Басты ақпаратЕл тынысы

Тілеуке сардар – даңқты тұлға



Биыл елімізде Тілеуке батырдың 330 жылдық мерейтойы. Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тарихи деректерде және қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен шығармаларда батырдың жорық жолдары туралы мәліметтер бар. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келген. Тарихи тұлға алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.

Тілеуке жас кезінде елдің ортасында батырға тән бітім, болмысымен танылған. Бұрынғы қариялардан жеткен әңгімеге назар аударсақ, 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қария шежіре мен қисса-дастандарды жатқа айтатын болған. Оның айтуынша, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Қарияның айтуынша Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Ол уақытта батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.

Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сахнасынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатастырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында көп деректер сақталған.

Атақты Бұқар жырау қазақ-қалмақ шайқасына байланысты тағы бір жиырма сегізінші толғауында: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Құдаменді Дәулет қасында, Бақ дәулеті басында, Сеңгірбай мен Шойбек бар, Таңсық қожа, Мәмбет бар, Қасқарау Малдыбай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл, Бәти ішінде, өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» [1], – деп жырланған.

Қалмақтардың Оңтүстікке жорық бастауы

ХVIII ғасырда Жоңғар мемлекеті 1722 жылы Цинь императоры Канси қайтыс болғаннан кейін тіпті күшейді. Өйткені, жоңғарға қауіп сейілді. Жоғарлар билеушілерінің назары Орта Азияға ауды. Тіпті, қытай жағына бодандық туралы келіссөздерде тыйылды. Олардың әскери қуаты артып, Жетісу жеріндегі қазақ пен қырғыз халқын ығыстыра бастады» [2], – деген мәліметтер келтірген.

Қазақ жеріне бағытталған алдағы әскери қимылдарға тыңғылықты дайындалған жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қалың әскердің басшылғында жақсы қаруланғандырып қазақтарға шабуыл жасады. Қазақтар жерін басып алу 1723 жылдың көктемінде басталды. Қазақтар қапы қалды, қорғаныс шаралары туралы сөз болған жоқ. Қаншама адам қалымақтың қолынан қаза тапты, бірқатары Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендерін кешіп жүріп суға кетіп өлді. Дүрбелеңге түскен қазақтар Сырдария өзеніне қашты, тек оның ар жағына асып кеткен жағдайда өздерін қауіпсіз сезінетіндей ойлады. Ұлы жүз және Орта жүздің бір бөлігі Сырдария өзенінің төменгі ойысынан Шыршық өзенінің жоғары жағынан өтті. Ұлы және Орта жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасын» еске алатын тарихта оқиға орын алды. Кіші жүз Сауран қаласын («Сауран айылған») айналып, бекеттен өтті. Шиелі тұсынан Хиуаға кетті [3], – деп жазды М.Тынышбаев.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

Тілеукенің шын батырлығы қалмақ шапқыншылығы кезінде анық көзге түседі. 1723 жылы қалмақ билеушісі Цеван Рабтан бастаған қалың қол Қаратау күнгейіндегі Ұлы жүз қазақтарына лап қояды. Тілеуке Сіргелі және Ысты руларының қолын бастап, Бабата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға кіріседі. Бірақ күші басым жаудан қазақтар ығып, жеңіліске ұшырайды да, ата қоныстан ауа көшеді. Осы бір сүргінді қалмақтың қалың қолы Оңтүстікке басып кіріп, Қаратау асып жетті. Қалмақтар қарулы қолы қорғануға шамасы келмеген бейбіт елді шауып-жаншып, қырғындап, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетті. Тірі қалғандар ата мекені мен мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. Осы кезде Бөген, Шаян бойындағы Сіргелілер, Қаңлы, Шанышқылының негізгі тұрағынан ауа көшіп, Өзбек жеріндегі Шыршық өзенінен ары асып кетеді.

Ертеректе өмір сүрген Сіргелі шежіресінің аса білгірі тоқсан жастағы Едігеұлы Ақылбек қарияның айтуынша, сол уақытта Тілеуке батыр Ташкент маңындағы жаудан ығысқан сіргелі, қоңырат, ысты, ошақты руларының басын қосып, қалмаққа қарсы қол жасақтапты. Тілеуке батырдың қару жасайтын ұсталық шеберлік өнері де болған. Мұнда оған қаңлының Сырлыбай, Қараманас, Шаншқылының Бердіқожа батырлары өз қолдарымен қосылады. Бұл уақытта қалмақтар Сайрам, Шыназ, Ташкент қалаларын басып алып, уақытша билік жүргізген. Кейіннен бұл өлкеден қалмақтарды қуып шығуға Тілеуке батыр көп еңбек сіңірген екен [4].

 Түркістанды қорғау шайқасы

         1723 жылы қалмақтардың қалың қолы қазақтың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Қабанбай батыр қорғану жөнінде қазақ сұлтандарына неше рет талап қойса да, олар ығыса береді. Он мың әскері, отыз мыңнан аса халқы бар Түркістан қаласынан ұран шақырғанда әрең бірнеше мың адам ғана жиналады. Ал, Қабанбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдындағы майданға келіп, қалың жұртқа сіргелі Елшібек батырды таныстырып, қорғаудың қамын жасап, әскерді орналастырады. Қаланы қорғауға Елшібек батыр жауапты болып, өзі Кіші жүзден қалың қол ұйымдастыруға аттанады [5].

Ақтабан шұбырынды жылдары Отан алдындағы өз жауапкершілік намасын түсінген халық еркін жасытпады. Табан тірескен және ұзаққа созылған шайқастар жүріп жатты. Ташкент қаласының қазақ жасағы бастаған  тұрғындары үш айға жуық қаһармандықпен қорғанды. Ташкенттің ізінше Сайрам мен Түркістан да құлады. Бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар халықты туған жерін қорғауға көтерді. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Жау таулы жерлерде, алыстағы далалық аудандарда, қалаларда тойтарыс алды [6]. Жоңғарлар қаланы шабуыл арқылы бірден басып ала алмады. Қарсылық көрсету күшті болды. Бірақ, әртүрлі амалдармен және лек-лек болып келген әскердің күшімен соңында алды. Қазақтар амалсыз шегінді.

 Ордабасы Құрылтайы

Қаратаудың күнгей биігіндегі оқшау биік Ордабасында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасқан сәті – ең шешуші кезең болса, бас сардар Әбілқайыр болып сайланып, қазақтың барлық батырлары бірге тізе қосып жауға қарсы аттанғанда, тұлпарлар тұяғы мен сауыт киген адамдардан жер қайысқан күйде еді [7].

Қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде: «Үш жүздің әскери қосындары біздің ойымызша, Бадам  өзені жақтағы «Ордабасы» тауына жақын жерде, яғни «Орда Басы» деп аталатын тарихи орында бас қосқан. Ол тарихи орын Алатау мен Қаратау тауларымен шектесетін Арыс пен Бадам алқабының еңіс ойпатында орналасқан, жекелеген биіктіктермен, аласа жоталармен төбешік далаға айналып жатқан бұл шағын тау бүкіл төңіректі алыстан бақылауға ыңғайлы орын. Өзеннің ойпатынан көтерілген биік төбе, Арыстанды, Шаян немесе басқа жерлерде Ордабасыға тән төбе бірден көзге түседі. Ордабасының арғы бетінде бір кездері суы мол, ең бай шалғындығы бар жерде Бадам өзені Ордабасыдан батысқа қарай ағады. Оңтүстікте көптеген шабындықтарда елеулі ордаларды жасыруға болады. Дәл осы жерде ортақ келісім жасалып, бір-біріне адалдық антымен серттесіп, бірауыздан Әбілқайыр ханды бас қолбасшы сайлап, халық әдет-ғұрпы бойынша ақбоз атты құрбандыққа шалған» [8] , – деп жазған.

XVIII ғасырдың 20-жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. [9]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған. Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.

Бұланты-Білеуті шайқасы

Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендері аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен [10].

Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен шыққанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді [11]», – деп жазды.

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мовзлейі»  атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған [9, 142].

Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді.

 Аңырақай шайқасы

1729 жылы Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді [6, 130-131]. Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды.

Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған.

Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі» [12], – деп жазды.

Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған [13].

Абылай сұлтанның қорғаушы жасағының қолбасшысы

         1740 жылы тамыз айының соңында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орта жүздің атынан ант беру үшін Ор бекінісіндегі Патшалық Ресей империясының кездесуге арнайы жіберген адамдарымен жолығуға барады. Бұл мемлекет аралық үлкен оқиға болған. Дәл осы уақытта Қазақ хандығына Жоңғар хандығынан өте күшті қауіп төнген. 1739-1741 жылдар арасында үлкен шайқастар басталып кеткен. Ташкентте отырған Қалдан Церен үш түмен әскер шығарып, үш бағытта жорыққа аттандырған. Ертісті бойлап солтүстіктен – Септен ноян, Сырдарияның бойымен – Сары-Манжа ноян және Қаратау ішімен Арқаға тік жол тартып шыққан Лама-Доржы әскері болды. Осындай қиын жағдайда екі жақтан қыспаққа түсіп қалып, мемлекеттілікті жойып алмау үшін қазақ елінің басқарушы элитасы арыдан ойлап, байсалды және сарабдал саясат жүргізді.

Міне, осы жаугершілік заманда қазақ халқын басқарушы ел ағалары «Хан кеңесінде» алдағы жоспарды дұрыс құрған сияқты. Осы кезде елді сыртқы жаудан қорғайтын – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа және тағы басқа қолбасшылар Жоңғарияның жойқын жорықтарына қарсы күресте халықты қорғаумен жүрді. Ал, мәмілегерлік келісімде Шақшақ Жәнібек  екі елдің басшыларын жолықтыруды реттеген. Бұл сапарда Әбілмәмбет ханның қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағына Тілеуке батыр қолбасшылық жасап барған. Осы кездесуде Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел тұтқын адамдарды алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Осы барған қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып қонақ ретінде күткен.  Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В. Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Жәнібек батыр және Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болған [14].

 Ташкент қаласы үшін тартыс

1739 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би қалмақтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай ақ, қалмақ билеушілеріне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, он төрт жыл жылға жуық уақыт болған.

1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Цереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызды. Бірақ, ханның көп ұзамай 1745 жылы қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастады [15]. Міне, осы аталған Ташкент қаласы үшін тартыста Төле би, Тілеуке батыр, Бердіқожа батыр және тағы басқа батырлар бірлесіп күрескен.

Ташкент жерінде Төле би билік жүргізген кезеңде Тілеуке батыр елді ұйымдастырып қорған тұрғызғандығы туралы дерек бұрынғы қариялардан жеткен. Ол қорған атауы кезінде «Сіргелі қорғаны» аталған екен. Тарихи орынның атауы осы күнге дейін жалғасып, Ташкент қаласында Сіргелі  аталатын аумақ бар.

 Шаған шайқасы

1750 жылдардың басында атақты Шаған шайқасы Шыңғыстауда болған. Абылай ханмен атақты Қабанбай, Бөгенбай батырлар қол бастап келіп, Қоңыр Әулие үңгірінің қапталында қорған жасап бекінген қалмақ әскерімен шайқасқа түскен. Қалмақтар қазақтарға алғызбай, бір апта бойы қазақ жағынан шығын көп болған екен. Сол кезде Абылай сұлтан ашуланып, осы жерде кім Шағандағы қалмақтардың қамалын алса, соны Бас қолбасшылыққа сайлаймын депті. Міне, осы Шаған шайқасында ақбоз атпен шауып, ерекше ерлік көрсетіп, қамалды алған Қаракерей Қабанбай батыр ерекше көзге түскен және «Дарабоз» атанған. Оның қасында Еспенбет батыр да ерекше ерлік танытқан. Тарихи шайқасқа байланысты Құрбанғали Халид пен Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде:

Қабанбай хандай болып ардақталды,

Абылай риза болып, басындағы тәжін тақты,

Еспенбетке риза болып, оқал шапан жапты, – дейді. Бұл шайқаста қазақтың мерейі үстем болып, біраз шығын әскер жағынан болғанменен қалмақтарды осы жерден қуып шығып, қазақ даласын біртіндеп азат етіп, ары қарай Шығыстағы Шорға шайқасына қарай  ойысқан. Осы шайқаста қалмақ жағынан қол бастап келген Арқауыл батыр Қабанбаймен жекпе-жекте қаза тапқан. Ал, Доржы ноян қашып шығып, Аягөзге жеткенде қалған әскерімен шайқаста өлтірілген. Шаған шайқасы аздап тарихта айтылады [16].  Бірақ, бұл шайқас қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі екендігі анық. Осы тарихи орынды 2021 жылы экспедиция кезінде екі рет арнайы зерттеген едік. Шайқас өткен Қоңыр Әулие үңгірінің оң және сол жақ қапталында жатқан қорымдарда бес жүзден артық сарбаздардың бейіттері бар. Онда шапыраштының ай таңбасы, ошақтының тұмар, шаншқылының жебе таңбасы, төренің аша таңбасы, арғынның екі көз таңбасы, керейдің ашамай таңбасы, Кіші жүз таманың таңбасы, телеудің таңбасы және тағы басқалары байқалады.

 Оңтүстік өңірді азат ету шайқастары

1745 жылы Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейін таққа он үш жасар оның ортаншы ұлы Цеван Доржы отырды. Оның билік еткен тұсында қысқа мерзім Жоңғарияның ішкі істерінде жөнсіздіктерге жол беріліп, жазықсыз өлім жазасына кесу, қатал тәртіп орын алған және экономикалық құлдырауды көздеген саяси бөлшектену басталды [17].

Қалмақтарды қазақ жерінің Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам аймағынан қуып шығу кезінде қазақ әскерлері қаһармандық жанқиярлық ерліктер көрсетті. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласы бойында, Садыр қамалған бұлақ деген жерлерде қалмақтардың қалың қолын Үлкентұз тауына қуып тығып талқандады. Сөйтіп Қаратау қазақтардың жеңілістерінің ғана емес, сонымен бірге өз жерін азат етудегі жарқын табыстарының да куәсі болды [6,136].

Осы уақытта Абылай Үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтардың қол астында қалған қазақ жерлерін азат ету мақсатымен Орта жүз жерінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ және тағы басқа батырларды топтастырып қол жинады. Алдымен ұзақ жылдар бойы Жоңғар хандығына бодан болып келген Ұлы жүз жерлерін Жетісу, Сыр бойындағы қалалар, Талас, Шу өңірін азат етуді көздейді [18].

Жоңғария билеушісі Цеван-Доржы таққа отырысымен қазаққа қарсы қалың қолды бастап, жорыққа өзі шығады. Адам айтқысыз екі жақтан да қызыл қан судай ағады, ұзаққа созылған қатты ұрыстан соң Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті, Бөгенбай қолы Сайрам мен Созақты, Баян мен Жәнібек қолдары Талас өзенінің бойы мен Қарақалпақ жерінен жауды қуып шығады [19].

Абылай сұлтан басшылық еткен, Қаракерей Қабанбай бастаған қалың қол, Ұлы жүз жасақтарының қолбасшысы Шапырашты Наурызбай батырмен бірге одақтаса отырып, 1751 жылдың күзінде қоқандықтардан Ташкент, Сайрам, Созақ қалаларын азат етеді.

XVIII ғасырдың бас кезінде Орталық Азияның бір кездегі қуатты көшпелі мемлекеті болып есептелген Жоңғар хандығының әлсіреуі мен құлдырауының күшейе түскен кезі еді. Қабанбай батыр 1751 жылы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын қалмақтардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті [17, 199].

 Жетісу жеріндегі шайқастар

Жетісуды азат ету шайқасында көмек күткен патша әскері келмеді. Сондықтан, Ұлы жүздің батырлары кеңесіп, әлі де біздің қазақ шамасы келсе қарап отырмаған. Қалмақтар мен қазақ арасында шайқастар Үшқоңыр, Алматы, Көкпек, Ойрантөбе, Қарқара, Жаркент және Сүмбе жеріне дейін бірнеше шайқастар өткен. Себебі, атақты Жаркент, Көкталдағы қорғандарда торғауыттардың тобы, кешегі Қонтайшының ескі қазынасы, соғыс құралдары бар мен жауынгерлері орналасқан бекіністер талқандалып, қамалдары алынды.

Райымбек батыр туралы деректер жинаған шежіреші Қабылбек Сауранбаев ақсақал кезінде батырлардың ұрпақтарынан 30 адаммен сөйлесіп, көнекөз қариялардан шайқастар туралы деректер жазып алған екен. Қолжазбаға назар аударсақ, бұл шайқасқа Ұлы жүзден бір жүз он батыр қатысты деген факті келтіреді. Олардың қатарында: Қангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр. Бұлардың арасында жүздік, елулік батыр, отыздық батырлар да болған.

Жетісуда Райымбектің жорығына байланысты деректерге назар аударсақ, Түргенді Райымбек бастаған қол, Шелекті, Суықтоғайды Бақай батыр, шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған қол, Алматыны, Іле бойын Сатай батыр, Ырыскелді батыр, Өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр бастаған қол жаудан тазалады. Қалмақ қолындағы қазақ тұтқындары босатылды. Қалмақ қорғанын алуда қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Райымбек батырдың екінші жорығы Суықтоғайдан босатылған жоңғар қолдарына шабуыл, Жіңішкеде, Таушілікте, Қарабұлақта, Жалағашта, Үш Меркіде, Кеңсуда, Көктөбеде, Үш Қарқарада жалғасып, қазақтардың толық жеңісімен аяқталады. Қалмақтармен шайқаста қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Жетісу жеріндегі жорықта Жаркент, Көкталдағы торғауыт-қалмақтар Тарбағатай, Шәуешектегі жоңғарларға болысып, Орта жүз Қабанбай қолына қарсы аттанбақ екен деген хабарды естіген Райымбек: «Біздің Ұлы жүз жабағы тайды жауға мінуден құтылды. Қарағайдан найза ұстаудан кетті. Мінгеніміз тұлпар болды. Соғыс құралдарымыз жетерлік, соғыс әдісін игердік, жас батыр, жаңа бауырлар көбейді. Енді осы тобымыз тарамай тұрып Қабанбай батырға елші жіберіп, хабарын алайық», – деген ойды айтады.

Осы кезде Қабанбай батырдан Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынастыруға мүмкіндік бермеу туралы ұсыныс келіп жетеді. Сөйтіп, қалмақтардан Сарытау, Үйгентас, Үсекті азат етуге атсалысады. Іле бойлап Қорғасқа дейін барады [20]. Яғни, Үш жүз әскері жаудан жерді азат ету жолында бір-біріне көмекке барып жүргендігін байқаймыз. Жалпы, қазақ халқына сыйға берілген жер жоқ. Атажұртты қазақ батырлары бірлігімен қорғап, елі мен жерін аманаттап кетті. Осындай жаугершілік заманда өмір сүріп, бүкіл өмірі жаумен күресте өтіп, жан алысып, жан берісті, батыр бабалар елді қорғай білді. Сондықтан, олардың рухына тағзым етіп, халықтың тарихи танымын нығайтып, ұлттық рухын көтеру үшін көп жұмыстар атқарылуы керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Бұқар жырау. – Павлодар: «ЭКО» ҒОФ, 2003. – 156-157-бб.
  2. Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – Москва: Наука, 1968. – 220-б.
  3. Тынышпаев М. История Казахского народа: Учебное пособие. (Сост. и авт. предисловия проф. А.Такенов и Б.Байгалиев). – Алматы: «Санат», С. 164.
  4. Cіргелі Қарабатыр шежіресі. Ұжымдық жинақ. – Алматы: «Жамбыл» баспасы, 2019. – 35-36 бб.
  5. Бейсенғали С., Cәнік З. Қаракерей Қабанбай. – Алматы: Жазушы, 1991. 39 40 бб.
  6. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: Атамұра, 2002. – 131-б.
  7. Төлепберген М. Саңырық батыр. Тарихи-танымдық зерттеу, ойлар мен толғаныстар. – Алматы: «Казстанинформ», 2007. – 31 б.
  8. Тынышпаев М. История Казахского народа: Учебное пособие. (Сост. и авт. предисловия проф. А.Такенов и Б.Байгалиев). – Алматы: «Санат», 1998. – С. 164.
  9. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы: Санат, 2002. – С.141.
  10. Моисеев В.А., Сулейменов Р.Б. Из истории Казахстана XVIII (о внешней и внутренней политике Аблая). Алматы: Наука, 1988. – С. 23.
  11. Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. Алма-Ата: Огиз.Госполиздат, 1941. – С.121.
  12. Қасымбаев Ж.Қ. Тағы да Аңырақай шайқасының ақиқаты хақында // Қазақ тарихы. – 2000. – №2. – 53-56 бб.
  13. Мағауин М. Бес ғасыр жырлайды. Алматы: Жазушы, 1989. – 67-б.
  14. Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). – Оренбург: Типография Ефимского-Мировицского, 1896. – С.54.
  15. Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (XVIII XX ғғ.). Зерттеулер. Алматы: Жалын, 2005. 52 б.
  16. Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих). /Аударған Б.Төтенаев, А. Жолдасов/. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 300 б.
  17. Аманжолов К. Түркі халықтарының тарихы. – 2-том. Алматы: Білім, 2002. – 199 б.
  18. Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана XVIII века. Алматы: Ғылым, 1991. С.116.
  19. Ләмбекұлы С. Қарқаралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 11 б.
  20. Сауранбаев Қ. Райымбек батырдың шайқастары // Райымбек. Ұжымдық жинақ. – Астана: Елорда, 2005. – C. 73–139.

Қанат Еңсенов,

Мемлекет тарихы институтының

 жетекші ғылыми қызметкері,

 тарих ғылымдарының кандидаты,

 қауымдастырылған профессор

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button