Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғындар талабы да, тілегі де ескеріледі



Елорда әкімдігі «Астана – жайлы қала» бағдарламасын жүзеге асыра бастағалы тұрғындармен кездесіп, шешімін күткен өзекті мәселелерді анықтап алуды дәстүрге айналдырған. Бұл бағытта қаланың Қоғамдық кеңесі белсенділік танытып, елорданың әрбір ауданында, тұрғын алаптарында болып, түйткілді мәселелерді алдын ала анықтап, мәслихат пен әкімдіктің қарауына ұсынады.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері елорданың тұрғын алаптарын аралап, 15 қараша­да өтетін қоғамдық тыңдауға осы елді мекендердегі мәселелер бойынша ұсыныс жинауда. Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр аудандарына қарасты тұрғын алаптардағы рейдтерге, аталған кеңес мүшелерімен қоса, қалалық Білім, Құрылыс, Жер қатынастары басқармалары және аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

13 қарашадағы кезекті рейд кезінде Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов бастаған топ Сарыарқа ауданының Агроқалашық, Көктал-1, 2 және Байқоңыр ауданының Өндіріс, Кирпичный алаптарын аралап, белсенді тұрғындардың пікірін тыңдады және елді мекендердің бүгінгі таңдағы өткір мәселелерін білді.

Алдымен бет бұрған Агроқалашық алабындағы ең өзекті мәселе – көше қиылыстарындағы электр сымдарының салбырап тұрғаны және олардың ескі болуы. Аталған алаптың белсенді тұрғыны Светлана Николаевна әкімдік тарапынан көгалдандыру, жарықтандыру, жол салу бойынша нәтижелі жұмыс жүргізілгеніне алғысын білдіре келе, әлі де бірқатар шешілмеген мәселе туралы баяндады.

– Көріп тұрғаныңыздай, К.Байсейітова мен Оқжетпес көшелерінің қиылысында ескі бағаналардың электр сымдары салбырап кеткен. Ол көрген көзге, көше сәнін бұзғаннан бөлек, қауіпсіздікке де нұқсан келтіруде. Оларды, жоғары көтеруден бөлек, жаңарту мәселесі өткір тұр. Бағаналарды ауыс­тыратын уақыт болған. Одан бөлек, қазір алапта 7 көшеде жарық жоқ. Тұрғындар жарық жиі өшеді деп шағымданады. Сәл жел тұрса, ауа райы қолайсыз кезде жарық өшіп қалады. Газ қазандықтары бізде электр энергиясымен жұмыс істейді. Әрине, сосын тұрғындар шағымдана бастайды, себебі өздері жұмысқа кеткенде үйде қалдырып кететін бала-шағасы газ сөнсе, ештеңе істей алмайды. Барлық бағана ескі. Оның үстіне жер-жерде үзілген сымдар көп жатады. Бұл тұрғындар өмірі үшін өте қауіпті. Әсіресе мектепке жалғыз баратын балалар үшін қорқамыз, – дейді тұрғын алап белсендісі.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Медет Жалпы­баевтың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары теміржол салынғанда тұрғызылған бұл бағаналар ЭЧ-8 мекемесіне қарайды. Оны толық АРЭК, яғни Ақмола электр желісін тарату компаниясы құзырына бермей, қайта құруға, жөндеуге ақша бөлінбейді. Қазіргі таңда осы мәселе қаралуда. Одан әрі тексеруші топ Көктал-1 тұрғын алабындағы Urban College алдына келіп, оқу орнының ашылғанына 10 жыл болса да, алдында аялдама жоғын, студенттер басқа көшеге ұзақ жүріп барып, автобусқа мінетінін білді.

Көктал-1 тұрғын алабы бо­йынша мәселе өте көп екен. Мәселен, кәріз суының қалдықтары «Шарапат» орталығы маңындағы Есіл өзеніне төгіліп жатыр. Мұнда судағы күкірт­сутектің артық мөлшері 45 есе, ауада 5 есе боп кеткен. Бұл деректі биыл 1 ақпанда Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының өкілдері анықтаған болатын. Жол бойында Есіл өзеніне белгісіз су ағып жатқан құбырды көрген олар «Қазгидро­мет» және СЭС өкілдерімен бірлесіп, жедел түрде комиссия тексеруін ұйымдастырып, су мен ауа сынамалары алынған. Химиялық талдау нәтижелері бойынша ауада күкіртті сутегі қалыпты көрсеткіштен 12 есе, әсіресе желді күндері, ал суда 23 есе асып кеткен.

Қазіргі таңда «Астана су арнасы» мекемесі Д.Бабатайұлы-Н.Тілендиев көшелерінің қиылысына орналасқан №179 сорғы стансасына сүзгілер қойып, желдету жұмысын жүргізген. Еңлік-Кебек көшесінде орналасқан №6 сорғы стансасына сүзгі орнату келер жылға жоспарланған. Одан бөлек, құбырдан тұндырғышқа де­йін бөлек арна салу жұмысын жүргізу қажет.

Денсаулық сақтау нысандарын сумен, газбен жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, сумен қамту бойынша биыл 2 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта Н.Тілендиев даңғылының бас коллекторына жоғары қысымды кәріз бойынша құбырлар тартылуда. Бүгінде 3,2 шақырымының 1,7 шақырымы аяқталған. Одан бөлек, су айдау станциясы алаңында сыйымдылығы 200 текше метр болатын екі монолитті темірбетон резервуарлардың қаңқасы тұрғызылып, төбесі жабылды. Ал газбен жабдықтау желілерін жобалау және салу бойынша биыл жобалау жұмысы жүргізілді, енді ЖСҚ дайындап, жүзеге асыру қажет.

Тұрғындар ­көтерген мәселенің бірі – Сұлукөл көшесіндегі «Ақ отау-1, 2», «Көктем» тұрғын үй кешендерін жылумен жабдықтау. Астана қаласының Отын-­энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Н.Тілендиев даңғылының оңтүстігіндегі (Сұлукөл к-сі, Шұғыла к-сі) бірқатар тұрғын үйді жылумен қамту желілерін салу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмысының сомасы – 377,7 млн теңге. Өтінім биыл мәслихат сессиясында қаралып, жұмыс бірінші жартыжылдықта басталды

Тұрғындар көтерген мәселенің бірі – Сұлукөл көшесіндегі «Ақ отау-1, 2», «Көктем» тұрғын үй кешендерін жылумен жабдықтау. Астана қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Н.Тілендиев даңғылының оңтүстігіндегі (Сұлукөл к-сі, Шұғыла к-сі) бірқатар тұрғын үйді жылумен қамту желілерін салу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмысының сомасы – 377,7 млн теңге. Өтінім биыл мәслихат сессиясында қаралып, жұмыс бірінші жарты­жылдықта басталды.

Д.Бабатайұлы көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан барак үйлерді (10 пәтер) бұзу 3 кезеңге бөлінген. Одан бөлек, Көктал-1 тұрғын алабында осы 3 кезеңге енбеген 12 апатты үй (115 пәтер) бар. Олар – ­Д.Бабатайұлы, Титов, Қайыңды, Ақсу, Алмалық көшелерінде. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында 25 көшені жарықтандырудың жобалық құжаттамасы әзірленуде. Мұнда Көктал-1 ауылынан 8 көше бар. Олар – Бәсіре, Шамшырақ, Найзақоңыр, Алдаспан, Сәйгүлік, Шортанбай ақын, Абайға 150 жыл және Өркен көшелері. Бірақ қалалық Жылу-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы жобалау жұмысын іске асырып жатқан жоқ.

Көктал-2 ауылында жауын-­шашынға арналған кәріз жүйе­сін іске қосу мәселесі сөз болды. Ол үшін Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Елорда экожүйелері» компаниясымен бірлесіп, қолданыстағы кәріз желісін Ұлытау көшесі арқылы Н.Тілендиев даңғылы бойымен өтіп жатқан орталық желіге апарып қосуы керек екен. Ал газ құбыры бармай қалған 9 мекенжай бойынша ОЭКж/еКШБ «Диас Проект» ЖШС жобалау ұйымымен 22,4 млн теңгеге келісімшартқа отырған. Бүгінгі таңда бұл жұмыстың 35 пайызы орындалыпты. Алап тұрғындары көтерген тағы бір маңызды мәселе – қаңғыбас ит-мысықты қамап ұстайтын тәлімбақты көшіру. 2019 жылы Н.Тілендиев даңғылы мен ­№20-1 көшелерінің қиылысында жер көлемі 3000 га, құрылыс алаңы 3920 ш.м болатын жаңа заманауи тәлімбақ салынған болатын. Қазір онда 3000-нан астам ит пен 200-ден астам мысық бар.

Ауылды аралау барысында одан да өзге көтерілген мәселе көп болды. Оқжетпес көшесін Көктал көшесінен Баршын көшесіне дейін жалпы ұзындығы 1,5 км болатын қашықтыққа созу мәселесінде Кж/еЖКИДБ-ның жол салу жобасын реттеу керек екендігі айтылды. Н.Тілендиев даңғылының Ш.Бейсекова көшесінен Баршын көшесіне дейінгі екі жағына, жалпы ұзындығы 9,2 км болатын жерге жаяу жүргіншілер жолының төсемтасын қайта төсеу керек. Ал бұл аралықты Сарыарқа даңғылынан алып есептегенде шамамен 800 миллион теңге қажет екен. Мұндағы жалпы ұзындық 12 км болмақ. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Медет Жалпыбаевтың айтуынша, Ұлытау-Наурыз, Құсмұрын-Қайнар, Арқалық-Ұлытау, Наурыз-Ұлытау, Арқалық-Қайнар, Көктал-«Пайда» дүкені және Ұлытау-Баршын көшелерінің қиылысына 7 бағдаршам орнату қажет. Әйтсе де Астана қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы ұсынылған аумақтардағы көлік және жаяу жүргіншілер ағынына талдау жүргізіп, бағдаршам орнату шартына сәйкес келмейтінін анықтаған. Аталған көшелердің бірқатарына жасанды кедергілер, жол белгілері ғана орнатылған.

Сондай-ақ жол телімдері, көшелер мен әлеуметтік нысандар, қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларын орнату жұмысының барысы тексерілді. Бұл жұмыс өткен қыркүйек айында аяқталған. 11 мекенжай бойынша 47 камера қойылған екен. Ал телекоммуникациялық ағаш бағаналарды ауыстыру «Қазақтелеком» АҚ-тың инвестициялық бағдарламасы аясында 2024 жылға жоспарланған. Жалпы саны 300 бағана алмастырылады.

Көкталдықтар бұған дейін құрылысы сапасыз болғандықтан үйлерінің суық екеніне шағым айтқан еді. Олар – Н.Тілендиев даңғылы, 38-үй тұрғындары. Тапсырыс беруші – «ROMUL» ЖШС, бас құрылтай – «KazStroyRegion» ЖШС 2021 жылдың 14 қыркүйегінде пайдалануға берген нысанның еден-қабырғасы ызғар тартып тұрған. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде «ROMUL» ЖШС қабырғаларды жылытқыш материалдармен оқшаулау, пластик терезелерді реттеу және герметикалық резеңкелерді ауыстыру жұмысын жүргізді.

Байқоңыр ауданындағы Өндіріс алабында ысыруға жіберілетін үйлер мәселесі бар. Жол мен тротуардың жоғы да тұрғындар тарапынан сөз болды.

– Бәріне ортақ мәселе – жарықпен қамтамасыз ету, жер үйлердегі электр бағаналары және сымдарының жел мен жаңбырлы күні тұйықталуы, соның кесірінен жарық сөніп қалуы. Бұл жердегі тұрғындардың үйлерінің көбі газға қосылған, оның жұмысы электр желісімен тікелей байланысты. Жалпы Астана қаласының өзінің дамуы бойынша Бас жоспары бар, соған сәйкес қала дамып келе жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың орталығы мен шет аймақтардағы сәйкессіздікті жою – басты мақсат. Мәселелер бар, соны әкімдікке қарап отыра бермей шешу керек. Жарықтан басқа кәріз жүйелерінің ескіргені және кей жерлерде жоғы да өзекті жайт. Көбінде септик тұр, оның экологияға зияны бар, – дейді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов.

Өндіріс алабында кеңес кезінен келе жатқан теміржол өткелі бар, әрі-бері халық сол жерден өтеді, бұл проблема 1-2 жылда шешілуі тиіс, себебі Ш.Бейсекова мен әл-Фараби көшелерінде айналма жол салынып жатыр.

– Одан бөлек, бұл жердегі үйлер өткен ғасырдың 60-жылдары салынған, олардың бәрі ысырылады. Халық көптен күтіп жүр. Тұрғын үй басқармасы бойынша ысырылатын үйлер тізіміне осы алаптан 86 үйді кіргізгелі жатыр. Халық рұқсатын беріп отыр. Олардың орнына шаршы метріне сәйкес қала ішінен үй тауып беруі керек, – дейді аталған кеңес мүшесі, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.

Кирпичныйда көптен келе жатқан мәселе – мектептің жоғы. Бұрын құрылысы басталған №12 мектеп салынып бітпей жатыр. Бірінші мердігер құрылысты уақытында аяқтамай, екіншісі жалғастырған. Жалпы аумағы 350 га алапта 5,5 мыңдай халық тұрады. Жолдарға толықтай тасжол төселген. Мектептен бөлек, алғаш рет жаңа балабақша да салынуда. Екеуі де келесі жылы пайдалануға беріледі. Рейд барысында анықталған мәселелердің бір парасы осындай.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button