Ел тынысы

Теміржолда машина жасау саласының әлеуеті қандай?



Елордада өткен машинажасаушылардың XI форумында отандық көлік құрастырушылар саладағы өзекті мәселелері талқыланды. Дәстүрлі форум аясында «Kazakhstan Machinery Fair 2023» машина жасау және металл өңдеу бойынша Халықаралық мамандандырылған көрме ұйымдастырылды. Маңызды іс-шараның соңғы күні  секциялардың бірі теміржолдың машина құрастыру саласына арналды.

Бұл секция отырысына «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев төрағалық етті. Оның айтуынша,  форумның былтырғы секциялық отырысының қорытындысы бойынша бүгінде вагон жасауды дамыту бойынша Кешенді жоспар әзірленіп,  ол ҚР Үкіметінің қарауына жіберілді. Ал «Qazindustry» КИЭО» АҚ машина құрастыруды дамыту дирекциясы басшысының орынбасары Сандуғаш Құспекова 2024-2028 жылдарға арналған машина құрастыруды дамытудың Кешенді жоспары аясында теміржолда машина құрастыруды қолдау шаралары жайлы баяндады.

– Теміржолдағы машина жасау секторын дамытуға бағытталған шараларға тоқталсақ, 2028 жылға дейін Қазақстанның вагон паркін жаңарту бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар егер жеке компаниялардың паркі 70 пайыз отандық локомотивтен тұрмаса, импортталған локомотивтерді тіркеуге, тасымалдауға лицензия беруді тоқтату, конкурс жеңімпазын ҚТЖ компаниясының жылжымалы құрамын жөндеуге және қызмет көрсетуге арналған конкурстарды өткізу кезінде қызметтер мен тауарлар бойынша елішілік құндылық үлесінің ең аз шегін қамтамасыз етуге міндеттейтін сатып алуды жүргізу тәртібін анықтау, жылжымалы құрамды жөндеу немесе жаңғырту, дайындау бойынша функцияларды жүзеге асыратын кәсіпорындарда сәйкестендіру кодының болу қажеттілігі туралы нормалар енгізу қарастырылады. Бұл мақсаттарды орындау үшін Қазақстанның даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жеңілдікті қаржыландыру жұмыстары көзделуде. Сонымен қатар отандық өндіріс орындарымен бірге вагон құюда сериялық өнімдер шығару жоспарланып отыр, бұл шығарылатын өнімдердің модельдік қатарын ұлғайтуға септік етеді. Бұған қоса теміржолдың машина құрастыру саласын дамыту бойынша орташа мерзімді перспективада басымдық жылжымалы құрамның компоненттері мен тораптарын жасауға беріледі. Бүгінгі таңда өндірілетін өнімдердің импорты 64 пайызды құрайды, жобаларды жүзеге асыру арқылы вагондарды локализациялау деңгейі 36 пайыздан 70 пайызға дейін артады деп отырмыз, – деді С.Құспекова.

Бас инженердің  мәлімдеуінше, Қазақстан қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес 2060 жылға дейін көміртек бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге міндеттеме алған. Былтыр 26 тамызда ҚТЖ-да төмен көміртекті өндірісті дамыту бойынша Тұжырымдама бекітілген. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженерінің орынбасары, Техникалық саясат департаментінің бас менеджері Талғат Қанатбаев «Пойыздар тартымындағы төмен көміртекті технологияларды дамытудың негізгі бағыттары» тақырыбында баяндама жасады.

– ҚТЖ – энергия ресурстарын пайдаланатын ең ірі тұтынушылардың бірі. Біздің үлесімізге дизель отынын тұтынудың шамамен 30 пайызы, энергия тұтынудың 4 пайызы келеді. Компания энергия тиімділік бойынша көп жұмыс жүргізіп отыр. 2013- 2020 жылдар аралығында энергия тиімділігі көрсеткіші 17 пайызға жақсартылды. Біздің шығындарымыздың 90 пайыздайы пойыздар тартымына тиесілі. Соның үштен екісі – дизель отыны мен электр энергиясына кетеді. Компанияда энергия тиімділікті арттырудың драйверіне жаңа локомотивтерді, мысалы ТЭ33А сериялы машиналарды енгізу жатады. Қолданыстағы әдістер бойынша локомотивтерден ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар деңгейі 1770 тонна болса, электр тартымынан болатын қалдықтар – 1560 тонна, бірақ электр тартымына экологиялық тиімді көлік түрінде қарау қаншалықты дұрыс. Сондықтан мен қазір қолданыстағы ауаға зиянды қалдықтардың бөлінуін есептеу бойынша әдістерді қайта қарастыру керек дер едім, – деді баяндамашы.

Жиында сонымен қатар көліктік машина құрастыру саласына кадрлар дайындау, Қазақстанда Stadler жолаушылар вагондарының заманауи түрлерін шығаруды ұйымдастыру тақырыбы да талқыланды. Өнімдері ҚТЖ-да пайдалануға беруге мақұлданып, өндіріске енгізуге рұқсат алған кәсіпорындар басшылары арнайы куәлікпен марапатталды.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button