллейбус жүргізуді үйреніп алады. Бұл кезде қалада троллейбус жүргізушілері жетіспейтін. Сонда жүріп топпен бірге білімін жетілдіріп, өзі ақшасы көбірек краншының оқуына барғысы келгенмен, нұсқаушысының айтуымен «троллейбус жүргізушісі» куәлігін алып шығады. Сөйтіп, жүргізуші болып жұмыс істеп жүргенде парк жабылып қалады. Қайсар қыз бұл кезеңнен де сүрінбеді. Тағы бір жылдай оқуын жалғастырып, В, С, Д категорияларын алып, қаладағы №3 паркке автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасады.

Сол жерде жүріп тағдырдың үлкен сынағына тап болып, қатерлі ісік диагнозы қойылған соң мүгедектікке шығарылса да, қиындыққа мойымай, маңдайға салғанға төзіп, басынан өткерген ауыр жағдайдан кейін тез бойын жинап, №1 паркке барып, жарты күндік жұмысқа ауыстырылады. Одан соң МАН, ИВЕКО, СИТЕЛОС, УРБАН автобустарында жүргізуші болған Сәкен Лейб бүгінде №25 электробуста жүргізуші болып еңбек етіп жүр.

– Қоғамдық көлікті тізгіндеу үлкен жауапкершілік пен батырлықты талап етеді. 2000 жылдары алғаш рет троллейбус жүргіздім. Бұл көлік құралы автобусқа қарағанда қиындау. Автобуста бір-ақ жол болса, троллейбуста алдыңнан көз алмай отырып, төбеде де жолдың барын естен шығармау керек. Аспалы екі сым шығып кеткен жағдайда, жіптен тартып орнына келтіретінбіз. Жол қозғалысы кезінде бұрылу да оңай емес. Әсіресе тайғақ кездерде абайламаса болмайды. Бірде жұмыс уақыты аяқталған соң автобусты троллейбуспен шатастырып, дизель отынын құюды ұмытып, рейске шығып кеткенім бар. Жаратылысы нәзік жандар үшін қоғамдық көлік айдаудың қиындығы мен қызығы осылайша қатар жүреді. Автобусым бұзылып қалғанда әріптестерім көмекке келетін, кейде солармен бірге май-май болып жүретін кездер есіме түседі. Қазір бәрі артта қалды, – деді жүргізуші.

Айтуынша, таңғы 5-тен жұмысқа шығады. Кейде рульде әйел адамның отырғанын көре тұра жол бермейтіндер кездесіп қалады. Ондайда мінез көрсетіп қоятынын жасырмады.

– Мен айдайтын автобусқа үлкен кісілер жиі мінеді. Көліктен түсіп бара жатып «өте жеңіл әрі байыппен жүргізеді екенсіз» деп шынайы ризашылығын білдіріп жатады. Ондай сөздерді естігенде шаттанамын. Кейде кеудемді ерекше сезім кернейді. Жалпы мен өз кәсібімді өте жақсы көремін. Сондықтан болар қиындықты сезбейтінім. Үйреншікті жұмысым болған соң, барынша ұқыпты істеу­ге тырысамын. Жақсы жүргізуші көліктің алдындағыны ғана емес, артындағыны және жан-жағындағының бәрін бірдей көріп отыруы керек деп ойлаймын. Мақтанғаным емес, өз басым жүріп келе жатқан көлікке қарап жүргізушінің мінезін жазбай танимын, – деді Сәкен Лейб.

Бүгінде ол – үш жиен немеренің сүйікті әжесі. Қызынан өрбіген құлыншақтардың болашағы жарқын, жақсы азамат болғанын көргісі келеді. Парижге бір барсам деп армандайды. Ең бастысы, Астана үлгілі қалаға айналып, ондағы қоғамдық көліктің сағат секілді тоқтаусыз жүргенін, жүргізушілердің тәртіпті, жолау­шылардың мейірімді болғанын қалайды. Жақсы тілектер қабыл болса екен дейміз.

 


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button