Ел тынысы

Топтық эстетикалық гимнастикадан ел чемпионаты өтіп жатыр



Астанада топтық эстетикалық гимнастикадан ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Эстетикалық гимнастика – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан спорт түрі. Көркем гимнастикаға ұқсас бұл спорттың өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, сайыс барысында ешқандай құрал қолданылмайды. Екіншіден, топтық сайыс болғандықтан, командада кемі 6 адам өнер көрсетеді. Үшіншіден, бұл спорт түрімен айналысу үшін қатты талап қойылмайды әрі көркем гимнастикаға қарағанда ұзақ мерзімде айналысуға болады.

«Қазақстан чемпионаты жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Биылғы жарысқа 8 облыстан спортшылар қатысып жатыр. Өткен жылы 5 облыстың спортшылары келген, биыл қатысушылар қатары артты. Турнирде ұзақ бағдарлама бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 260 адам жүлдеге таласуда.

Қысқа бағдарлама 1,5 минутты қамтыса, ұзақ бағдарлама 3,5 минутқа дейін жалғасады. Турнирдің нәтижесінде күзде Гонконгте өтетін Азия чемпионатына баратын үздіктер іріктеледі», – деді жарыстың бас төрешісі Заира Жақыпова.

Айта кетейік, эстетикалық гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2019 жылдан бастап жыл сайынғы әлем чемпионатына тұрақты түрде қатысып келеді. 2022 жылы Аустриядағы жаһандық додада командалық сайыс бойынша қола жүлдеге ие болса, 2023 жылы Азия құрлығынан Алматы қаласы бірінші мәрте 16 мемлекеттің қатысуымен әлемдік бәсекені өз жерінде қабылдауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде жасөспірімдер санатында Астана қаласының «Самұрық» командасы бірінші рет қола жүлдегер атанған еді.

Эстетикалық гимнастикаға қатысатындар тек қана көркем гимнастиканың элементтерін ғана емес, спорттық гимнастика, би жағынан да шеберліктерін шыңдай алады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button