Білім

Мектеп мақтанышы

Елордалық ұстаздар – ел ұстаздарына үлгі. Білім саласында қызмет істеп жатқан ­мерейлі мұғалімдердің еңбегін бағалау – елдіктің ісі. Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі, педагог-шебер, «Creation» шығармашылық тобының жетекшісі Күлзира Сейлова – сол биіктен көрінген педагог, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Күлзира Серікбайқызы пәндік олимпиадаларға, робототехника, STEAM – жобалар сайысына оқушыларды дайындап, жоғары жетістікке жетуде. Өз мамандығын жақсы көретін мұғалім ғана оқушыны өмірге қажетті құзыретпен қаруландыра алады. Пән мұғалімі ретінде оқушыға тек теориялық білімді ғана меңгертіп қоймай, оны іс жүзінде де қолданып, мәселені жаңа жағдайларда шешіп, өмірде қолдануы үшін еңбектеніп жүр.

Мерейлі мұғалім «Сreation» шығармашылық топ жетекшісі ретінде информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби өсуіне қолдау жасап, дарынды оқушылармен жұмыс жүргізіп келеді. Басқарып отырған шығармашылық тобының негізгі бағыттары – пән олимпиадасына дарынды оқушыларды дайындау, оқушылардың зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобаларын ұйымдастыру, робот техникасы, хакатон, STEAM олимпиадаларына оқушылардың қызығушылығын арттырып, кәсіби бағдарлануына жағдай туғызу.

– Күлзира Серікбайқызы әр оқушыны шығармашыл тұлғаға жетелеу, қабілетін ашу, өзіне деген сенімін нығайтуға түрткі жасау нәтижесінде шәкірттері биік белестерді бағындырып келеді. Адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс үстінде. Барлық педагог болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптастыруда қызмет етіп келеді әрі кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек. Бұл ретте Күлзира Сейлова баулыған шәкірттердің жетістігі өте көп, ол дайындаған оқушылар түрлі халықаралық, республикалық, қалалық деңгейдегі жарыстарда алғашқы орындарды иеленген. Ұстаз да, оқушыларымыз да мектебіміздің ғана емес, елордамыздың, еліміздің мақтанышы, – дейді мектеп-лицей директоры Қадырқазы Мұқанов.

– 2022 жылы өткен First Global Challenge Орталық Азия чемпионатында, халықаралық STEM олимпиадасында, қалалық «Білім шыңы-2023» чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, бағалы сыйлықтар алдық. Оның бәрі ұстазымыз Күлзира Серікбайқызының үлкен еңбегінің арқасында деп білемін. Бізді бағыттап, жетелеп, биіктерге шығуымызға, арманымызға қанат байлауға жәрдемдесті, – дейді мектеп-лицей оқушысы Б.Арыстан.

XXI ғасыр – жылдам өзгерістер ғасыры. Жаңару, өзгеруді күнделікті өмірден көріп жүрсіздер. Осындайда уақытпен санаспай, еліне қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпақты биік шыңдарға жетелеп, мәңгілік елдің ізбасарларын тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздарға мың алғыс айтсақ та артық етпейді.

Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі мұғалім екені мәлім. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға терең білім, биік парасат керек. Оқушылардың жүрегінен орын алған, таудай талабын ұштаған, білімге, ғылымға бағыттаған білікті ұстаз, мықты педагог Күлзира Сейлова­ға толағай табыс, шығармашылық шабыт тілейміз!

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button