Қала мен Сала

Төтенше жағдайлар саласын қолдау маңызды



Астана қаласы мәслихатының депутаттары төтенше жағдайлар қызметіне қарасты бірнеше құрылыс нысанына барып, сапасын көріп, мәселесін білді.

Кейінгі жылдары табиғи және техногендік апаттың көбею тенденциясы байқалып отыр. Құрғақшылық жылдары өрт тіпті өршіп кетеді. Биыл орман-тоғайларды өрт шарпып, қаншама гектар табиғи байлықтан айырылып қалдық. Тұрғын үй секторында да жиі-жиі өрт шығады. Қазір өрттің алдын алу және дер кезінде сөндіру маңызды іске айналды. Ал қыс айларында қалың қар түссе, көктем мезгілінде қарғын судан сақтану мәселесі туындайды. Қысқасы, төтенше жағдайлар құрылымы қысы-жазы кез келген оқыс жағдайға сақадай сай тұруы керек.

Бұл міндетті сапалы атқаруда саланың материалдық-техникалық базасы мен ғимараттарын талапқа сай ету маңызды. Бәрінен бұрын, салаға кәсіби мамандарды даярлау және тарту міндеті тұр. Жақында ашылған «Жас құтқарушы» оқу орталығы осы бағыттағы тыңдырымды істің бірі ғана. Жыл аяғына дейін Көктал және Үркер аумағындағы өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталады. Бұл құрылыс нысандарының мәселесі жоқ емес. Халық қалаулылары сол үшін атқа қонып, құрылыс нысандарына арнайы барды.

Делагацияны мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаса, бұл қатарда депутат Азамат Айтхожин, Асқар Смағұлов, Ғабит Тәжімұратов, Алтыншаш Табулдина, Баһаркүл Төлегенқызы және Төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамы болды.

– Қалада барлығы 11 өрт сөндіру бөлімі мен авиациялық құтқару жасағы бар. Бөлім құрылымында 1700-ден астам адам қызмет етеді, 160-тан астам арнайы техника бар. Елорда халқының төрттен бірі 16 елді мекенде тұратын болса, солардың ішіндегі халқының саны және аумағы жағынан Көктал ірі елді мекен саналады. Бір жағы қаланың іргесінде орналасқан. Яғни Сарыарқа және соған іргелес аудандарда өрт болған жағдайда Көкталдағы бөлімшені қосымша күш ретінде жұмылдыруға болады, – деді Астана қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Дамир Ермағамбетов.

Расында 3 мың гектар аумақта 36 мыңнан аса халық тұрады. 3 мектеп және колледж, 15 балабақша және мәдени-спорттық кешендер орналасқан елді мекенге өрт сөндіру депосы сұранып тұр. Дегенмен құрылыс нысанында мәселелер туындауда. 2021 жылы құрылысы басталған нысанды газға қосу қарастырылмаған-ды. Депутаттар осы мәселені назарға алып, құрылыстың жүргізілу барысымен танысты.

Көкталдағы өрт сөндіру депосы 4 шығуға арналған және жанында пәтер үлгісінде қызметкерлерге арналған қызметтік жатақхана салынуда. Мұндағы жұмыстың 65 пайызы аяқталды. Яғни ғимараттың қабырғасы тұрғызылып, шатырдың металл құрылымын салу жұмыстары басталды. Ал Үркердегі өрт сөндіру депосы 2 шығуға арналған. Мұнда су және су тарту жұмысы жүргізіліп, кәріз құбырына қосылды. Қабырғасы тұрғызылды. Алайда былайғы жұмыстары тоқтап тұр. Депутаттар осының мән-жайын білді.

Мердігер компания – «Аль­та­ир-­СК 7» бас инженері Әбдірахман Пайзиевтің сөзінше, құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сол себепті құрылыс шығыны қайта есептелуде. Құжаттандыруды Ішкі аудит басқармасы қарауда. Қыркүйек айында құрылыс жұмыстарын қайта бастау жоспарлануда екен.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button