Мәдениет

Терминдерге – ұлттық басымдық

Кеше елордада «Ақпараттық технологиялар саласының терминдері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ­ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бәйгенің басты мақсаты – қазақ тіліндегі терминдердің сапалық, сандық деңгейін арттыру.

2 мамыр-10 маусым аралығында өткен онлайн-байқауға еліміздің әр аймағында тұратын тіл жанашырлары қатысты. Олар termincom.kz сайтындағы терминдер бойынша өз ой-пікірін, ұсынысын жаза отырып, сауалнама арқылы тапсырмаларды орындады. Берілген терминдерге қазақша балама беру арқылы анықтамасына үңілді. Байқау шартының бірі – мемлекеттік тілде ІТ технологиялар саласының жаңа немесе қазақ тіліне аударылмаған, termincom.kz сайтының «Бекітілген терминдер тізіміне» енбеген, қате қолданылып жүрген, талас тудыратын және т. б. мәселелері бар терминдерге бейнеролик әзірлеу. Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік тілде жарық көрген ІТ технологиялар саласының оқулықтарына, ғылыми басылымдардағы терминдердің қолданысына талдау жасап, оның ұтымды және ұтымсыз тұстарын немесе қателерін ашып көрсетті.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитеті төрағасы Ербол Тілешов атап өткендей, биылғы байқаудың шарты жетілдіріліп, сәйкесінше, қатысушылардың да білім-біліктілік дәрежесі артқан.

Әділқазылар алқасының төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д., академик Шерубай Құрманбайұлы биылғы байқауға қатысушылар ІТ саласының терминдерін игеру, қазақшалау үшін мейлінше ізденіп, ынта-ықыласын салғанын айтты.

«Ендігі мақсат – ұсынылған терминдердің қолданысқа еніп кетуі. Бұл сала мамандары мен лингвистер бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижелі болмақ» деді Ш.Құрманбайұлы.

Елімізге белгілі терминолог ғалымдар мен сала мамандары қазылық еткен сайыста 9 үміткер жүлдегер атанды.

Байқаудың төрт кезеңінің қорытындысы бойынша ақпараттық технологиялар саласының терминдерін зерделеуде ерекше көзге түскен Қызылорда қаласындағы «Оқушылар мен жасөспірімдер үйі» мемлекеттік мекемесінің инклюзивті ағылшын тілінің мұғалімі Ибрагим Азамат пен Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының тұрғыны Саягүл Жолмағанбетке 3-орын бұйырды.

ІІ дәрежелі диплом мен сыйлық-сертификат Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің магистранты, аудармашы Мәлік Мақсатқа берілді.

І дәрежелі диплом Әлімхан Жұмабекке бұйырды. Ол – Алматы қалалық №179 жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі.

Ақпараттық технологиялар терминдері бойынша өткен байқауда жүзден жүйрік шыққан Павлодар қаласындағы А.Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Ербол Теміров жеңімпаз атанып, оған бас жүлде сертификаты табысталды.

 Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button