Мәдениет

Тіл меңгеріп, сертификат алды

Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесінің ұйымдастыруымен қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстарының аяқталуына орай «Тіл – татулық тірегі» атауымен сертификаттарды тапсыру рәсімі өтті.

Аталмыш мекеме Астана қаласының тұрғындарын мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту қызметіне сәйкес жыл сайын мемлекеттік қызметшілерге, ересек тіл үйренушілерге, жергілікті бюджет ұйымдарының қызметкерлеріне  қазақ және ағылшын тілдерін оқу курстарын ұйымдастырады. 2024 жылдың басында курсқа қала тұрғындары мен мекемелерден 1500-ге жуық сұраныс түсті. І кезеңде 1099 тыңдаушы қабылданып, қорытындысында қазақ тілін оқу бойынша 871, ал ағылшын тілін үйрену бойынша 38 тыңдаушы сертификат алды.

Мекеме басшысы Әділ Орынбасарұлының айтуынша, қазақ және ағылшын тілдерін үйренушілердің санын көбейту жоспарланған. Себебі бұған ниеттілердің саны артып келе жатыр. Сондықтан келесі жылғы меже – 3000-5000 адам.

Тіл үйренушілер қарапайым және базалық деңгейлер (А1-А2) және орта және ортадан жоғары деңгейлер (В1-В2) бойынша оқыды. Соның бірі – қала тұрғыны Лаура Қаринаның айтуынша, оқу барысында ол қазақ тілінің байлығын, тереңдігін түсінді. В1 деңгейі бойынша Айжан Серікқызы В2 деңгейінен Жұпар Кенжетайқызы сынды оқытушылардан сабақ алды. Орыс мектебінде оқыған курс бітіруші екі деңгей бойынша әр деңгейді 4 айдан 8 ай оқыды. Тілді жетілдіруді әрі қарай дамытамын деп отыр.

Ал Атбасар қаласының тумасы, бүгінде елорда тұрғыны Ербол Ережепов көптеген өзге ұлттардың ортасында өскендігін, 5 жасында атасы қайтыс болғаннан кейін ана тілінен мақұрым қалғанын айтты. Сол олқылықты түзеу үшін курстарға жазылып, оқу барысында рухының көтерілгенін жеткізді.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button