Қала мен СалаҚоғам

ТІЛІ БІРДІҢ – ЕЛІ БІР



Кеше «Тілеп» қобыз сарайында Қазақстан халқының бірлігі күні аясында «Тілі бірдің – елі бір» атты мерекелік кеш өтті. Зиялы қауым өкілдері, қаладағы  этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жалпы жұртшылық жиналған шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

3453543

– Ұлтаралық бірлікті арттыру, этномәдени бірлестіктермен қарым-қатынасты ны­ғайту мақсатында осы кешті ұйымдастырып отырмыз. Негізінен, көздегеніміз – мемлекеттік тілдің, тұтастай алғанда, ел үшін маңыздылығын ашып көрсету, оның қолданыс аясын кеңейту, тіл – елді біріктірудегі үлкен күшке ие екендігін паш ету, – дейді аталмыш басқарманың басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Жалпы алғанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Қазақстанға талай ұлттарды күштеп көшіру басталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де сталинизмнің бұл науқаны тоқтаған жоқ. Қорытындысында, елуінші жылдардың басында елімізде қоныстанған этностардың саны 2 млн адамға жетті. Олардың қатарында немістер, кәрістер, шешендер, ингуштар, күрдтер, поляктар, т.б. ұлттар болды. Қазақтар оларды жатсынбады. Өздері жеп отырған нанның жартысын бөліп беріп, шаңырақтарында паналатты. Қазір де елімізде 130-ға тарта ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр.

Осы мерекелік кеш соның айғағындай болды. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп Елбасы айтқандай, бүгіндері өзге ұлттардың ұландары да осыны түсініп келеді. Александр Асанов, Ольга Рычкова бастаған бір топ жас ана тілімізде өлеңдерді мүдірмей оқыды. Кеште жыр ғана оқылмай, әсем әндер де шырқалды. Азамат Жылтыркөзов, Айгүл Иманбаева, Нұрболат Арзамас­ұлы, «Серпер» тобы, Әсем Омарова, «Наз» би театры шараны шырайландырды.

Мемлекеттік тіл – елді біріктіруші негізгі фактор, Қазақ­стан халқын ұйыстырушы тіл екені біраздан бері айтылуда. Елімізде тұрып жатқан этнос­тардың ана тілдерінің дамуы мен сақталуына да еш кедергі жоқ. Бұл кеш соған анық көз жеткізді.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button