Мәдениет

Туристерді қуана қарсы алады



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет қазақ­стандық экскурсия жүргізушілерінің форумы өтті. Елімізде бірінші жыл өткізілген іс-шара дүниежүзілік экскурсия жүргізушілерінің күніне орай ұйымдастырылды.

21 ақпан – дүниежүзілік экскурсия жүргізушілерінің күні. Айтулы мерекені елімізде алғаш рет атап өтті. Аталмыш жиынның өтуіне Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Астана қаласының әкімшілігі және Еуразия ұлттық университеті ұйытқы болды. Форумда Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар және Көкшетау қаласының туризм саласының мамандары, 100-ден астам экскурсия жүргізушілері, мұғалімдер мен студенттер бас қосып, осы саладағы өзекті мәселелер туралы талқылады.

Іс-шараны ашқан Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев туризм саласы мамандары қызметінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі үздік гидтерге министрлік атынан алғыс хаттар табыстады. Ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары  Даниел Сержанұлы еліміздегі барлық экскурсия жүргізушілерінің тізімін арнайы ұлттық порталда тіркеп, сала мамандарының қызметін одан әрі жетілдіру бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Форумда «Астана даму орталығы» ЖШС Туризм және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова елорданың туристік әлеуеті жайында сөз қозғады.

«2024 жылы Астанаға 1,4 миллион турист келуі жоспарлануда. Оның ішінде ұшақпен қатынайтын жолаушылар қатары 8,5 миллион болса, ал теміржолда жолаушы ағыны – 7,1 миллион адам. Елордада туризмнің іскерлік, медициналық және қалалық демалыс бағыты қарқынды дамуда.  Ресей, Түркия, Қытай, Германия және Өзбекстан мемлекеттерінің туристері осы мақсатта бас қалаға жиі келеді.

Елорданың пайдалы инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, қалада құрылған жаяу жүргіншілерге бағдарлау­дың бірыңғай жүйесі – негізгі элементтердің бірі. Қала қонақтары мен тұрғындары 108 навигациялық тірек пен 138 белгі арқылы елорда бойынша бағыттарды оңай құрастыра алады және қаланың көрікті жерлері, сондай-ақ қалалық қызметтердің барлық қажетті байланыстары туралы үш тілде ақпарат алады. Сонымен қатар CityPass туристерге арналған бірыңғай картасы арқылы астананың 11-ден астам нысанына арнайы белгіленген баға бойынша еркін кіруге болады. Мобильді қосымшаны экскурсия жүргізушілері туристерге ұсына алады. Астанада саяхаттауға тиімді тағы бір мобильді қосымша – izi.TRAVEL. Оған кез келген турист қаланың бірқатар көрікті жерлерінің маңдайшаларында көрсетілген QR кодын пайдаланып кіре алады. Халықаралық платформада орналастырылған 167-ден астам қалалық нысандар туралы аудиоэкскурсиялар көпшілікке қолжетімді, ақпарат алты тілде беріледі.

Биыл 105-ден аса мәдени, 50-ден көп іскерлік, 25-тен аса спорттық бағыттағы іс-шаралар мен 50-ден көп оқиғаларды бас қалада өткізу жоспарлануда. Оның ішінде биыл өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елордалық туризмнің барлық бағытының дамуына игі әсер ететін ең айтулы оқиғаның бірі болмақ. Жаһандық жарысты тамашалауға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Жыл сайын экскурсия жүргізушілері біліктілікті арттыру бойынша арнайы бағдарламалардан дәріс алады. Мәселен, былтыр Астана қаласы бойынша 150-ден аса гидтер мен 60-қа жуық қонақүй, мейрамхана және медициналық ұйымдардың қызметкерлері біліктілігін арттырды» деді өз сөзінде О.Абельдинова.

Жиынға қатысқан өзге де спикерлер еліміздегі турис­тік бизнесті дамыту, балалар мен қалалық туризмнің маңыздылығы және экскурсия жүргізушілері мамандарын университет қабырғасында жүйелі оқыту мәселелерін қозғап, бұл форумды жыл сайын республиканың өзге де өңірлерімен бірге ұйым­дастыруды ұсынды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button