Мәселе

Тіл тас жарады, тас жармаса…



Тілдің құдіреті шексіз. Адам баласы күнделікті тіршілікте бірінші кезектегі қажетін қай тіл арқылы қанағаттандырса, сол тілге бейім болады. Бірінші қажеті дегеніміз – жейтін наны, киетін көйлегі, тамақ тауып жейтін кәсібі, рухани азығы және т. б. Бұлардың бәрі қазір қай тіл арқылы өндірісте екені көпке мәлім.

Баланы балабақша, мектеп, көше, қалта телефоны өзге тілде тәрбиелеп жатыр. Маңа­йымыз толған өз тілінде сөйлемейтін (сөйлегісі келмейтін), санасын­да әлі кеңестік жүйе сақталып қалған кейбір қалалық ата-әже­лер және солардан тараған білімді жас әке-шешелер… Ал мекеме басшылары өз ана тілінде сөйлеп, еңбек етуші ересектердің тіл тәрбиесіне үлгі болады деген үміт қалмады…

Айталық, ана тілінде сөйлейтін әнші Димаштың ғажап әуендеріне қызығушылық танытқан өзге жұрттың қазақ тілін меңгеруге ынтасы күн сайын өсе түсуде. Ал оның өз жұрты мұндай бетбұрыстан тыс әлемде өмір сүріп жатқандай.

Сонымен, тас жаратын тілдің қоғамды да жарып тұрған жайы бар. Тіпті өз ұлтымыздың өзі екіге жарылып тұр: ана тілінде сөйлейтіндер мен сөйлегісі келмейтіндер. Соңғылары «Неге қазақша сөйлемейсің?» деп ескерту жасаған өз бауырларына қарсы шығып жатуы сорақы, тіпті қорқынышты жағдай. Өз тілін біліп тұрып, сөйлегісі келмейтін ұлтымыздың өкілдеріне әкімшілік шара қолданудың уақыты болды.

Бұрынғылар «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген екен. Бір-бірімен өз тілінде сөйлемеген, өз қадірін түсінбеген ұлттың тілін өзге ұлттың қабылдай алмауына тек біз өзіміз ғана кінәліміз.

Кеше ғана өз тілінде сөйлейтін отбасылар «Балаларым көшеге шықса, қиналмасын» деп бүгін үй ішінде орысша сөйлеуді әдетке айналдырып бара жатыр

Жас отбасылардан «Балаң неге қазақша сөйлемейді?» деп сұрасаң, «Бізге осылай ыңғайлы. Үкімет те сөйлемейді ғой» деп қарсы сылтау айтады. Оның үстіне «ойын баласы өз ортасымен, көшеде өз қатарымен тілдесіп, араласа алмай жүрер, орыс тілді тәрбиешілер мен ұстаздардан толық білім алмай қалады» деген сылтаулары тағы бар.

Қаладағы өнер, спорт үйірмелерінің оқытушы-жаттықтырушылары да орысша сөйлейді. Тіл білмейтін балаларға, әсіресе, ауылдан келген балдырғандарға обал, оларға қосымша өнер игерудің өзі қиын. Бұл жағдай балаларды өз тілін ұмытып, өзге тілде сөйлеуге мәжбүр етуде. Кеше ғана өз тілінде сөйлейтін отбасылар «Балаларым көшеге шықса, қиналмасын» деп бүгін үй ішінде орысша сөйлеуді әдетке айналдырып бара жатыр.

Отбасы – шағын мемлекет, үлкен мемлекеттің іргесін қалайтын басты субъект. Халықтың 70 пайызын құрайтын ұлттың барлығы дерлік өзінің шағын мемлекетінде тек өз тілінде ғана сөйлесе не болар еді? Әрине, онда үлкен мемлекет те өз тілінде сөйлеуге мәжбүр болады.

Біздің қоғамда орыс тілін білмейтін ұлт жоқтың қасы. Ауыл қазағының да, қандастардың да нан тауып жейтін орысшасы баршылық. Тіл мәселесінде «Конституциялық құқығым шектелді» деп байбалам салып, дауыс көтерудің де жөні жоқ. Сондықтан да Үкімет қашан өз тілінде сөйлейді деп қол қусырып күтіп отырғанымыз мүлдем дұрыс емес.

«Әу, қазағым, өз отбасыңда өз тіліңде сөйлеме!» деп Үкімет те, өзге ұлт та мәжбүрлеп тұрған жоқ қой қазір! Сырттан сылтау іздемей, оңай жолды күтпей-ақ, ана тіліңнің мәртебесін көтеру үшін қолыңнан келетін амалдарды жасауға болады ғой.

Қазір «Шет тілі – білім мен ғылымның кілті» деген ұғым қалды. Дәл бүгінгі жағдайда сенің білімді болғаның да, ғалым болғаның да халқыңның, еліңнің келешегі үшін қажет! Ұлы ғалым Әбу Насыр ­әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбие­сіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің рас екенін өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына!

Тіл – тәрбие құралы. Тәрбие – мәдениет, білім мен ғылым, адалдық пен әділеттілік, ақыл мен сана, намыс, еңбекқорлық, иман мен мейірім… Ананың сүтімен, әкенің қанымен бойына егілген тәрбиенің бұл асыл дәндерін баланың өзге тіл арқылы санасына қабылдап алуы өте қиын болады. Осылар балаңызға қажет десеңіз, үйде өз тіліңізде сөйлеңіз! Тәрбиесі бар баланың өзіне қажет тілді де, білімді де, ғылымды да кез келген уақытта үлкендердің әңгімесі, интернет, қалта телефон арқылы да тез арада игеріп, меңгеріп алуға қабілеті жетеді.

Тіл мәселесіне қатысты қоғамды бөле жармау үшін нақты әрекет қажет. Мысалы, Үкімет – тау, отбасы – жазықтық. «Тауларды аласартпай, жазықтықты биіктету» әрбір отбасының қолынан келеді. Ол үшін әркім өз тілі өзінің болашағы екенін дұрыс сезінуі керек. Үкімет қай тілде сөйлесе де, мемлекеттік тілдің алтын бесігі – отбасы екенін мойындап, оны өзінің рухани тәрбие идеологиялық насихат жұмысының темірқазығы деп білгені дұрыс.

Шәкірттері Конфуцийден: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» деп сұрапты. Сонда Конфуций: «Ойланбастан ұлттың тілін тәртіпке салар едім» деген екен. Мұны естігендер қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Конфуций: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс» депті.

Мүталап ӘБСАТТАРОВ, мемлекеттік қызмет саласының ардагері

P.S: Қоғамға, билікке не тағы басқаға кінә таға бермей, өз отбасыңда ана тіліңде ­сөйлеу – сенің қасиетті парызың, киелі міндетің, қадірлі қазағым!


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button