Ел тынысы

Туризмді дамытудағы медианың рөлін талқылады



Қазақстанда ішкі туристер саны былтырғы көрсеткіш бойынша 8,9 млн  адам болды. Ал сыртқы туристер санына келсек, жылына 7,5 млн шетелдік шекарадан өтеді, бірақ қонақүйлерге түнеп шыққандары ғана ресми турист ретінде саналып, олардың саны 1,5 млн турист деп есептеледі. Еліміз бен дамыған шетелдердегі туризм мәселесі мен оның медиа тарапынан насихатталуы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өткен  І Халықаралық туризм және медиа форумында  талқыланды.

Ауқымды іс-шараның өтуіне “Түркітілдес журналистер қоры” қоғамдық қоры мұрындық болып, Алматы облысының әкімдігі бастаманы басынан аяқ жүзеге асырды. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі форумның ойдағыдай өтуіне қолдау білдірді. Форумға Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Түркия Республикасы Солтүстік Кипр, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден 200-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында – мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық және отандық БАҚ басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, журналистер, баспасөз хатшылары, PR-менеджерлер, туризм саласының мамандары болды.  Форумның мақсаты – медиа және туризм саласындағы жаңа үдерістерді ескере отырып, тәжірибе алмасу, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, өзара тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, журналистер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту.

Форумның ашылуына қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туризмді дамытуда БАҚ-тың маңызы зор екенін атап өтті.

-Туризм индустриясы БАҚ-пен, ал жаңа медиалар – әлеуметтік желілермен тығыз байланысты. Желіге туристік нысан туралы көп ақпарат тараса, сонша көп адам көріп, туристік орындарға келеді деген сөз. Сондықтан да туризмді дамытуға сеп болатын медиа құралдарды дамыту маңызды, – деді облыс әкімі. Марат Елеусізұлы Алматы облысы бойынша туризмнің дамуын, ішкі инфрақұрылымдық жүйелерді талапқа сай ету жайлы, сондай-ақ облыс аумағындағы Көлсай, Іле өзені, Хантәңірі, Көлсай көлдер жүйесі, Қайыңды, Түрген сайларына туристерді тартудың маңыздылығына да тоқталды.

Іс-шараға арнайы қатысқан еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөзінде туризм саласын дамыту мен туған жердің табиғатын насихаттаудағы ақпараттық қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Медиа саласы мен туризмді бір арнаға тоғыстырған бұл форум осы тарихи кеңістіктің мүмкіндіктерін одан сайын айшықтап, жалпақ жаһанға таныстыруда терең мәнге ие болатынын жеткізді. Ал форумның негізгі бастамашысы, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризмнен былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларға жеткенін айтты.

-Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл алғаш рет осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Шетелге шығу жақсы, бірақ, Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын, – деді қор президенті.

Медиа форумның бірінші отырысы «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндігі» тақырыбында өтті. «Қазақстандағы медиа және туризм» тақырыбында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев баяндады.

-Қазіргі таңда Қазақстан туризмі 4 негізгі бағыт, яғни «4E»   бойынша дамытылуда. Атап айтқанда, бұл бағыттар – Eco, Ethno, Entertainment, Events деп аталады. Eco деген – бұл ұлттық парктер, қорықтар. Ethno деген – ұлттық мәдениетіміз, көрнекті тарихи ескерткіштеріміз. Entertainment  деген –  мейрамханадар мен қонақүйлер қызметі. Ал Events – халықаралық деңгейде өткізіліп, шеттен қонақтар тартатын, мәселен, ЭКСПО-2017 сияқты түрлі ауқымды іс-шаралар өткізу.              Туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қазіргі таңда туристер тартуда басты назар тек Алматы, Астанаға ғана емес, Түркістан, Шымкент, Маңғыстау, Ұлытауға да аударыла бастады. Сонымен қатар Жапония мен Корея азаматтары тарапынан Байқоңырға сұраныс жоғары, – деді басқарма төрағасы.

Аталған халықаралық форумда сөз алғандар көптеген қиындықтарға қарамастан туризм саласының Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі үлесі 6,3 пайызды құрайтынын атап өтті. Бұл ретте жылына қыруар қаржы бөлінетін ауылшаруашылық саласының ІЖӨ-дегі үлесі 5,2 пайыз. Сонымен қатар әрбір он сегізінші қазақстандық туризм саласында жұмыс істейді. Сондықтан форум қатысушылары туризм – халықтың табысын арттырудың басты жолы және ел экономикасының болашағы деп санайды.  Осы орайда тек басты мәселе – қолжетімді туризмді дамыту болып отыр.

Қазақстанда ішкі туристер саны былтырғы көрсеткіш бойынша 8,9 млн  адам болды. Ел ішінде жазда Алакөлге сұраныс жоғары және қазақстандықтар көбіне жазда 5 ұлттық парк бар, табиғаты тамаша Алматыны жағалайды. Күз бен көктемде жылы ауа-райы ұзақтау Ақтау мен Түркістанға барады. Ал сыртқы туристер санына келсек, жылына 7,5 млн шетелдік шекарадан өтеді, бірақ қонақүйлерге түнеп шыққандары ғана ресми турист ретінде саналып, олардың саны 1,5 млн турист деп есептеледі. Сыртқы туристер жақын шетелдердің ішінде Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстаннан көп келсе, алыс елдердің ішінде – Туркия, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы және АҚШ-тан жиі ат басын бұрады.

Осы отырыс аясында одан әрі сөз алған «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбында Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы кеңесшісі Алпарслан Акынджы сөз сөйледі. Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева  «Орталық Азиядағы экотуризмнің келешегі» тақырыбын көтерді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев  «Алматы облысындағы туризмді дамыту бағдарламасымен» таныстырды.

Екінші отырыс тақырыбы –  «Медиа. Pr және туризм индустриясы» деп аталды. Соның барысында «Молдова-1» қоғамдық телеарнасы әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы жобалар бас редакторы Людмила Барба «Мемлекет, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар: туризмді дамытудағы синергия» мәселесі жөнінде айтты. Ал «Франциядағы этикалық медиа, идеологиялық медиа және туризмге ықпалы» жөнінде «COJEP International» президенті Али Гедикоғлұ мәлімет берді. Әзірбайжаннан келген Аида Ейвазлы  «Түркі мемлекеттерінің мәдени-тарихи құндылықтарын насихаттауда туризм мен медианың рөліне» тоқталып, «Еуразия мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қоғамдық қорының директоры Ахмет Түзүн «Әлемдік спорт туризмі және Қазақстан» тақырыбында пікір білдірді. Сонымен қатар  «Туризм индустриясындағы PR қызметінің ерекшеліктері» туралы «PRшы» Қазақстандық PR мамандары клубының президенті Шынар Жәнібекова айтып берді.

Форумның үшінші отырысы «Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе» тақырыбын арқау етті. Бұл отырыста  «Жасанды интеллекттің журналистика мен жаңа медиаға ықпалы» туралы Ұлыбританиядан келген «Avrupa Media Holding» президенті Ватан Өз баяндама жасап, «Жасанды интеллект пен медиа: тәуекелдер мен мүмкіндіктер» жайында түркиялық TGS Академиясы Білім беру департаментінің директоры Орхан Шенер Делиорманлы мәліметтер берді.  «Neo Al» құрушысы, диджитал маркетинг маманы Айдын Мауытхан  «Нейрожүйелер мен жасанды интеллект» туралы тың тақырыптарды талқылады.  «First/DASM» атқарушы директоры Нұрмұхамед Ибраев  «Нейрожүйелер арқылы қазақ контентін қалыптастыру» жайын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Үш күнге созылған форум аясында барлық қатысушылар Алматы облысының аумағындағы Шарын шатқалы, Көлсай көлі және Түрген шатқалындағы «Аюлы» сарқырамасына саяхатқа шықты.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button