Денсаулық

Тісіңді жастан сақта!



Жыл сайын жоғары оқу орнына түсуге талаптанған түлектер арасында тіс дәрігері мамандығын таңдаған жастар өте көп. Яғни мамандықтар тізімінде «стоматолог» көшбасшы боп тұр. Жастардың таңдауы жалақысы жоғары, қызметі шұғыл осы мамандыққа түсіп отырғаны түсінікті. Жалпы мамандық терапевт, хирург, стоматолог-ортопед және ортодонт болып жіктеледі екен. Біз осы орайда Астанадағы «BioDental» клиникасында терапевт-микроскопист болып жұмыс істейтін Азамат ҚОНЫСБАЕВТАН ауыз қуысы ауруларын емдеу және алдын алу тәсілдері туралы сұраған едік.

– Жалпы пациенттер клиниканы қалай таңдап келеді?

– Бізге пациенттер көбіне «сарафанное радио» арқылы келеді. «Сарафанное радио» – бұл коммуникацияның, маркетингтің бір түрі, яғни жарнаманың ауыз­ша айтылатын ақысыз түрі. Осылайша қызмет алушылар басқа адамдарға қандай да бір тауарды немесе қызметті ұнататынын айтады. Сосын әлеуметтік желіден тіс дәрігерінің нәтижелі жұмысын көріп, оған қалдырған ұсыныс-тілекті оқып (отзыв) барып таңдайды. Яғни маманның тәжірибесіне, білім-біліктілігіне, жасаған жұмысына мән береді.

– Желідегі стоматологтарға қатысты жағымсыз пікірлерге пікіріңіз қандай?

– Әрине, көпшілік болған жерде тұрғындар тарапынан жағымсыз ойлар, жағымсыз пікірлер болатыны түсінікті. Барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Бірақ жақсы нәтижеге жету үшін, жұмыс барысында тәжірибені жетілдіру үшін пациенттердің ой-пікірі біз үшін маңызды. Әр адамды тісінің ерекшелігіне қарай, дерттің шығуы, дамуына қарай отырып қабылдап, тіс емдеу жоспарын құрып, емдеуге тырысамыз. Өте күрделі жағдайға тап болған пациентті әріптестерімізбен консилиум жасау арқылы кеңесіп, ортақ оңтайлы шешімін табамыз. Яғни бір тістің тағдырын үш-төрт тіс дәрігері жиылып шешеміз. Тісті барынша сақтап қалуға тырысамыз, ол тістің қанша уақыт адамға қызмет ете алатынын, емдесек те, сақталмайтындай болса деп өміршеңдігіне, асқыну процесіне мән береміз, сосын барып терапевт, хирург, ортопед мамандармен келісе отырып, тұжырымдауға тура келеді.

Жалақысы жоғары дегенге келсек, оған келіспес едім. Өз ісінің білгірі, тәжірибесі мол, еңбек өтілі көп мамандар ғана жоғары жалақы алуы мүмкін. Бірақ уақыттың кез келген мезгілінде үнемі күрделі жағдайда, иненің ұшында жүретін стоматолог тек ерен еңбегіне сай ғана ақы алады десем артық айтпаған болар едім. Жоғары жалақы алу үшін біліктілік керек, сосын осы саланың ең үздігі атануы қажет. Өзім танитын әріптестерімнің барлығы жоғары еңбекақы алады деп айта алмас едім.

Азамат Серікқалиұлы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде білім алды, жұмыс тәжірибесі – 4 жыл. Жұмысында ширақ, қолы епті, білікті жас маман – елордалық тұрғындардың тісін емдеп жүрген білікті дәрігер. Жұмыс кестесінде бос орын болмайды, күнбе-күн, тіпті түскі ас-сусыз ассистентімен бірге алдына келген пациенттің тісін емдеп жатқанын көзімізбен көрдік, нәтижесін бағалап барып жас маман туралы жазуға бекінгеніміз де рас.

– Отбасым – дәрігерлер отбасы. Атамнан бастап туыс-бауыр­ларымның арасында терапевт, хирург, анестезиолог дәрігерлер бар. Ұжымым да үлкен, ұйымшыл. Клиникамыздың басшысы – хирург-имплантолог, бас дәрігер Димаш Мұхамеджанов басқарған ұжымда осы салаға қатысты білікті мамандар жиналған. Қалада жедел жағдай бойынша 2 филиал үнемі жұмыс істейді.

– Тіс емдеудің ең қарапайым тәсілі жөнінде айтсаңыз.

– Ең алдымен, ауыз қуысында тіс ауруын болдырмаудың басты жолы – алдын алу (профилактика). Бірақ өкінішке қарай, бізге тұрғындардың тек 10 пайызы ғана алдын алу үшін келеді, қалғаны тек тісті жұлдыртуға немесе шіріген тісін емдетуге келетіні рас. Сондықтан кез келген аурудың алдын алған дұрыс, күнінде кемінде жақсы тіс щеткасымен таңертең-кешкісін жақсылап, дұрыс технологиямен тазартқан жөн. Тістің дұрыс тазаланбауынан ауыз қуысында тамақ қалдықтары қалып қояды да, ол тіс қуыстарын шіріте бастайды. Тіс щеткасынан басқа, ұсақ щеткалар бар қазір, сосын тіс жіптері бар, соларды пайдалану керек. Ал ауыз қуысында брекет немесе тіс коронкасы болса, оған күтім тіпті ерекше, үш есе болатынын ұмытпаған абзал.

– Дамыған елдерде, Батыста тіс емдеуде алдын алу процесіне айрықша мән береді екен. Ал біздің елде жағдай басқаша ма?

– Елордалықтардың тек 10 пайызына жуығы ғана алдын алу шарасы бойынша жазылады. Қалған 90 пайызы тісі құрттап, жұлдыруға немесе емдеуге келеді.

Қазіргі кезде тағы бір мәселе – жастарда да, үлкендерде де «ақыл тістің» («зуб мудрости») көптеп шығуы. Бұл тістер ата-­бабамызда да болған, үшінші азу тіс ретінде өсіп шыққан соң тамақ шайнау қызметін атқарады. Уақыт өте келе оны көп пайдаланғандықтан жақ кішірейіп, үшінші азу тіс ауыз қуысына сыймай қалып жатқанын байқауға болады. Соның кесірінен ақыл тістердің 95 пайызы ауыз қуысына дұрыс бекімей, дұрыс шыға алмай, басқа сау тістерді қозғап, адам шыдатпайтындай қиындық әкеледі. Ал шыққаны бірден құрттап кетеді, сосын оны алуға тура келеді. Тек 5 пайызы ғана ауыз қуысында дұрыс орналасып, тамақ шайнау процесіне қатысса ғана маман оларды қалдыруы мүмкін.

– Адам ағзасына қажетті минералдарды берген сияқты, тіске минерал заттарды беруге бола ма?

– Минерал заттар адамға қан арқылы берілсе, тіске олай сала алмайсыз. Бұл – бірінші проблема. Екіншіден, ауыз қуысының тазалығы щетка мен пастадан бұрын тазалау технологиясына тікелей байланысты. Тіс щеткасын оңды-солды үйкелей беруден тіс тазаланбайды, тіс пен етін асты мен үстіне қарай немесе керісінше, сосын арасын арнайы жіптермен ерінбей, асықпай, мұқият тазалаған дұрыс. Яғни тістің тазалануы 95 пайыз технологияға, 5 пайыз тіс пастасына қатысты екенін ұмытпағаныңыз жөн. Сосын тіс ауырғанда ең бірінші әрекет – жақын маңдағы дәріханадан ауырсынуды басатын дәріні (обезболиваю­щий препарат) алып ішкен дұрыс. Сондай-ақ өздігінен емделумен айналыспаған жөн. Бәзбіреулер ауырған тісті өз бетінше емдемек болады. Тіс ауруының асқынуы өте жаман: адам айтқысыз нәрсеге алып келетінін ұмытпаған жөн. Ең абзал әрекет – маманның көмегіне жүгіну. Тістің еті қызарып, қызыл иектің қабынуы, ауырсына бастауы – ауыз қуысындағы проблемадан хабар бергені. Жедел тіс дәрігеріне қаралу қажет. Мамандар тіпті тісі асқынып келген пациентті топ-топқа, жік-жікке бөліп, ортақ шешім қабылдап, емдеу жоспарын жасайды.

– Тіс емдеу, тіс салдыру Қазақстанда неге қымбат?

– Қазір ауыз қуысында жасушалармен, тінімен «дос­тасатын», солармен бірге өмір сүре алатын жоғары сапалы технология материалдары бар. Сапасына орай олардың бағасы да жоғары болады. Асқазан мен ауыз қуысы өте сезімтал, сырттан келген кез келген материалды бірден қабылдай бермейді, сондықтан оның бағалы, сапалы болғаны маңызды. Тіске арналған имплантат, коронка үшін осындай материалдарды пайдаланады. Арнайы зертханада оны бірнеше маман дайындайды. Тек бір маман ғана дайындаса, мүмкін, арзандау бағаға шығар ма еді, бірақ дайындауы бірнеше күрделі процестен, кезеңнен тұратын, біраз уақыт алатын, оған қоса маманның салу жұмысы бар, олардың бағасы да осылайша қымбат болып келеді. Материалдардың барлығы, біздегі марля мен сүртетін қағаздан басқасы, толығымен шетелден келеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button