Басты ақпаратЖаңалықтар

ТӨРТ ҮМІТКЕР ТІРКЕЛДІ



Биылғы 28 маусым күні Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Осыған орай, Астана қаласы Сайлау комиссиясының төрағасы Игілік ЖАЛБЫРОВПЕН сұхбаттасып, бас қалада сайлау науқаны қалай өтіп жатқанын білдік.

vybory1_4

– Игілік Иманбайұлы, Астанада Сенат депутаттығына үміткерлерді ұсыну және тіркеу науқаны қалай өтті?
– Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннен бастап бір ай көлемінде – 29 сәуір-28 мамыр аралығында жүргізілді. Астана қаласы бойынша 9 үміткер ұсынылды. Олардың бәрі – өзін-өзі ұсынғандар. Үміткерлердің арасында екі әйел болды, алты кандидат – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, үшеуі – партияда жоқ.

– Қорытындысында қанша үміткерді тіркедіңіздер?
– 7 маусым күні кандидаттарды тіркеу аяқталды. Астана қаласы бойынша Сенат депутаттығына төрт кандидат тіркелді. Олар: «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мамытбеков Еділ Құламқадырұлы, «Астана қаласы кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Мерва Надежда Михайловна, Астана қаласы әкімі аппараты мемлекеттік-құқық бөлімінің бас маманы Нұрпейісов Дамир Қадырбайұлы және «Темір жолда сертификаттау қазақстандық орталығы» ЖШС директорының орынбасары Сүтемгенов Дәулет Болатұлы. Тіркелген үміткерлердің бәрі – «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

– Қалғандарының тіркелмеуіне не себеп болды?
– Қаланың сайлау комиссиясы өзін-өзі ұсынған бес кандидатты тіркеуден бас тартты. Үміткер Астана аумағында үш жылдан кем емес уақыт тұрақты тұру керек. Ж.Т.Смайылованың кандидатурасы бұл талап­қа сәйкес келмеді. У.Х.Ибра­гимов, Р.М.Досымқұлов, Ш.С.Өзбеков және М.Б.Әжікенова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркеуге қажет құжаттарды толығымен тапсырмағаны үшін, соның ішінде кандидатты қолдауға арналған қол қою парақтарын ұсынбағаны үшін тіркелмеді.

– Биылғы сайлауды ұйымдастыру барысында қаланың сайлау комиссиясының алдында қандай негізгі мақсаттар тұр? Жалпы, сайлау қалай өтеді?
– Биылғы Сенат депутаттарының сайлауында мәслихат депутаттары ғана дауыс береді. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес қалалық сайлау комиссия­сы Сенат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді: Сенат депутаттығына кандидаттарды, олардың сенімді өкілдерін тіркеп, сәйкес куәліктерді тапсырады; бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тіркеу туралы хабарлама жариялайды.

Қаланың сайлау комиссиясы дауыс беруге арналған орын дайындап, кабина мен урналардың жасалуын қамтамасыз етеді. Дауыстарды санап, оның қорытындысы жазылған хаттамаларды Орталық сайлау комиссиясына, Сенат депутаттарын тіркеу үшін тапсырады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button