Мәдениет

Түрлі ойларға жетелейтін триптих



Күні кеше ғана 15 жылдығы мен театрдың негізін қалаушы, бас режиссері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың 75 жас мерейтойын атап өткен Астананың «Жастар» театры босаңсымай, тағы бір премьера ұсынды. «Мұң» триптихі қазір өте өзекті отбасылық өмір, ері мен әйелінің қарым-қатынасы жайында сыр шертеді.

Лидия Егембердиеваның «Жалғыз­дық», Аягүл Мантайдың «Мұң» және Әлішер Айтуардың «Иллюзия» атты әңгімелерінен құралған спектакльдің қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай.

Кәрі қыздар мәселесі қазіргі қоғамда көп көтеріледі. Қойылымның бірінші көрінісінде оқу оқып, жұмыс істеп, отырып қалған қыз­дың «неге бұлай болды?» деген ойлармен таңды көз ілмей атыратыны беріледі. Меңіреу тыныштық басқан бөлмеде бір кезде қабырғалас көршінің аяқ дыбыстары естіледі. «Оның кім екенінен әсте хабарым жоқ. Бірақ енді маза кетті дей бер. Жасы ұлғайған қарт па, әлде жанға батқан дерт пе, әйтеуір беймезгіл шақта тықылдатып жаныңды жегідей жейді» дейді кейіпкер.

Сол қабырғалас көрші отбасылық өмірде жолы болмай, ажырасып кеткен жігіт екен. Қыз оны танымаса, ер адам керісінше сыртынан ғашық болып жүр екен. Кейін екеуі танысып, қос мұңлық табысқандай болады. Жалғыздарда «екі жарты – бір бүтін» боламыз ба деген үміт оты жарқ ете қалады. Осылайша екеуі келер күндерге үмітпен қарайды.

Өмірден ерте өткен жазушы Аягүл Мантайдың «Мұң» әңгімесінде жүректі шым еткізер көрініс­тер көп. Ал Әлішер Айтуардың «Иллюзия» шығармасы былтырғы «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауында жылдың үздік драматургиясы болып танылды. Спектакльдегі кейіпкерлерді бар болғаны «Жастардың» жеті әртісі – Данияр Оразаев, Айым Жүсіпбекова, Елдос Шайкенов, Наурыз Сабағатова, Саида Мақсұмова, ­Ләззат Қуанышова, Алмат Тұрлықожа әсерлі сомдап шықты.

Спектакль аяқталғанда Абай атындағы халықаралық мәдениет орталығының директоры Едіге Қожахмет және Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының төрағасы Аслан Ғафуров қойылым толқытқанын атап өтіп, Нұрқанат Жақыпбайды мерей­тойымен құттықтап, ­сый-сыя­пат жасады. «Абай» медалімен марапаттады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button