Руханият

Тұтас бір буынның ұстазы



Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, баспасөздегі тұтас бір буынның ұлық ұстазы Ержұман Өтешұлы Смайыл арамызда болғанда 75 жасқа толар еді.

«Қазақ баспасөзінің сайып­қыран сардары Шерағаң – айбыны биік Шерхан Мұртаза ағаның, Алаштың айбозы Әбіш Кекілбайұлының, өзге де өрен жүйріктердің айнымас серігі болған, өзі де өзіндік болмысымен жұртқа танылған Ержұман Смайыл аға ел газетін екі рет басқарған, «Егеменнің қара нары» атанған Ер-аға еді» деп сол кездегі қара шаңырақ басшысы, бүгінгі министр Дархан Қыдырәлі Ер-аға өмірден өткенде берген әділ баға, дәл айтылған ұғым дерсің. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов, Еркін Қыдыр, Дархан Қыдырәлі, бүгінгі Дихан Қамзабекұлының қай-қайсысы болсын ұлтының мұңын айтты, елінің сөзін сөйледі. Ал енді аға газеттің сайдың тасындай, ылғи өрен жүйріктерінің қатарына көз салып, самсаған қалың шоғырға көзің түскенде жоғарыдан төменге қарай ойысасың. Әрбірінің атынан ат үркетін, жазғандары жолда қалмайтын бәйгенің алдын бермес сәйгүліктер қатары жылдар сілемінде қоюлана, қалыңдана берді. Жазғандары – ел, жер, халық, ұлт тағдыры. Материалдарында қылаудай артық тіркес, оғаш тұрған сөз жоқ. Жан-жағы жұмырланған, ішіне енсең жүрегің жылып, бойың мен ойың тіктеліп, жан дүниең жарқырай жөнеледі. Ол кімнің мектебі? Әрине, алдымен басшының кірпияздығы мен қаталдығы, адуындылығы мен алғырлығы, көрегенділігі мен көргендігі. Олардың әрбірінің тасқа басылып, тарихқа енген мақалалары – бүгін де көзі қарақты оқырмандар жадында.

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алған журна­листика нөпірінде 70-жылдардың бел ортасында қатарға тұрған көзі тірі түлектер бүгінде қатардан қалыс қалмай, ел мен жер, ұрпақ пен ұлыс дегенде жүрегін жұлып берердей халге түсетіні жасырын емес. Ен байлықтың үстінде отырып, кедейшіліктің қамытын киген халқын көргенде, өкініштен өзегі өртеніп, темір торға қамалған арыстанша аһ ұрады. Ұрпағының бүгінгі бейнесін, ана тілін ұмытқан қара көздерін көргенде жүрек тоқтайтындай хал кешеді. Амал не, әр заман өз дегенін жасайды. Заман өзгерді, адам да өзгеріп, жаңа кезеңге ыңғайласты. Айтып қалған тіл, қалам ұстаған қол тыпыршып, уыста тұрмайды. Айт, жаз, естірт дейді. Айтпайды емес айтады, жазбайды емес жазады-ау! Алайда соған бір мәу дейтін пенде табылса! Сонда да жүрек соғысынан, қол жазбасынан танбайды.

Бүгінге дейін ес білетініміз Ер-аға арамызда арсалаңдап, ағалық ақылын айтып, еркелеп, еркелетіп жүргенде ғой дейміз! Бүгінде өзгеміз түгелге жуық 70-ті де өткізіп тастадық. Алайда тірі жанға «өмірден өту» дегенге көнбеске амал бар ма?! Жетпісін желпілдетіп тойламай, өзі «Жоқ. Жетпісті тойламаймыз деп шештік. 75-ке келейін, сонда Жақан екеуміздің үйленгенімізге де 50 жыл толады, сонда бір керемет той болады» деген ұлы дүрмек тойын дәл бүгін көзі тірі болғанда халқы, елі «хан көтеріп» тойлар еді ғой. Амал не, «жазмыштан озмыш жоқ» деген пәлсапа бекер айтылмаса керек! Адамзаттың мәңгілік өмір шаһарында да сіз секілді ақпарат айдынына «қайыспас қара нардай» бір пенде керек болған шығар деп көңіл жұбатамыз!

Құдайберген ТҰРСЫН,

филология ғылымдарының докторы, профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button