Құқық

Тергеушіден тәлімгерге айналды



Тергеу қызметінде ең керегі – ар алдындағы адалдық. Ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай қызмет атқару. Бұл о бастан ата тәрбиесін көрген жігіттің өмірлік қағидасы болып қалыптасқан. Адам сөйлескенше… Астана қаласы Сарыарқа ауданы Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Мұсанбековпен кәсіби мерекесі қарсаңында әңгімеміз бірден жараса кетті. Қазақы ауылда, ұлттық тәрбиенің шынарын еміп өскен полиция қызметкерімен шүйрікелесе келе көкейімізге осындай ой түйдік…

erm_2544

Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің заң факультетін бітіретін жылы мені өндірістік тәжірибеден өтуге Алматы қаласы Медеу ауданының ішкі істер басқармасына жіберді. Міне, осы жерде мен өзімнің қалаған мамандығымның құрметін сезіндім. Орган қызметкерлерімен қарым-қатынас, аяғын шалыс басып, қылмыс жасаған адамдармен бетпе-бет келу, олардың істеген істерін саралап, талдау маған ерекше әсер етті. Тергеушілік мамандығына деген сүйіспеншілігім тереңдей түсті. Мен сол сәттен бастап жүрегіме етене жақын кәсіпті таңдағаныма көз жеткіздім. Содан болса керек, университет бітірерде маған жолдама прокуратураға келген болатын. «Жоқ, тергеушілікке барамын» деп Астана қаласына жол тарттым» деп есіне алады Нұрлан Байдосұлы алғашқы еңбек жолын бастағаны туралы.

Елордасына таудай талап арқалай жеткен жігіттің айы оңынан туды. Бағына қарай қайырымды да, кішіпейіл, парасатты тәлімгерге жолықты.
«Аса маңызды істер бойынша тергеуші Сергей Викторович Гирун деген кісі болды. Қазір зейнет демалысында. Міне, сол кісі алғашқы күннен-ақ «тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болуы керек. Себебі қылмыс әртүрлі бағытта жасалады. Бұған қоса, ой ұшқырлығы, ішкі түйсік пен сезімталдық қасиеттер өте қажет. Ол саған – қылмыстық іске жүйелі тал­дау жасап, ақиқатқа көз жет­­кізе білу үшін таптырмас темірқазығың. Адамдармен тез тіл табыса білу де тергеушінің ісін алға бастырады. Енді ол бір кезде ағала­рынан алған тәлімін өзінен кейінгі жастарға сіңіруге күш салуда. Ұрпақ сабақтастығы деген осылай жалғасын тапса керек…

Нұрлан Байдосұлы күн демей, түн демей уақытпен санаспай, дамыл таппастан еңбек етіп жүргенде халық полицияға көбірек сенім артса екен дейді. Өйткені қазір қылмыстың түрі көбейгені былай тұрсын, қылмыскерлер неше түрлі құйтырқылыққа, айла-шарғыға баруда. Алаяқ­тық, алдау-арбау азаймай отыр. Оған себепші болатын да адамдардың өздері. Мәселен, Тараздан келгеніне бір ай болған адамға «Астанадан тамыр-таныстықпен пәтер алып беремін» дегенге сеніп, барлық жиған-тергенін қолына ұстататындар бар. Әрі олар ұзақ уақыт жалған уәдеге малданып, полицияға жақындамай жүріп алатынын қайтерсің. Ең соңында амалы таусылғандықтан жылап-еңіреп тергеушінің алдынан бір-ақ шығады.

Зайыбы Гүлсім екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ол бала тәрбиесіне де аса мән береді екен. «Әрине, полиция қатарында қызмет ету – асқан жауапкершілік. Ол отбасынан да көрінуі керек. Балаларымның қатарынан кем қалмай, өз ортасында білімді, тәрбиелі азамат болып өскенін қалаймын. Осыған көп көңіл бөлуге тырысамын» дейді подполковник.
Адам бойындағы адал­дықты, шынайы достықты, қара­пайым­­дылықты қадір­лейтін кейіпкері­міздің еңбегі әділ бағаланып, бірнеше рет Ішкі істер министрі тарапынан құрмет громаталары мен алғыс хаттарға ие болған. Тәжірибе жинап, өзі де бұл күнде жастар тәлімгеріне айналған.

«Қазір құқық қорғау органы қыз­меткерлеріне мемлекет тарапынан үлкен қам­қорлық жасалып отыр. Әсіресе, жастардың осы салада тұрақтап қалуы үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай­ларына айтар­лықтай көмек­тер көрсетіледі. Со­ған сәйкес, полицияда да көпке үлгі болар, антына адал, сертіне берік талай азамат өсіп келеді. Біз де ұжымымызда осы жерге тұрақтап еңбек етемін деген жастарға барынша мүмкіндік туғызамыз» деді подполковник.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button