Әлеумет

Үміт пен демеу орталығы



Ерекше қажеттіліктері бар балалар қоғамның қолдауын қажет етеді. Өздерін қоршаған ортаның кішкентай бір бөлшегі ретінде сезіну олар үшін аса маңызды. Көптеген орталық пен ұйымның осы мәселеге жіті көңіл бөліп, әлеуметтік сұрақпен айналысуы «ерекше» балалар мен ата-аналарға үміт сыйлайды. Осындай орталықтың бірін астаналық кәсіпкер Ботагөз СҰЛТАНОВА ашты, бүгінде «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры 2000-нан аса баланың оңалуына септесіп келеді.

2019 жылы ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған жүздеген ата-анадан тұратын бастамашыл топ құрылды. Тұрғын үй, жәрдемақы секілді бірқатар мәселені көтерген олар әлеуметтік осал топтан шыққан қазақстандықтарға көмектесуді қолға алды. Әлеумет мүддесі үшін күрескендердің қатарында Ботагөз Сұлтанова болып, кейін өзі де жеке қор ашуды ұйғарады. Түрлі диагнозы бар балаларға қол ұшын созып келе жатқан «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры осылайша 2020 жылы ашылды. Елордада 4 жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан орталық ересектер мен балаларға оңалту қызметін ұсынып, ерекше тағдыры бар 720 отбасының басын қосып отыр. Оларға азық-түлік себеті, білім беру құралдары, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту секілді түрлі материалдық, әлеуметтік, білім беру және психологиялық көмек көрсетіледі.

«Орталықты ашудағы басты мақсатым – астаналық отбасыларға демеу болып, әр бала бақытқа лайық екенін сездіру» деген кейіпкеріміз Ботагөз Сұлтанова – өзі де Әділ есімді «ерекше» бала тәрбиелеп отыр­ған қайсар ана. 2,5 жасында онкологияға шалдыққан ұлының ем-дом шараларымен талай жерде жүріп, талай қиындықпен кезіксе де, тағдыр тәлкегіне еш мойымады. Жүзу, шет тілін үйрену, бағдарламалау сабақтары мен тарих пәнін сүйіп оқитын Әділ үшін анасының қамқорлығы мен мейірімі – ең маңыздысы. Сөзінше, анасымен бірге таңертең жүгіру күнді сәтті бастауға ерекше сезім сыйлайды.

«Ерекше бала тәрбиелеп отыр­ған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде де оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Елордадағы «Бақытты шаңырақтың» әр орталығына келетін ата-ананың тілегі де сол. Орталықта БЦП, аутизм, Даун синдромы және жүрек талмасы секілді диагнозы бар балалар үшін педагогикалық түзету қарастырылған. Логопед, дефектолог, психолог мамандардың оқыту сабақтары мен психологиялық қолдауы ұсынылады. Балаларды оңалтып қана қоймай, ата-­аналарды да әлеумет өміріне етене араласуға шақырамыз. Шыны керек, мұндай отбасылармен жұмыс істеу қиын. Үміті үзіліп, жетеріне жете алмай, тауы шағылып, жігері үгіліп жататындар бар. Материалдық жағдайы төмен отбасыларды қолдауда ата-аналарға жұмысқа тұру мүмкіндігі беріледі. Одан бөлек, қордың басты міндеті – заңнамалық деңгейде мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасының құқығын айқындау. Тұрғын үймен қамтамасыз етіп, берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту үшін мемлекеттік органдармен үнемі байланыста болып, өз мүддемізді қорғаудан шаршаған емеспіз. Сондай-ақ қоғамда балаларды денсаулығына қарай бөліп қарау бар. Меніңше, әр адам бірдей мүмкіндік пен құқыққа ие. Бұл мәселені шешуде біз ата-аналармен ұйыса отырып, тең құқық үшін күресіп келеміз» деп бөлісті Б.Сұлтанова.

Кейіпкеріміздің бастамасы арқасында қазірде Астанада «Бақытты отбасы» бағдарламасымен мыңдаған отбасының тұрғын үй алуға байланысты өтініші мақұлданды. Бұл – «Бақытты шаңырақтың» бір ғана жемісі. Орталықта көп ата-ананың алғысын алып, отбасылардың бір-бірімен аралас-құраласып, 800-дей «ерекше» баланы қамтып, жүздеген баланың құрдастар қатарына қосылуына себепкер болған Ботагөз Сұлтанова үшін баласы бар үй – бақытты шаңырақ.

 

 


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button